Жыл бойы жұмыс қамымен жүрген жан үшін еңбек демалысы – тынығудың ғана емес, туған топырақпен қайта қауышудың бақыты. Биылғы демалысымды мен де көптен күткен сағынышымды басуға арнадым. Бағытым – Қытай Халық Республикасының Іле Қазақ автономия- лық облысы, Текес ауданы, Қаражон жайлауы.
Иә, бүгінгі тарихтың өзі мойындап отырғандай, Іле өңірі – ықылым заманнан бері қазақтың қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрі мен тілі, ділі саф күйінде сақталған Жетісудың қасиетті бір пұшпағы. Өкінішке қарай, түрлі кезеңдегі саяси шешімдердің салдарынан қазақ жерінің бірқатар бөлігі бүгінгі Өзбекстан, Ресей және басқа да мемлекеттердің құрамында қалып қойды. Іле өңірі де сондай тарихи тағдыр- ды бастан кешкен қасиетті мекендердің бірі. Ол енді өз алдына тереңірек тарқатуды қажет ететін бөлек әңгіме…
Қош, сонымен көк тулы көкжал елге уақытша хош айтып, қызыл тулы Қытай шекарасынан қысыла өтіп, Қорғас қаласына табанымыз тиді. Кешегі қу медиян дала, бүгінгі 100 мың халқы бар сәулетті қала күн санап көркейіп, сағат санап кеңейіп келеді екен. Өткен жылы бос жатқан жерлерге зәулім үйлер бой көтеріпті. Бізді Талғар есімді жас жігіт күтіп алып, Текеске қарай бағыт алдық. Жол қысқарсын деп әңгімені өзіміз бастадық.
– Көлігіңіз жаңа көрінеді. Такси жүргізушісі болып істейсіз бе?
– Әрине. Бірақ бір таксимен отбасын асырау қиын. 10 гектар жерім бар, соған жүгері егеміз. Келіншегім емханада жұмыс істейді. Үлкен кісілер зейнетте, – деп бір сәт тыныстап алған ол әңгімесін әрі қарай жалғады.
– Қытайда адам көп. Бір күн жұмыс істемей жатсаң, аштан өлесің. Табысымыз жаман емес, дегенмен соған сәйкес заттың бағасы да қымбат. Бұл жақтағы жастар өте еңбекқор, бос жатпайды. Оның үстіне, бір қуанарлығы – әр кәсіптің құлағын ұстап отырған қазақ жастары аз емес, – деді ол көңілді кейіппен.
Жол бойы тамақтанып алу мақсатында Іле Қазақ автономиялық облысының әкімшілік орталығы – Құлжа қаласына темір тұлпардың тұмсығын тіредік. Аталған облыс 1954 жылы құрылған. Бұл өңір Қазақстанмен тұтастай шектеседі әрі Қытайдағы қазақтардың ең көп шоғыр- ланған тарихи мекендерінің бірі. Автономия құрамына Алтай және Тарбағатай аймақтары кіреді.
Құлжа көшелерінде қазақ тілінде сөйлесетін адамдарды жиі кездестіруге болады. Домбыра үні естілетін мәдени орталықтар – мұның бәрі қандастарымыздың ұлттық рухын сақтап отыр- ғанын аңғартады. Сондай-ақ ұлттық тағамдар ұсынылатын асханалар мен қоғамдық тамақтану орындары да аз емес.
Біз шаһардың қақ ортасында орналасқан «Тау» атты дәмханаға бұрылдық. Есігінен енген сәтте-ақ қазақы нақышпен безендірілген бұл орын атауына сай, таудың бөктерінде тігілген ақ шаңқан киіз үйлердің арасында жүргендей ерекше әсерге бөледі. Ал осы ұлттық рухқа толы мекеменің қожайыны – жасы отыздар шамасындағы Тамаша Дәулетжанқызы есімді бұрымды екен.
– Сонау жылдары бұл қалада ұлттық тағамдар ұсынатын «Үйсін» атты жалғыз ғана дәмхана бар еді. Сол жылдары осындай ұлттық нақыштағы мейрамхана ашу ойымда жүретін. Әрине, қарапайым асхана ашу оңай. Ал ұлттық үлгідегі дәмхананың жобасын жасау, ішкі әрлеу жұмыстарын ұлттық стильде безендіру, киіз үйдің жабдықтарын, ұлттық киімдерді, ата-бабамыз тұтынған бұйымдарды іздеп тауып, оларды бір жерге жинақтау оңайға соқпады. Оның үстіне мұндай дүниелердің нарықтағы бағасы да арзанға түспейді.
Құлжаға атбасын бұратын туристер аз емес. Олар жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың мәдениетін жақыннан көргісі келеді. Осыны ескере отырып, дәмханадағы ұлттық бұйымдардың қасына олардың ерекшелігі мен қандай мақсатта қолданылатыны туралы қысқаша мәліметті қазақ, қытай және ағылшын тілдерінде жазып қойдық. Қонақтар қазақтың бауырсағын ерекше сүйсініп жейді. Бүгінде қазақтың ұлттық тағамдарын өзге ұлт өкілдері де өз дәмханаларының мәзіріне енгізе бастады. Бұл – ұлттық асханамыздың кеңінен насихатталып, көпшілік тарапынан сұранысқа ие бола бастағанының жарқын көрінісі, – дейді жас кәсіпкер.
Тамашаның әсерлі әңгімесінен кейін көңіліміз марқайып, қарнымыз да тойып, «ел қайдасың?» деген сағыныш жетегімен туған жерім – Текеске қарай жол тарттық. Тақтайдай тегіс тасжолмен жүйткіген көлік терезесінен туған жердің саф ауасы маңдайымыздан сипап, сағыныш сезімін одан әрі тербете түсті. Тараздан мың шақырымға жуық жол жүріп, әбден шаршағандықтан болса керек, көзіміз де ілініп кетіпті. Тізгіндегі Талғар ағамыздың: «Үйге жеттік!» деген дауысы ғана бізді тәтті ұйқыдан оятты.
Үйге кіріп, көптен көрмеген туған-туыспен емен-жарқын қауыштық. Сағыныштан сарғайған көңілдің шөлі басылып, анамыздың ақ шайынан қанып іштік. Өткенді еске алып, ұзақ сыр шертістік. Сол бір мейірімге толы кештен кейін ғана жастыққа бас қойдық.
«Мен таулықпын!» деп асқақ жырлаған Мұқағали Мақатаевтай, келесі күнгі бағытымыз – аспанмен тілдескен айбынды Қаражон жайлауы болды. Осы Қаражонның бір пұшпағы – Құмжота жайлауында тайға мініп өстім.
Үшбұлақтың мөлдір суынан сусындап, Топқарағай мен Елікалғанның кең төсінде қой қайырып, бұзау баққан балалық шақтың бал дәмі әлі күнге дейін жадымнан өшкен емес. Сондықтан туған жерге табаным тиген сайын ауылда бірер күн аялдап, қалған уақыттың бәрін сол жайлауда өткізуді өзіме парыз санаймын.
Қаражон бүгінде Қытай бойынша бірінші дәрежелі туристік аймақтардың біріне айналған. Бір ғана осы жайлауға күніне 20 мыңға жуық сая- хатшы келеді екен. Жергілікті халықтың басым бөлігі сол қонақтарға жолбасшылық жасап, жеке көліктерімен саяхатқа алып шығып, атқа мінгізіп серуендету секілді түрлі қызметтер көрсету арқылы табыс табады. Ал ұлттық нақыштағы этноауылдар ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған қандастарымызды көріп, көңіліміз марқайып қалды.
Осындай еңбекқор жандардың бірі – Мұқылтай есімді жігіт. Ол ішкі Қытайдан келетін турис- терге жылқы мінгізіп, ұлттық болмысымызды таныстыра жүріп, нәпақасын тауып келеді екен.
– Миллиардтан асатын Қытай халқының туристері жылдың төрт мезгілінде де Қаражон жайлауына көп келеді. Дегенмен саяхатшылар ең көп жиналатын кезең – жаз айлары. Сіздерге қызық көрінуі мүмкін, бірақ олардың арасында өмірінде жылқыны өз көзімен көрмегендер де бар. Біз үшін пілге міну қандай таңсық болса, олар үшін жылқыға міну де сондай ерекше әсер сыйлайды. Күніне кем дегенде осы үш атымнан 1 000 сомдай (шамамен 75 мың теңге) табыс табамын. Әрине, кейде той-томалақ немесе басқа да шаруаларға байланысты жұмыс азаятын кездер болады. Соған қарамастан, жаз бойы қомақты табыс табамыз, – дейді жігіт ағасы.
«Шіркін-ай, жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын, тауы мен тасы, көлі мен теңізі, құмы мен қалың орманы қатар жарасқан Қазақстанның туризм саласының әлеуеті де осылай дамыса ғой», – деген ой санамыздан бір сәт кеткен жоқ. Сонда ел экономикасы еселеніп, халықтың әл-ауқаты артып, мыңдаған адам осы саладан нәсібін табар еді.
Мұнда мектеп оқушыларының өзі жазғы демалысты тиімді пайдаланады екен. Олар саяхатшыларға жол бастап, аудармашылық жасап, атқа мінгізіп, ұлттық киім киіп ән айтып, би билеп, өз еңбектерімен табыс табады. Бірнешеуімен тілдескенімізде: «Мектепке жаңа киім аламыз, телефон сатып аламыз, ақша жинаймыз», – деп қуана жауап берді. Ең қызығы, ата-аналары да балалардың еңбек етіп, табыс тапқанын қолдайды.
Осындай думанды да еңбекке толы ортада жүріп, бір ай уақыттың қалай зулап өткенін де аңғармай қалыппыз. Ел ағаларының ақ батасын алып, «Дәм тартса, тағы келерміз» деген ниетпен қазақ шекарасына қарай бет түзедік. Көңілімізде Қытайдағы қазақ жастарының еңбекқорлығы ерекше сәуледей нұр шашып қалды. Біздің Жамбылдағы жастар да осындай тірліктің тасын өрге дөңгелетіп, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтсе ғой шіркін. Бәлкім, алдағы онжылдық та біз де осындай биікке жетерміз…
Жұматай КӨКСУБАЙ,
Тараз-Қорғас-Текес,
Текес-Қорғас-Тараз