Жүкті әйелдердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысуына қатысты сауалдар тұрғындар тарапынан жиі қойылады. Әсіресе, еш жерде жұмыс істемейтін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтарды медициналық сақтандыру жарнасын төлеу мәселесі алаңдатады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы хабарлады.
Қор филиалының дирекьоры Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, жүкті әйелдер жеңілдік берілген азаматтар санатына жатады.
“Егер жүкті әйел ресми түрде жұмыс істемесе және жеке кәсіпкер болмаса, ол МӘМС жарналарын өз бетінше төлеуге міндетті емес. Бұл санаттағы азаматтар үшін мемлекет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналарды өз есебінен аударады”,-деді ол.
Дегенмен, жүкті әйелдің жеңілдік санатына енгізілуі үшін жүктілік бойынша есепке уақытылы тұру маңызды. Медициналық ұйым жүктілік туралы мәліметті тиісті ақпараттық жүйеге енгізгеннен кейін әйелдің сақтандырылған мәртебесі қалыптасады және ол МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызметтерді толық көлемде пайдалана алады.
МӘМС жүйесінде сақтандырылған жүкті әйелдер акушер-гинекологтың бақылауында болып, қажетті зертханалық және диагностикалық тексерулерден өте алады. Сонымен қатар, медициналық көрсетілімдер болған жағдайда консультациялық-диагностикалық көмек, стационарлық ем, босандыру қызметтері және босанғаннан кейінгі медициналық бақылау да медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі.
Егер медициналық көмек алу барысында қосымша сұрақтар немесе даулы жағдайлар туындаса, алдымен тіркелген емханадағы Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіну ұсынылады. Ал мәселе сол жерде шешілмеген жағдайда азаматтар «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, ресми сайты, Telegram-дағы SaqtandyrýBot арқылы немесе басқа да байланыс арналары арқылы өтініш қалдыра алады.
Сонымен қатар, азаматтар өздерінің МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесін Damumed, Halyk, BCC.KZ, Kaspi.kz, Freedom SuperApp, Bereke Bank, Home Credit Bank мобильді қосымшалары арқылы, сондай-ақ электрондық үкімет порталындағы «Денсаулық сақтау» бөлімі арқылы тексере алады.
Ғайни Төленқызының сөзінше, жүктілік кезінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу ана мен баланың денсаулығын қорғауға бағытталған медициналық көмекті уақытылы әрі қолжетімді алуға мүмкіндік береді. Сондықтан болашақ аналарға жүктілік бойынша есепке дер кезінде тұрып, сақтандыру мәртебесін бақылап отыру ұсынылады.