Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Арнұр Батырбай – QJ League-дегі жаңа есім

«Тараздың» шабуылшысы келесі үлкен жобаға айнала ала ма?

0 19

Қазақстанның жасөспірімдер футболында әр маусым сайын бірнеше жаңа есім жарқ етіп шығады. Алайда олардың барлығы бірдей тұрақты ойын көрсетіп, статистикасымен ерекшелене бермейді. Биылғы QJ League U-15 чемпионатында дәл сондай футболшылардың бірі ретінде «Тараз» футбол орталығының шабуылшысы Арнұр Батырбай көзге түсіп отыр.
Маусымның алғашқы бөлігінде ол QJ League аясында 10 матч өткізіп, 13 гол соқты және 3 нәтижелі пас берді. Бұл көрсеткіш Арнұрды U-15 дивизионының ең үздік сұрмергеніне айналдырып отыр. Ең бастысы – оның нәтижелілігі бір ғана сәтті ойынның емес, бірнеше тур бойы тұрақты өнер көрсетуінің нәтижесі.
Жас шабуылшының ең жарқын матчтарының бірі «Қайсарға» қарсы кездесу болды. Сол ойында «Тараз» өз алаңында қарсыласын 8:0 есебімен ойсырата жеңіп, Батырбай бес голдың авторы атанды. Бір матчта бес рет мергендік таныту жас деңгейіндегі кез келген шабуылшы үшін сирек кездесетін жетістік саналады және оның гол соғу қабілетін айқын көрсетті.
Тараз футбол мектебі әрдайым Қазақстан футболына бірнеше сапалы ойыншы тәрбиелеп шығарғаны белгілі. Әртүрлі буын өкілдері саналатын Сейілда Байшақов, Нұркен Мазбаев, Бауыржан Исламхан және Бахтиер Зайнутдинов осы мектептен түлеп ұшты. Әрине, Арнұр Батырбайды дәл қазір олардың деңгейімен салыстыруға немесе болашағына нақты болжам жасауға ерте. Дегенмен оның қазіргі статистикасы мен ойын сапасы Тараз футбол орталығында тағы бір перспективалы футболшының өсіп келе жатқанын аңғартады.
Арнұрдың ерекшелігі тек алаңдағы көрсеткіштерімен ғана шектелмейді. Оны жақсы білетіндердің айтуынша, ол сабырлы, көпшілікке өзін көрсетуді ұнатпайтын, сабырлы, мінезі тұйықтау жасөспірім. Мұндай қасиеттер кәсіби футболда маңызды рөл атқарады, өйткені ерте келген жетістікке қарамастан, тұрақты еңбек пен тәртіпті сақтай білу жас ойыншының әрі қарайғы дамуына әсер етеді.
Футболшының қалыптасуына отбасының қолдауы да ықпал етіп келеді. Арнұрдың ата-әжесі оны кішкентай кезінен бастап жаттығулар мен матчтарға тұрақты түрде ертіп барып, спорттық жолында әрдайым жанынан табылған. Жас спортшы үшін мұндай қолдау көбіне таланттың дұрыс бағытта дамуына мүмкіндік береді.
Арнұр футбол ортасына да бөтен емес. Ол кезінде «Тараз», «Тұран» және «Ұлытау» клубтарының намысын қорғаған кәсіби футболшы Абзал Таубайдың ағасының ұлы. Футболшы бар отбасында өсу кәсіби спорттың талаптарын ерте түсінуге және қажетті тәртіпті қалыптастыруға ықпал ететіні белгілі.
Бүгінде жас шабуылшының өнеріне бірқатар футбол академиялары қызығушылық таныта бастағаны айтылып жүр. Бұл – оның қазіргі ойын деңгейіне берілген алғашқы бағалардың бірі. Дегенмен жасөспірімдер футболында жақсы статистика көрсетудің өзі түпкі мақсат емес. Ең маңыздысы – осы қарқынды сақтап, физикалық, тактикалық және психологиялық тұрғыдан үздіксіз даму.
Қазіргі көрсеткіштеріне қарағанда, Арнұр Батырбай QJ League U-15 чемпионатының басты жаңалықтарының бірі атанып үлгерді. Ал оның болашақта Қазақстан футболындағы жарқын есімдердің қатарына қосыла ма, жоқ па – оны уақыт пен өзінің күнделікті еңбегі көрсетеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.