Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Аз сөйле, көп тыңда

0 35

Тiл Алла Тағаланың пенделерiне берген ұлық нығметтерінің бiрiне жатады. Аузымызға кішкентай ғана болып сиып тұрғанымен, яғни көлемi кiшкентай болғанымен, үлкен қызмет атқарады. Бұл дүниеде адам баласының иманды немесе имансыз екендiгi тiлдiң куәлiк беруi арқылы мәлiм болады.

Алла Тағаланың бар екендiгiн адамдарға анық дәлелдермен түсүндiруде тiл бiздерге жәрдем бередi. Тiлдiң жәрдемiмен түрлi iлiмдердiң қыр-сырын оқып үйренемiз. Бұндай қасиеттер тек тiлге ғана берiлген. Мысалы көз көрген, құлақ естiген нәрселердiң қандай екендiгiн тiлмен айтып жеткiземiз. Денедегi барлық мүшелер белгiлi бiр шектеумен шектелген, яғни көз мың немесе екi мың шақырым жерге жетуi мүмкiн. Сол сияқты қолдың да құлақтың да белгiлi бiр шекарасы бар. Ал тiлдiң өрiсi болса өте кең. Егер тiлдi қадағалап, сөзге есеп берiп тұрмаса, оған шайтан араласып иесiн жамандыққа жетелеуi мүмкiн. Тiлдiң нәтижесiнен адам баласы тозаққа түседi. Тiлiн шариғат жүгенiмен жүгендеген, екi дүниеге де пайдасы бар сөздердi сөйлеген адам ғана бұндай жамандықтан құтыла алады. Адам баласын көп жағдайда бақытсыздыққа күнә iстерге душар ететiн нәрсе ол – тiл. Сондықтан да адамдарды жолдан адастырудағы шайтанның аспаптарының ең үлкенi тiл болып саналады. Сол себептi шариғатымыз тiлдi қалай болса солай сөйлеуден сақтауға шақырады. Пайдасыз сөз сөйлегеннен гөрi үндемей тұруды дәрiптейдi. Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Кiмде-кiм сөйлемей тыныш тұрса бәледен құтылады», – деген. Және бiр жерiнде: «Тiлiне сақ болып тыныш тұру даналық. Бiрақ, бұны түсiнiп амал етушiлер аз», – деген яғни, тiлiне ие болып тыныш тұруда ақылдылық және сақтық бар деген.
Абдулланың әкесi Суфян деген сахаба айтады: «Мен Пайғамбарымызға с.ғ.с.: «Уа, Алланың Елшісі! Маған, сiзден кейiн басқа еш кiмнен сұрамайтындай исламнан бiр iстi көрсетiңiз» дедiм. Сонда Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Аллаға иман келтiр, соң ол иманыңда мықты тұр», – дедi. Мен: «Қайсы нәрседен сақтанайын?» – дедiм. Сол уақытта Пайғамбарымыз с.ғ.с. қолы мен тiлiн көрсеттi, яғни тiлiңе ие бол», – дедi.
Ардақты Пайғамбарымыз с.ғ.с. үмбеттерiнен тiлiне сақ болған адамның жәннатқа кiруiне кепiлдiк берiп: «Кiмде-кiм маған тiлi мен екi аяғының арасындағы нәрсенi жамандықтан сақтауға кепiлдiк берсе, мен де оған жәннатқа кiруiне кепiлдiк беремiн», деген.
Мұғаз ибн Жәбал Пайғамбарымыздан с.ғ.с.: «Қандай iстер жақсы?» деп сұрады. Пайғамбарымыз с.ғ.с. тiлiн шығарып, үстiне cаусағын қойып, тiлге сақ болу дегендей ишара еттi. Кейiн: «Кiмде-кiм жамандықтан сақтануды қаласа тiлiне сақ болуды ләзiм тұтсын» дедi. Пайғамбарымыз с.ғ.с. күнәнiң көпшiлiгi тiлден болатындығын ескертiп: «Шынында, Адам баласы күнәнiң көбiсiн тiлiнен табады»,–дейдi. Бұрынғы Пайғамбарлардың үмметтерi өз Пайғамбарларынан жәннатқа алып баратын амалдар жайында сұраған да барлығы да бiрiншi тiлiне сақ болуды айтқан. Мысалы, Исадан ғ.с.: «Уа Иса, бiзге жәннатқа алып баратын амалды көрсет», – дегенде, Иса пайғамбар үмметтерiне: «Еш сөйлемеңдер», – дедi. Үмбеттерi: «Бiз сөйлемей жүре алмаймыз», – дегенде; «Олай болса, тек қана жақсы сөз сөйлеңдер», – деп бұйырды.
Дәуiттiң пайғамбардың баласы Сүлеймен де адамдарға: «Егер сөйлеу – күмiс болатын болса, сөйлемей тыныш тұру – алтын», – деп түсiндiрдi. Тура сол сияқты Пайғамбарымыз Мұхаммедке с.ғ.с. бiр кiсi келiп: «Әй, Мұхаммед с.ғ.с. маған, менi жәннатқа кiргiзетiн амалдарды айт! – деп сұрады. Пайғамбарымыз с.ғ.с. ол кiсiге былай дедi: «Аш қалғанға тағам, шөлдегенге сусын бер, жақсылыққа бұйыр, жамандықтан қайтар. Егер бұған да шамаң келмесе, онда жақсы сөз айт, жаман сөзден тiлiңдi сақта!» Және бiр хадисiнде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кiмнiң сөзi көбейсе қателесуi көп болады. Кiмде-кiмнiң қателесу көбейсе, күнәсi көбейедi. Кiмнiң күнәсi көп болса, тозаққа лайық болады», – деген. Өткен ғұламаларымыз және басқа да кiсiлер тiлден сақ болу жайында дана сөздерiн айтып кеткен. Әбубакр Сыддық өзiн көп сөйлеуден тыю үшiн аузына кiшкентай тас салып жүредi екен. Сұраған адамдарға қолымен көрсетiп: «пайдалардың маған келтiрген пайдасы», – бұл деп жауап бередi екен. Тауус деген кiсi: «Менiң тiлiм – бiр жыртқыш аң. Егер бетiмен жiберсем өзiмдi жеп қояды», – деген. Кейбiр ғұламаларымыз айтады: «Сөйлемей тыныш тұру адамға екi жақсылық әкеледi. Біріншісі, дiнiнде аман болады. Екіншісі, қасындағы бауырынан ақылдырақ болады», – деген.
Ата-бабаларымыз: «Екi нәпсiсiн тиған адам әулие болар», – деген екен. Расында тiлiн жамандықтан сақтаған адам екi дүниеде де ұлық дәрежелi болады. Cебебi тiлге сақ болу, тiлдiң апаты болған – қателесу, жалған сөйлеу, өсек айту, сөз тасу, өзiн адамдарға көрсетiп сөйлеу, екi жүздiлiк, жаман сөздi сөйлеу, өзiн ақтап сөйлеу, дұрыс болмаған сөздерге кiрiсiп кету, бiреудi жамандағанда асырып жiберу, тiлiмен адамдарға азар беру және де бiреудiң абыройын айрандай төгу сияқты жамандықтардан сақтайды. Бұл апаттар тiлге жеңiл болғанымен иесiне жаратылыс жағынан және шайтан тарапынан жамандықтардың келуiне үлкен себеп болады. Көбiнше адам баласы осы айтылып өтiлген iстерге кiрiсе кеткенде өзiн тоқтатып қалуға шамасы жетпей қалады. Кейiн көңiлiне айтқысы келген сөздi айта салады, айтқысы келмеген сөздi айтпай қояды. Сондықтан да шариғатымыз тiлге сақ болып тыныш тұрудың қасиетi ұлық деген. Сондай-ақ тiлге ие болу әр дайым салмақты болуды, ойлануды, бұл дүниеде және ахиретте есеп берудiң қиыншылығынан аман сақтап қалуды өз iшiне қамтиды.
Аллаһ Тағала Құрани Кәрiмде «Қаф» сүресiнiң 18-аятында:
«Аузынан бiр сөз шығарса ақ болды алдында аңдушы дайын», – деген.
Осы аяттың өзi бiздерге орынсыз сөйлемей үнсiздiк сақтаудың ләзiм екендiгiне дәлел болады. Негiзiнде сөздiң өзi төртке бөлiнедi. Бiрiнщiсi – анық зиян. Екiншiсi – таза пайда. Үшiншi бөлiгiнiң пайдасы да зияны да бар. Төртiншiсi – пайдасы да зияны да жоқ. Осының анық зияны барынан тiлiмiзге сақ болуымыз қажет. Зияны да пайдасы да бары осыған ұқсас яғни тiлiмiзге ие болуымыз керек болады. Себебi, жақсы сөзге жаман сөз араласса онда жақсылықты еш қылады. Ал ендi пайдасы да зияны да жоқ сөздерден де сақ болу жөн болады. Өйткенi пайдасыз сөздермен шұғылдану уақытты зая кетiредi. Нәтижеде бiрiншiден ахиретте уақытты бекерге өткiзгенiне жауап берсе, екiншiден сауаптың орнына пайдасыз нәрсе iстеген болады.
Тiлдi сақтау қажет болғандардың бiр ғайбат – өсек айту. Ғайбат-ауыр күнәлардың бiрi. Ғайбат, бiр кiсiнiң өзi жоқта сыртынан айыбын айту.
Аллаһ Тағала Құрани Кәрiмде ғайбаттың жамандығын келтiредi және де ғайбат етушiнi өлiктiң етiн жеген адамға теңестiрген. Аллаһ Тағала Құранда «Хұжрат» сүресiнiң 12 – аятында: «Бiреудi-бiреу ғайбаттамасын. Бiреулерiң өлген туысының етiн жеудi жақсы көре ме? әрине оны жек көресiңдер», – деген. Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Мұсылманның мұсылманға қаны, малы және абыройын төгу харам» – деген.
Аллаһ Тағала Мұса пайғамбарға түсiрген бiр уахиында: «Әй, Мұса кiмде-кiм ғайбат еткенiнен тәубе етiп дүниеден өтсе пейiшке ең ахырынан кiредi. Ал кiмде-кiм ғайбат етiп, тәубе етпей дүниеден өтетiн болса, тозаққа бiрiншi болып кiредi», – деген. Хазiретi Омардың р.ғ.: «Алланы зiкiр етiңдер, шипа болады. Адамдарды ғайбат етпеңдер, дерт болады» дегенiндей Алланы көп еске алып адамдарды ғайбат етуден сақтанайық. Алладан ғибадатқа тауфиқ беруiн сұраймыз.
Тiлдiң сақ болуы қажет болған екiншi – нәрсе жалған сөйлеу. Жалған сөйлеу – барлық жамандықтың негiзi. Жалған сөйлеу барлық iстердi бұзады және өз иесiнiң абыройын айрандай төгедi. Ондай кiсiлер адамдардың сенiмiнен шығады, өтiрiкшi аталады. Адам баласы басқа адамдармен қарым-қатнас жасағанда, сауда-саттықта, жалпы қандай iсте болмасын сенiмге ие болу керек. Ал жалған сөйлеу сенiмнен айырады. Сондықтан да Алла Тағала өтiрiкшiлердi жолдан адасқандардың қатарына қосады.

Үмбет Сабырханов,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.