Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ауылдық денсаулық саласы жаңа сапалық деңгейге көтерілуде

0 19

Мемлекет басшысының «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында еліміздің шалғай елді мекендерінде медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда.

Сарысу ауданында да ауыл медицинасын жаңа сапалық деңгейге көтеру, материалдық-техникалық базаны нығайту және кадрлық әлеуетті арттыру жолында кешенді жұмыстар атқарылуда. Саудакент ауылындағы денсаулық сақтау саласының жаңа деңгейге көтерілуі – мемлекетіміздің әрбір ауыл тұрғынының әл-ауқаты мен саулығына деген шынайы қамқорлығының айқын көрінісі.
Кез келген сапалы медициналық көмектің негізі – білікті кадрлар екені белгілі. Қазіргі таңда Саудакент ауылдық ауруханасы мен емханасында бекітілген штат бірлігі бойынша 9 білікті дәрігер және 38 мейіргер тұрғындарға қыз- мет етіп келеді. Десек те, ауылдық жерлерге жас, ізденімпаз мамандарды тарту – біздің басты басымдықтарымыздың бірі болып қала бермек.
Осы мақсатта Алматы және Шымкент қалаларындағы медициналық жоғары оқу орындарына арнайы барып қайттым. Оқу бітіруші түлектердің бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып, жас мамандармен тікелей кездесулер өткіздік. Ондағы мақсатымыз – ауыл медицинасының бүгінгі әлеуетін таныту, жас дәрігерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау пакеттерін түсіндіре отырып, оларды Саудакентке қыз- метке шақыру. Жас күштің келуі ауылдағы емдеу ісіне жаңа серпін беретіні сөзсіз. Сонымен қатар жұқпалы аурулар бөліміне инфекционист дәрігерді резидентурада оқыту бойынша келіссөздер жүргізілуде және жалпы тәжірибелі дәрігер шілде айында жұмысқа келеді.
Заманауи цифрлық диагностика – жарқын болашақ кепілі.
Дертті ерте бастан анықтау – оны сапалы емдеудің басты шарты. 2025 жылы ауылдық емханада заманауи цифрлық маммограф құрылғысы ресми түрде пайдалануға берілді. Жоба аясында арнайы сатып алынған жоғары технологиялық рентгендік маммографиялық «AR-Mammo» аппараты ауыл тұрғындары үшін үлкен қолғабыс болды.
Бұл заманауи құрылғының көмегімен қатерлі ісік белгілерін ең алғашқы, бастапқы сатысында дәлдігі жоғары деңгейде диагнос- тикалауға мүмкіндік туып отыр. Ендігі кезде ауыл әйелдері, аналарымыз бен әпкелеріміз бұл тексерістен өту үшін аудан орталығына немесе облыс орталығы Тараз қаласына сабылып, уақыт пен қаражат шығындамайды. Бұл – ауылдағы медициналық қызмет көрсету деңгейін мүлдем жаңа сатыға көтерген елеулі қадам.
Саудакент ауылындағы емхана мен жұқпалы аурулар бөлімі жергілікті халыққа ұзақ жылдардан бері қызмет көрсетіп келеді. Аталған қос нысан сонау 1987 жылы пайдалануға берілген болатын. Содан бері өткен отыз жылдан астам уақыт ішінде ғимараттар ешқандай күрделі жөндеу көрмеген болатын. Осы мәселені шұғыл арада шешу мақсатында мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жалпы құны 143,3 млн теңгені құрайтын қаржы бөлінді. 2025 жылғы 18 тамызда мердігер мекемемен ресми келісімшарт жасалып, жөндеу жұмыстары қызу жүргізілді. Нәтижесінде тозығы жеткен жүйелер толықтай қайта жаңғыртылып, нысандар мерзімінде сапалы жылу жүйесіне қосылды. Бүгінгі таңда емдеу мекемелерінде жылу режимі толық сақталып, емделушілерге қолайлы жағдай жасалды.
Біз қол жеткізген табыстармен тоқтап қалмаймыз. Биылғы жылдың жоспарында Саудакент ауылдық ауруханасы базасында созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын науқастар үшін өмірлік маңызы бар гемодиализ бөлімін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл – бүйрек ауруына шалдыққан ауыл тұрғындарының аптасына бірнеше рет қалаға қатынау зардабын жеңілдететін, өмір сапасын жақсартатын өте маңызды әлеуметтік-медициналық жоба.
Қазіргі таңда бұл бағытта тиісті мемлекеттік сатып алу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Заманауи гемодиализ аппараттарын сатып алу және бөлімді талапқа сай жабдықтау шаралары аяқталған соң, бұл қызмет те ауыл халқына қолжетімді болады.
Саудакент ауылындағы денсаулық сақтау саласының дамуы – мемлекетіміздің әрбір ауыл тұрғынының саулығына деген шынайы қамқорлығының айқын көрінісі. Алдағы уақытта да халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету жолында аянбай еңбек ете беретін боламыз. Ауыл медицинасының сапасы – ұлт саулығының кепілі.

Айнұр Каликова,
Сарысу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.