Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

QR-код, пациенттің жеке профилі және сапаны бағалау: денсаулық сақтаудағы «халықтық бақылау» қалай күшейеді?

0 18

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында азаматтарға арналған цифрлық сервистерді дамыту жұмыстарын жалғастырып келеді. Бұл туралы Қордың баспасөз қызметі хабарлады.
2026 жылы МӘМС 2.0 трансформациясы аясында негізгі басымдықтардың бірі – eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы денсаулық сақтау саласындағы «халықтық бақылау» тетіктерін кеңейту. Қазіргі таңда eGov Mobile пайдаланушылары өздерінің МӘМС жүйесіне қатысуы туралы мәлімет алып, сақтандыру мәртебесін тексере алады. Сонымен қатар жүйеге аударылған жарналар мен аударымдар туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі бар.
Жақында денсаулық сақтауды қаржыландыруға арналған «Qalqan» цифрлық сервисінде медициналық ұйымдарға арнайы QR-код беру тетігі іске қосылды. Пациент осы QR-кодты сканерлеу арқылы медициналық ұйымға нақты жүгінгенін растай алады. Бұл медициналық көмектің ашықтығын арттырып, көрсетілген қызметтердің шынайылығын бақылауға мүмкіндік беретін қоғамдық бақылаудың алғашқы цифрлық құралдарының бірі болып саналады.
Келесі кезеңде eGov Mobile қосымшасындағы пациенттің жеке профилі жаңа мүмкіндіктермен толықтырылады. Онда азамат тіркелген медициналық ұйым туралы ақпарат, сақтандыру мәртебесі, МӘМС жүйесіндегі төлемдер тарихы, жарналар күнтізбесі және жеңілдік санатына қатысты мәліметтер көрсетіледі.
Сондай-ақ МӘМС бойынша қате немесе артық төленген жарналар мен аударымдарды қайтару жөніндегі мемлекеттік қызмет толық цифрлық форматқа көшіріледі.
ӘМСҚ Басқарма төрағасының орынбасары Индира Ерденованың айтуынша, жаңа «халықтық бақылау» тетігі азаматтарға eGov Mobile арқылы өздеріне көрсетілген медициналық қызметтердің тарихын қарап қана қоймай, олардың нақты көрсетілгенін растауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қосымшада медициналық көмектің сапасын бағалау және Қорға тікелей өтініш жолдау функциясы да қолжетімді болады.
«Бұл құралдар медициналық көмектің ашықтығын арттырып, қоғамдық бақылауды күшейтуге және негізсіз көрсетілген медициналық қызметтердің тәуекелдерін азайтуға ықпал етеді», – деді Индира Ерденова.
Алдағы уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрлық сервистердің мүмкіндіктері одан әрі кеңейтіледі. eGov Mobile қосымшасына Электрондық денсаулық паспорты мен қаржылық паспорт енгізіліп, онда пациенттің алған медициналық көмегі, ем нәтижелері, көрсетілген қызметтердің құны және олардың ТМККК мен МӘМС аясындағы қаржыландыру көздері туралы мәліметтер қамтылады.
Мамандардың айтуынша, цифрлық сервистерді дамыту азаматтардың МӘМС жүйесімен өзара іс-қимылын барынша ыңғайлы, ашық әрі пациенттердің қажеттіліктеріне бейімдеп, Қазақстандағы цифрлық денсаулық сақтау саласының дамуына жаңа серпін береді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.