«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жіберілетін push-хабарламалар сервисінің тиімділігін талдады. 2026 жылдың сәуір–маусым айларының қорытындысы бойынша 835 мыңнан астам қазақстандық хабарлама алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі «сақтандырылған» мәртебесін қалпына келтірді.
Аталған сервис азаматтарға сақтандыру мәртебесінің жоқ екенін дер кезінде анықтап, қажетті шараларды алдын ала қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни, олар мәртебесін тексеріп, берешегінің бар-жоғын нақтылап, қажет болған жағдайда өткізіп алған төлемдерін өтей алады.
Қор ай сайын сақтандырылмаған азаматтардың тізімін қалыптастырып, хабарландыру жіберу үшін қажетті мәліметтерді екінші деңгейдегі банктерге жолдайды. Деректерді беру дербес деректерді қорғау туралы заңнама талаптарына толық сәйкес жүзеге асырылады.
Банктер алынған мәліметтерді өздерінің клиенттік базасымен салыстырып, мобильді қосымшаларды пайдаланушыларға push-хабарламалар жібереді. Егер азаматтың берешегі болса, оны бірден төлей алады. Төлем түскеннен кейін МӘМС жүйесіндегі «сақтандырылған» мәртебесі белгіленген тәртіппен қалпына келтіріледі.
Сервистің басты мақсаты – азаматтардың медициналық көмекке жүгінген кезде сақтандыру мәртебесінің жоқ екенін күтпеген жерден білуінің алдын алу.
«Біздің міндетіміз – азамат медициналық көмекке жүгінген кезде сақтандыру мәртебесінің жоқ екенін күтпеген жерден білетін жағдайларға жол бермеу. Банк қосымшалары арқылы жіберілетін push-хабарламалар азаматтармен өзара іс-қимыл жасаудың ең тиімді арналарының бірі. Олар сақтандыру мәртебесін дер кезінде қалпына келтіруге және МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекке қолжетімділікті сақтауға мүмкіндік береді», – деді «ӘМСҚ» КЕАҚ Заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жасау департаменті директорының міндетін атқарушы Аскар Касимов.
Қазіргі таңда сервис Halyk Bank, Freedom Bank және Еуразиялық банктің мобильді қосымшаларында қолжетімді. Биылғы маусым айында Қор Kaspi Bank-пен де осындай тетікті енгізу жөніндегі қосымша келісімге қол қойды. Алдағы уақытта сервисті кеңейтіп, оған өзге де екінші деңгейдегі банктерді қосу жұмыстары жалғасады.