Freedom QJ League аясында ойнаған тараздық ағайынды футболшылар
Тараз футболының тарихында ағайынды футболшылардың орны ерекше. Әр кезеңде бұл өңірден бір емес, бірнеше бір әулеттен шыққан ойыншылар кәсіби деңгейге көтерілді. Олардың қатарында Антон және Рохус Шох, Нұркен мен Бауыржан Мазбаевтар, Виталий және Дмитрий Евстигнеевтер, Жандос пен Елдос Ахметовтар, Қайрат пен Әлішер Сүлейлер, Құрмет пен Дінмұхамед Қарамандар, сондай-ақ ағайынды Бобыр, Бахтиер және Бахром Зайнутдиновтар бар. Бұл футболшы әулеттерінің кем дегенде бір өкілі Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғаған.
Соңғы жылдары мұндай дәстүр Freedom QJ League аясында да жалғасып келеді. Лигада өнер көрсеткен тараздық ағайынды футболшылардың бірқатары бүгінде кәсіби футболға қадам басса, енді бірі жасөспірімдер арасындағы жарыстарда өздерін дәлелдеуді жалғастыруда.
•Алан және Ахан Ерболұлы – 56 матч
Егіз ағайындылар «Тараз»-2009 (2009 жылы туған ойыншылар командасы) сапында өнер көрсетеді. Екеуі де 2025-2026 жылдардағы екі маусымда 28 матчтан өткізіп, жалпы саны 56 кездесуге қатысты.
Алан Ерболұлы команда көшбасшыларының бірі саналады. Биыл Freedom QJ League All Star құрамасына шақырту алғанымен, жарақатына байланысты германиялық «Боруссия» Мёнхенгладбах командасына қарсы ойынға қатыса алмайды.
Ал Ахан Ерболұлы – «Тараз»-2009 командасының капитаны. Ол 2025 жылы Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасына шақырту алған. Қазіргі уақытта екі футболшы да Freedom QJ League жарысында өнер көрсетіп жүр.
•Бехруз және Билял Садыков – 45 матч
Бехруз Садыков «Тараз»-2007 сапында 2024 жылғы маусымда 21 матч өткізіп, 1 гол соқты. Сол жылы командамен бірге Freedom QJ League-тің қола жүлдесін жеңіп алып, негізгі құрам ойыншыларының бірі болды. Қазір «Тараздың» негізгі командасында өнер көрсетеді.
Інісі Билял Садыков «Тараз»-2009 құрамында 2025-2026 жылдары 24 матчқа қатысып, 1 голдың авторы атанды.
•Абылай және Абай Тоқтасын – 40 матч
Абылай Тоқтасын 2025 жылы «Тараз»-2010 командасының капитаны болды. Ол маусымдағы барлық 22 матчқа қатысып, бірде-бір минут алмастырылмай ойнады. Биыл қарағандылық «Шахтер» сапында негізгі құрам ойыншысы ретінде 9 матч өткізді.
Абай Тоқтасын «Тараз»-2011 командасының негізгі ойыншыларының бірі. Ол биыл 9 матчқа қатысты. Екі ағайынды да орталық қорғаушы позициясында өнер көрсетеді.
•Бағжан және Асылжан Сәрсенбек – 27 матч
Бағжан Сәрсенбек «Тараз»-2006 сапында Freedom QJ League-тің алғашқы маусымында 17 матч өткізді. Қазіргі таңда қаратаулық «Талас» клубының намысын Екінші лигада қорғап жүр.
Асылжан Сәрсенбек «Тараз»-2011 сапында биыл 10 матч өткізіп, 3 гол соқты. Ол өз командасының негізгі ойыншыларының бірі саналады.
•Мади және Арсен Әбіш – 24 матч
Мади Әбіш Freedom QJ League-тің алғашқы маусымында «Тараз»-2006 құрамында 19 матчқа қатысты. Сонымен қатар ол Орталық стадионда 12 мың жанкүйер жиналған «Қайратқа» қарсы тарихи кездесуде алаңға шыққан ойыншылардың бірі болды. Қазір «Талас» клубында өнер көрсетеді.
Інісі Арсен Әбіш 2025 жылы Freedom QJ League – Жасөспірімдер лигасында доп тепті. Екі ағайындының жалпы көрсеткіші – 24 матч.
•Богдан және Родион Евстигнеев – 11 матч
Бұл екі футболшы – «Тараз» клубының бұрынғы капитаны Дмитрий Евстигнеевтің ұлдары.
Богдан Евстигнеев өткен жылы «Тараз»-2009 сапында 5 матч өткізсе, Родион Евстигнеев биыл «Тараз»-2011 құрамында 6 кездесуге қатысты.
•Артем және Максим Загородский – 7 матч
Артем Загородский 2008 жылы туғанымен, «Тараз»-2007 командасында ойнап, 2024 жылы Freedom QJ League аясында бір матчқа қатысты. Кейін Super Bol жобасына ауысуына байланысты командадан кеткен. Қазір «Тараздың» жастар командасы сапында Екінші лигада өнер көрсетеді.
Максим Загородский биыл «Тараз»-2012 құрамында 6 матч өткізді. Ол қорғаныстың екі қапталында да ойнай алады.
•Дінмұхамед және Дамир Нұржан – 4 матч
Дінмұхамед Нұржан 2023 жылғы алғашқы Freedom QJ League маусымында «Тараз»-2006 сапында үш матч өткізді.
Ал 2010 жылы туған Дамир Нұржан – қақпашы. Ол 2025 жылғы маусымда бір кездесуге қатысты.
•Бұл тізімге енбей қалған ағайындылар
Freedom QJ League тарихында тағы бірнеше ағайынды футболшы болғанымен, олар бір клуб сапында өнер көрсетпегендіктен немесе әртүрлі академияларда ойнағандықтан негізгі тізімге енгізілмеді.
•Әсет Бораналиев – Әділет Бораналы
Бұл ағайынды жұптың тегі әртүрлі жазылғанымен, туған бауырлар.
Әсет Бораналиев «Тараз»-2006 және «Тараз»-2007 сапында 2023-2024 жылдары 27 матч өткізіп, 2024 жылғы Freedom QJ League қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ Қазақстанның 17 және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамаларында ойнаған. Қазір алматылық «Жас Қыран» клубының ойыншысы.
Әділет Бораналы биылғы жылдың басында «Шахтер» академиясына ауысты. Ол осы маусымда 10 матчқа қатысты. 16 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасына шақырту алып жүр
•Бәйдібек Әділбек – Шыңғыс Қайрат
Фамилиялары әртүрлі болғанымен, бұл футболшылар да туған ағайындылар.
Бәйдібек Әділбек алғашқы футболдық білімін «Тараз» футбол орталығында алған. Кейін Астанаға қоныс аударып, 2024 жылы «Астана»-2007 сапында 21 матч өткізді. Қазір «Жеңіс» жастар командасында Екінші лигада ойнайды.
Ал Шыңғыс Қайрат «Тараз»-2010 құрамында 2025-2026 жылдары Freedom QJ League аясында 32 матч өткізіп, 4 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді.
Қорытынды
Тараз футбол мектебі ондаған жылдар бойы футболшы әулеттерін тәрбиелеп келеді. Бұрынғы буындағы Шохтар, Мазбаевтар, Евстигнеевтер, Ахметовтар, Сүлейлер мен Зайнутдиновтардың жолын бүгінде жаңа буын жалғастырып жатыр. Freedom QJ League осы таланттардың ашылуына мүмкіндік беріп, көптеген ағайынды футболшылардың бір алаңда немесе бір жүйеде өнер көрсетуіне жағдай жасады. Олардың бір бөлігі қазірдің өзінде кәсіби клубтарда ойнап жүр, енді біреулері жастар арасындағы жарыстарда тәжірибе жинақтауда. Бұл үрдіс Тараз футболындағы сабақтастықтың сақталғанын және жаңа футболшы әулеттерінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.