Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Судағы қауіпсіздік – күн тәртібінде

0 39

Жаз мезгілімен бірге келген аптап ыстық көпшілікті өзен-көлдер мен су айдындарына жетелейді. Күннің аптабынан сая тауып, салқын суға шомылып, сергіп алғанның жанға жайлы екені рас. Әсіресе, мектеп оқушыларының демалысқа шығуы мен еңбек демалысы кезеңінде су жағасына ағылатындардың қарасы көбейе- ді. Алайда жазғы демалыстың қызығын қауіпсіздік ережелерін сақтамау бір сәтте-ақ қайғыға айналдыруы мүмкін.

Өкінішке қарай, жыл сайын елімізде судағы қауіпсіздік талаптарын елемеудің салдарынан қайғылы оқиғалар тіркеліп жатады. Рұқсат етілмеген жерлерде шомылу, мас күйінде суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру, жүзу құралдарын дұрыс пайдаланбау секілді салғырттықтар адам өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан су айдындарында демалу кезінде әр азаматтың жеке жауапкершілігі мен сақтығы аса маңызды.
Осыған байланысты Тараз қаласының Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күн сайын профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Айталық, шаһар аумағындағы барлық жасанды немесе табиғи су айдындарында балалардың және тұрғындардың қаза болу жағдайын алдын алу мақсатында 53 рейдтік жұмыс жүргізілді.
Әрине, судан келетін төтенше жағдайлардың алдын алу – адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтаудағы ең маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан шомылу маусымында ұйымдас- тырылатын мұндай рейдтік-профилактикалық іс-шаралардың маңызы зор. Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының офицері, майор Данияр Келістің айтуынша, профилактикалық жұмыстармен қатар заң талаптарының сақталуына да ерекше көңіл бөлінеді. Егер азаматтар судағы қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзып, ескертуге қарамастан заңсыз әрекеттерге жол берсе, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
– Демалыс және мереке күндері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кестеге сәйкес су айдындарында тұрақты түрде профилактикалық рейдтер мен патрульдеу жұмыстары жүргізілуде.
Биыл жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып күнделікті рейд жұмыстарын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері суға шомылуға тыйым салынған жерде, сонымен қатар су айдындарында алкогольдік ішімдікті қолдану бойынша Қазақстан Республикасының «Әкімішілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 440-бабы, 364-бабы және 412-бабы бойынша әкімшілік практиканы қолдану бойынша халықтың арасында жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 25 адамға ҚР «Әкімішілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 412-бап бойынша айыппұл салынып, 22 адамға 364-бап бойынша ескерту берілді, – дейді басқарма өкілі.
Сонымен қатар жаз мезгілі басталысымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспейді. Әсіресе, шомылу маусымында судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау – адам өмірін сақтаудың басты кепілі. Осыған орай Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы Тараз қаласы білім бөлімімен бірлесіп, қаладағы барлық орта білім беру ұйымдарында кең көлемді профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
«Шомылу маусымындағы судағы қауіпсіздік» тақырыбы аясында жалпы білім беретін мектептерде 5 интерактивті сабақ ұйымдастырылды. Онда оқушыларға «Жазғы шомылу маусымындағы судағы қауіпсіздік», «Өрт қауіпсіздігі», «Жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар», «Балалардың терезеден құлауының алдын алу» және «Жазғы саябақтардағы әткеншектер мен батуттардағы қауіпсіздік» тақырыптары кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар мектеп директорлары мен жазғы сауықтыру лагерьлерінің басшыларына арналған 3 семинар өткізіліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты маңызды мәселелер талқыланды.
Осы бағыттағы тағылымды шаралардың бірі жақында қаладағы «Зербұлақ» демалыс аймағында өтті. Мұнда балаларға жүзудің бастапқы дағдыларын үйрету және судағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Құтқарушылар жас қатысушыларға су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету тәртібін және алғашқы медициналық көмек көрсету негіздерін жан-жақты түсіндірді. Теориялық бөлімнен кейін балалар тәжірибелік сабақтарға қатысып, мамандардың жетекшілігімен жүзудің бастапқы тәсілдерін меңгерді.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар «Қарасу» (5) шағынауданында және «Жеңіс» саябағында да жалғасын тапты. Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері тұрғындармен және балалармен кездесіп, өрт қауіпсіздігі мен судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Сондай-ақ ата-аналарға балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу жолдары жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Іс-шаралардың соңында кішкентай қатысушылар үшін дәстүрлі су мерекесі ұйымдастырылды. Құтқарушылар өрт сөндіру техникаларының мүмкіндіктерін көрсетіп, өрт сөндіру оқпандары мен лафеттік оқпандар арқылы балаларға арнап су шашу акциясын өткізді. Бұл балалардың ерекше қызығушылығын туғызып қана қоймай, олардың төтенше жағдайлар қызметінің жұмысына деген құрметін арттырды.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен тұрғындардың судағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы ақпараттық-насихат жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта шомылуға рұқсат етілмеген және қауіпті аймақтарға орнату үшін 30 ескерту тақтайшасы дайындалып, қала аумағындағы халық көп шоғырланатын орындарға судағы қауіпсіздік талаптарын түсіндіретін 6 ақпараттық баннер ілінді. Бұдан бөлек, сала мамандарының, білім беру ұйымдары мен қоғам белсенділерінің қатысуымен 2 «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылып, онда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, рұқсат етілмеген жерлерде шомылудың алдын алу және жаз мезгілінде болатын қайғылы оқиғаларды болдырмау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Бүгінде қоғамның қозғаушы күшіне айналған белсенді жастар кез келген әлеуметтік маңызы бар бастамалардан шет қалмай, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларға да белсене атсалысып келеді. Олардың азаматтық жауапкершілігі мен еріктілік мәдениеті тұрғындардың қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосуда. Осы орайда қала аумағындағы шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған су айдындарында қауіпсіздік талаптарын түсіндіру мақсатындағы үгіт-насихат және профилактикалық жұмыстарға «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері де белсенді түрде жұмылдырылды. Қоғамдық қозғалыспен бірлесіп ұйымдастырылған шараларға 20 волонтер қатысып, демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жадынамалар таратып, балалар мен ата-аналарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Сонымен бірге судағы қауіпсіздік ережелерін халыққа кеңінен насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше. Себебі тұрғындарға жедел әрі нақты ақпарат жеткізу, қауіптің алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру ісінде телеарна, радио, газет пен интернет ресурстарының ықпалы зор. Осы бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары шомылу маусымы басталғалы үздіксіз жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, халықты ақпараттандыру мақсатында 12 радио арнасында сұхбат беріліп, 11 ақпараттық материал дайындалып, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми әлеуметтік желі парақшаларында және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Бұдан бөлек, облыстық «Jambyl», «Taraz 24» және «77 TV» телеарналарында судағы қауіпсіздік мәселесіне арналған 4 сұхбат ұйымдастырылса, республикалық «Хабар 24» телеарнасында 3 арнайы сұхбат эфирге шықты. Мұндай ақпараттық жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздік талаптарына деген жауапкершілігін арттырып, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің өмірін сақтауға бағытталған профилактикалық шаралардың тиімділігін күшейте түсуде.
Қорыта айтқанда, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тек төтенше жағдайлар қызметінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы бағытта атқарылып жатқан рейдтік шаралар, түсіндіру жұмыстары, еріктілердің белсенділігі мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізіліп жатқан кең көлемді насихат алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Алайда қабылданып жатқан барлық шаралардың нәтижесі ең алдымен әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Өйткені қауіпсіздік ережелерін сақтау – адам өмірін сақтаудың ең тиімді жолы. Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі. Бір сәттік салғырттық орны толмас қайғыға ұрындыруы мүмкін. Ендеше, өз өміріңізге де, өзгенің өміріне де жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтайық.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.