Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Таразда «Денсаулық аралы» акциясына 300-ден аса тұрғын қатысты

0 16

Тараз қаласында тұрғындардың денсаулығын нығайтуға және профилактикалық тексерулердің маңызын насихаттауға бағытталған «Денсаулық аралы» акциясы ұйымдастырылды.

Іс-шара Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы мен №5 қалалық емхананың ұйымдастыруымен өтті.

Акция аясында қала тұрғындары жалпы тәжірибелік дәрігер мен психологтың қабылдауынан өтіп, тегін кеңес алды. Сондай-ақ қан қысымы мен қандағы қант деңгейі өлшеніп, алғашқы медициналық тексерулер жүргізілді. Мамандар қатысушылардың денсаулық жағдайына баға беріп, қажетті ұсыныстар ұсынып, салауатты өмір салтын сақтау жөнінде кеңестер айтты.

Сонымен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды қызықтырған сауалдарға жан-жақты жауап берді.

Акцияға 300-ден астам тұрғын қатысып, білікті мамандардың кеңесіне жүгініп, өз денсаулық көрсеткіштерін тексеруге мүмкіндік алды. Мұндай шаралар аурудың алдын алуға, халықтың денсаулық мәдениетін қалыптастыруға және профилактикалық тексерулердің маңызын арттыруға ықпал етеді.

Ұйымдастырушылар акцияға белсенді қатысқан барлық тұрғындарға алғыс білдіріп, әр азаматты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық медициналық тексерулерден уақытылы өтіп тұруға шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.