Криминогендік жағдай тұрақты
Тараз қаласы Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ардақ Мадимаровтың айтуынша, полиция қызметкерлері күнделікті қызметте заңдылық пен тәртіп, сонымен қатар азаматтардың құқықтарын сақтау ережелерін басшылыққа ала отырып, халықпен тығыз байланыста қызмет атқаруда.
– Құқықбұзушылықтардың алдын алу және қылмыстың жолын кесу мақсатында күн сайын криминалдық полиция, патрульдік полиция батальонының және арнайы мақсаттағы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары арнайы бекітілген кестеге сәйкес рейдтік-профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Сонымен қатар кезек тәртібімен Полиция басқармасы аппаратының қызметкерлері де жұмылдырылып, саябақтарда, скверлерде, адамдар көп шоғырланатын орындарда, сондай-ақ талдау қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жиі тіркелетін учаскелерде жергілікті профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Бұдан бөлек, профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жүргізілетін жұмыстар күшейтілді. Жүргізілген жергілікті рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде қала аумағында айналымына тыйым салынған 2 009 зат анықталып, тәркіленді.
Алты айдың қорытындысы бойынша барлық қылмыстық құқықбұзушылықтардың тіркелуі 15,6 пайызға, оның ішінде қылмыс- тар 9,6 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткіш қылмыстың барлық санаттары мен түрлері бойынша оң өзгерісті көрсетеді, – дейді Ардақ Тілегенұлы.
Сонымен қатар барлық санаттағы қылмыстардың ашылу деңгейі айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, адамға қарсы жасалатын құқыққа қарсы әрекеттер, оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және зорлау қылмыстары бойынша 100 пайыздық ашылу көрсеткішіне қол жеткізілген.
Алаяқтар айылын қашан жияды?
Бүгінде азаматтардың қаражатын алдау жолымен заңсыз иемдену – қылмыстың ең көп тараған түрінің бірі. Бұл жалғыз біздің елде емес, бүкіл әлемде белең алған өзекті мәселе. Жыл сайын азаматтарды алдаудың сан мың тәсілін табатын алаяқтардың қулығына құрық бойламай тұр. Сол себепті алаяқтық қылмыстардың саны жылдан-жылға көбеюде. Десе де, тараздық тәртіп сақшыларының тиянақты жұмысы өз жемісін беріп, аталған бағыттағы қылмыстар саны азайып келеді.
Есепті кезеңде аталған санаттағы қылмыстардың саны 437 деректен 375 дерекке дейін азайып, 62 фактіге төмендеген. Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында 4 600 интернет-сілтеме бұғатталған.
Халықпен кездесулер мен тұрғындар жиындары барысында интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар WhatsApp мессенджеріндегі барлық чат-топтарға ақпараттық бейнероликтер жүйелі түрде таратылып келеді. Тараз қаласындағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерде арнайы дайындалған бейнероликтер тұрақты негізде көрсетілуде.
Бұдан бөлек, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері адамдар көп шоғырланатын орындарда профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Патрульдік автокөліктердің дауыс зорайтқыш құрылғылары арқылы интернет-алаяқтықтан сақтандыруға бағытталған арнайы аудиороликтер тұрақты түрде хабарлануда.
Пәтер ұрлығы азайып келеді
Бүгінгі уақытта «Ұрлық түбі – қорлық» деген сөздің мәнісіне бойлайтындар қалмаған сыңайлы. Тіпті, ұрлықты «жеңіл-желпі қылмыс» санау әдетке айналып барады. Осының салдарынан болар, қала аумағында ұрлық-қарлық көбейген. Алайда құқық қорғау орындары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қылмысқа қарсы күрес жұмыстарын жандандырып, ұрыларға тосқауыл болу амалдарына кіріскен.
– Қылмыстардың, оның ішінде пәтер ұрлықтарының ашылу тиімділігін арттыру мақсатында қазіргі уақытта ашылу үстіндегі істерді ескере отырып, Тараз қаласы аумағындағы бейнебақылау жүйесін күшейту мәселесі қаралды.
Осыған байланысты «Қазақтелеком» АҚ-ға криминогендік ахуалы күрделі аумақтарда, сондай-ақ тұрғын үй алаптары мен көпқабатты тұрғын үйлерде қосымша бейнебақылау камераларын орнату жөнінде ұсыныс жолданды.
Жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде Тараз қаласы бойынша пәтер ұрлығына қатысы бар 20 күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде осы санаттағы қылмыс- тардың тіркелуі төмендеді. Атап айтқанда, 2025 жылы 33 пәтер ұрлығы тіркелсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 25 дерекке дейін азайды, – дейді қаланың бас полицейі.
Жолда темірдей тәртіп қажет
Өкінішке қарай, облыс орталығында жүргізушілердің жол ережесін бұзуына тоқтау салу әлі де мүмкін болмай отыр. Десе де, өзінің де, жолаушылардың да өміріне қауіп төндіретін әрекетке барушылардың қатарын сирету бойынша жасалып жатқан жұмыстар жалғасын таба бермек.
Биылғы қаңтар-маусым айлары аралығында Тараз қаласында 374 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес салыстырғанда 5,3 пайызға төмен.
Сонымен қатар жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза болғандар саны 13-тен 7 адамға дейін азайып, 46,2 пайызға төмендепті. Ал жарақат алғандар саны 503-тен 495 адамға дейін қысқарып, 1,6 пайыздық төмендеу байқалған.
– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың санын азайту мақсатында жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күн сайын профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Атап айтқанда, патрульдік автокөліктер шақыртулардың болуына қарамастан қала көшелерінде үнемі жарқылдауық маяктарын қосып қозғалады. Бұл жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау міндетті екенін ескертіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Талдау нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі тәуліктің қарбалас уақытында – сағат 12:00-14:00 және 16:00-20:00 аралығында, сондай-ақ аптаның жұмыс күндері болатыны анықталды.
Осыған байланысты күн сайын халық көп жиналатын орындарда, атап айтқанда қаладағы орталық алаңда, базарлар орналасқан шағынаудандарда, сауда-ойын-сауық орталықтарының маңында және басқа да қоғамдық орындарда полицияның саптық таралымдары өткізіліп, профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылуда. Бұл шаралар тұрғындардың полицияға деген сенімін арттыруға да бағытталған.
Сонымен қатар Тараз қаласының әкімшілік аумағына Байзақ және Жамбыл аудандарынан 14 елді мекен қосылуына байланысты аталған аумақтарда да жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында тұрақты профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны төмендеу үрдісін көрсетіп отыр, – дейді полиция полковнигі.
Есірткіге еліткендер елді бұзады
Көптеген тағдырдың тажалына айналған нашақорлық бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Өкінішке қарай, ересектермен қатар жастар арасында да нашақорлық және есірткі саудасымен айналысу фактілері өршіп келеді.
Айталық, осы жылдың алғашқы жартысында Тараз қаласының аумағында есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 80 құқық бұзушылық анықталған. Дегенмен, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр- ғанда 23 фактіге азайған.
Аталған оң өзгеріс жедел-іздес- тіру іс-шараларының нәтижесінде жүргізілген талдау қорытындысы бойынша қала тұрғындары арасында, оның ішінде синтетикалық есірткілерді тұтыну деңгейінің төмендеуімен түсіндіріледі.
– Тіркелген құқықбұзушылықтардың ішінде 58 қылмыс тіркеліп, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгеймен бірдей сақталды. Сонымен қатар 25 қылмыстық теріс қылық тіркелді. Бұл өткен жылғы 45 дерекпен салыстырғанда 20 фактіге аз. Бұл да есірткі заттарын тұтыну деңгейінің төмендеуімен байланысты.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан 128 келі 474 грамм 25 миллиграмм түрлі есірткі заттары тәркіленді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 35 келі 397 грамм 58 миллиграмм болған, – дейді Ардақ Тілегенұлы.
Есірткі заттарын тәркілеу көрсеткіштері де өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Атап айтсақ, тәркіленген марихуана – 122 келі 859 грамм 7 миллиграмм (2025 жылдың сәйкес кезеңінде – 17 келі 54 грамм 72 миллиграмм), синтетикалық есірткі заттары 1 келі 610 грамм 4 миллиграмм (2025 жылдың сәйкес кезеңінде – 380 грамм 7 миллиграмм) болған.
Сонымен қатар «Альфа PVP» синтетикалық есірткісін өткізудің заңсыз арнасы анықталған. Аталған арна Алматы-Тараз бағыты бойынша ұйымдастырылған. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде осы санаттағы есірткі затының 362,96 граммы заңсыз айналымнан тәркіленген.
Тараз қалалық полиция басқармасының бастығы А.Мадимаровтың айтуынша, шаһардағы криминогендік ахуалды оңалту, ұсақ және ірі қылмыстарды болдырмау, алдын алу бойынша жұмыстар ары қарай қарқынын арттырмаса, төмендемек емес. Сонымен қатар тәртіп сақшылары қылмыспен күресте қала тұрғындарын да қапыда қалмауға шақырады. Заңсыздықпен күрес – көптің ісі екенін еске салған полицейлер әр азамат әуелі өзінің құқықтарын біліп, өз мүлкіне тиянақты болса, қылмыс саны еселеп кемитінін айтады.
и