Жаз мезгілі басталысымен тұрғындардың бассейндерге ағылатыны заңдылық. Аптап ыстықтан сая іздеп, салқын суда сергігісі келетіндердің қарасы көбейеді. Әсіресе, балалар мен жастар үшін бассейн – жазғы демалыстың ажырамас бөлігі. Алайда қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда көңілді демалыс қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Сондықтан мамандар бассейнге барған әрбір азаматтың қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
Тараз қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, бүгінде қала аумағында санитариялық талаптарға сәйкес тіркелген 16 бассейн және 1 демалыс орталығы жұмыс істейді. Жеке меншік бассейн- дердің қызметі қолданыстағы санитариялық талаптарға сәйкес ұйымдастырылады.
Басқарма мамандарының айтуынша, бассейндерге жоспарлы түрде еркін тексеру жүргізілмейді. Мемлекеттік бақылау заңнама талаптарына сәйкес, тұрғындардан арыз-шағым түскенде немесе өзге де заңды негіздер болған жағдайда жүзеге асырылады. Сонымен қатар бассейн иелері өндірістік бақылау бағдарламасы аясында жылына екі рет су сапасын зертханалық тексеруден өткізуге міндетті. Бұл зерттеулерді аккредиттелген зертханалар жүргізіп, судағы хлор мөлшері мен санитариялық-гигие- налық көрсеткіштерді анықтайды. Зерттеу қорытындылары санитариялық-эпидемиология- лық бақылау органына ұсынылады.
Мамандардың сөзінше, бассейн иелері белгіленген мерзімде зертханалық бақылау қорытындыларын тапсыруға міндетті. Ал санитариялық талаптардың орындалуына, су сапасының қауіпсіздігіне және келушілердің денсаулығына толық жауапкершілік нысан иесіне жүктеледі.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бассейнде демалушылардың қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтауы аса маңызды екенін айтады. Ең алдымен балаларды бір сәтке де қараусыз қалдыруға болмайды. Көптеген жазатайым оқиға бірнеше минуттың ішінде болатындықтан, ата-ананың қырағылығы – баланың қауіпсіздігінің басты кепілі.
– Бассейнге түсер алдында міндетті түрде душ қабылдап, арнайы жүзу киімін пайдалану қажет. Тереңдігі белгісіз жерге секіруге, бассейн жиегінде жүгіріп ойнауға, бір-бірін итеруге немесе әзілдеп суға батыруға болмайды. Мұндай әрекеттер ауыр жарақатқа немесе суға кету қаупіне әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ алкогольдік ішімдік ішкен немесе өзін жайсыз сезінген адамдардың суға түсуіне болмайды. Егер суда жүрген кезде бас айналу, аяқ-қолдың тартылуы немесе әлсіздік байқалса, бірден судан шығып, бассейн қызметкерлеріне хабарлау қажет. Ал жүрек-қан тамырлары аурулары бар азаматтарға дәрігердің кеңесінсіз ұзақ уақыт суда болмаған жөн, – дейді құтқарушы Әлібек Ардақұлы.
Бассейнде жұмыс істейтін құтқарушылар мен нұсқаушылардың талаптарын орындау – қауіпсіздіктің басты шарттарының бірі. Олар кез келген төтенше жағдайда алғашқы көмек көрсетіп, адамдардың өмірін сақтап қалуға дайын болады. Сондықтан олардың ескертулеріне бейжай қарауға болмайды. Мамандардың айтуынша, бассейндерде қауіпсіздік деңгейі табиғи су айдындарына қарағанда жоғары болғанымен, бұл қауіп толық жойылды деген сөз емес. Қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан тайып құлау, жарақат алу немесе суға кету жағдайлары болуы мүмкін. Сондықтан әрбір демалушы өз өміріне де, айналасындағылардың қауіпсіздігіне де жауапкершілікпен қарауы қажет.
Дегенмен, мамандардың айтуынша, бассейн қаншалықты қауіпсіз, ашық су айдындарына қарағанда қауіп-қатері аз болғанымен, табиғи су көздерінде сақтық шараларын сақтау әлдеқайда маңызды.
Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, қала аумағындағы шомылуға қауіпті аумақтарға «Тектұрмас», «Қант зауыты», «Хамукат», «Автовокзал», «Шөлдала» және «Қарасай» (Казпоселок) тұрғын алқаптары жатады.
Бұл жерлерде суға түсуге болмайды. Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімінің 2025 жылғы 30 қыркүйектегі №205 қаулысына сәйкес, Тараз қаласының аумағында ресми түрде бекітілген шомылу орындары жоқ. Сондықтан тұрғындардың өзен-көлдер мен каналдарға түсуі өміріне үлкен қауіп төндіреді.
– Жыл сайын жазғы демалыс қарсаңында түсіндіру жұмыстары күшейтіледі. Себебі статистикаға сәйкес, жазғы маусымда су айдындарында демалушылардың шамамен 90 пайызын оқушылар мен жасөспірімдер құрайды. Осыған байланысты биыл Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы мен білім бөлімінің ұйымдастыруымен судағы қауіпсіздік тақырыбында интерактивті сабақтар өткізілді.
Іс-шара барысында төтенше жағдайлар қызметкерлері мен білім бөлімінің әдіскерлері оқушылар мен педагогтарға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Кездесуге мектептің 150 оқушысы мен мұғалімдері офлайн қатысса, қала мектептерінен 2 450-ге жуық оқушы онлайн форматта қамтылды. Сонымен қатар мектеп жанындағы лагерьлер ашылғалы бері қаладағы 40 мектеп лагерінде судағы қауіпсіздік бойынша түсіндіру сабақтары ұйымдастырылды.
Қауіптің алдын алу мақсатында биылғы 1 мамырдан бастап қаладағы су айдындарында күн сайын рейдтік-профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Су айдындарының 11 учаскесіне 25 дана «Суға түсуге тыйым салынады» деген ескерту тақтайшалары орнатылған. Сонымен бірге бекітілген кестеге сәйкес, төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері күнделікті рейдке шығып, Жедел құтқару жасағы арнайы техникамен тұрақты кезекшілік атқаруда.
Ақпараттық-насихат жұмыстары да кең көлемде жүргізілуде. Судағы қауіпсіздік тақырыбында «77 TV», «Taraz24» және «Jambyl» телеарналарына сұхбаттар беріліп, әлеуметтік желілерде түсіндіру бейнероликтері жарияланды. Бейнероликтер Тараз қаласы әкімдігінің ресми әлеу- меттік желі парақшаларында, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің интернет ресурстарында, сондай-ақ «Mart» сауда-ойын-сауық орталығының кинотеатрында көрсетілуде. Бұдан бөлек, қала көшелеріндегі LED экрандарда қауіпсіздік роликтері көрсетіліп, халық көп жиналатын орындарға 6 ескерту баннері орналастырылған, – дейді Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Данияр Аманжол.
Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында да жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің түрлі баптары бойынша жүздеген әкімшілік хаттама рәсімдеген. Ал Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қолдануда.
Жүргізілген кешенді профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың жазғы шомылу маусымында Тараз қаласы аумағында судағы жазатайым оқиғалар тіркелмепті. Бұл – құтқарушылардың, білім беру ұйымдарының, полиция қызметкерлерінің, жергілікті атқарушы органдардың және тұрғындардың ортақ жауапкершілігінің нәтижесі.
Расында, адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан қай жерде демалсаңыз да – бассейнде болсын немесе табиғат аясында болсын – қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, балаларды қараусыз қалдырмай, тек рұқсат етілген орындарды таңдаған жөн. Өйткені бір сәттік немқұрайлылық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін, ал сақтық – қауіпсіз демалыстың басты кепілі.
Арайлым Шабденова