Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Күйдің киесін қастерлеген шебер

«Almaz Sheber» шеберханасы – ұлттық өнердің жаңғырығы

0 87

Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Ұлттық домбыра күні – халқымыздың рухани қазынасын ұлықтайтын ерекше мереке. Бұл күн тек күй өнерін насихаттап қана қоймай, ұлттық аспапты жасаушы шеберлердің еңбегіне де құрмет көрсететін тағылымды мереке. Өйткені сахнада күмбірлеген әрбір домбыраның артында оны жан-тәнімен жасап шыққан шебердің маңдай тері мен табанды еңбегі жатыр. Осы орайда Ұлттық домбыра күні қарсаңында Тараз қаласындағы ағашқа жан бітіріп, қара домбыраны қолымен сөйлетіп жүрген шебердің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында «Almaz Sheber» шеберханасына арнайы ат басын бұрдық.

Шеберхананың есігін ашқан сәттен-ақ жаңадан жонылған ағаштың аңқыған иісі мен еңбекке толы ерекше атмосфера бізді бірден баурап алды. Мұнда әрбір ағаш кесіндісі шебердің қолында өңделіп, бірте-бірте қазақтың қасиетті қара домбырасына айналып жатыр. Домбыраның әр бөлшегіне асқан ұқыптылықпен қарап, дыбысының мінсіз шығуына бар ықыласын арнайтын шебердің еңбегі ұлттық өнерге деген шексіз құрметтің айқын көрінісіндей әсер қалдырды.
Қазақ үшін домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес. Ол – ұлттың рухын, тарихын, мәдениеті мен дүниетанымын бойына сіңірген қасиетті мұра. Қос ішектен төгілген күй арқылы халқымыздың сан ғасырлық шежіресі бүгінгі күнге жетті. Сондықтан домбыра жасау – ағаштан бұйым құрастыру ғана емес, ұлттың рухани құндылығын сақтап, келер ұрпаққа аманаттау деген сөз. Осындай жауапкершілігі мол істі ата кәсіпке айналдырып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп жүрген азаматтардың бірі – Сарысу ауданы, Игілік ауылының тұрғыны Алмаз Балтабаев.
Атадан балаға жалғасқан қолөнерді өмірінің басты жолына айналдырған шебер бүгінде өз қолымен жасаған домбыралары арқылы көпшілікке танылып келеді. Үш жылдан астам уақыт бұрын жеке шеберханасын ашып, «Almaz Sheber» атауымен ұлттық аспап жасауды қолға алған ол аз ғана уақыт ішінде сапалы домбыра іздеген өнерпаздардың сеніміне ие болды. Оның айтуынша, домбыра жасау – табыс табудың емес, ата-бабадан жеткен аманатты жалғастырудың жолы.
– Домбыра жасау – мен үшін жай жұмыс емес. Бұл – атадан қалған өнер, бабадан жеткен аманат. Сол аманатты лайықты жалғастыру – менің басты міндетім. Әр аспапты қолға алған сайын оның ертең кімнің қолына тиетінін, қандай күй шырқалатынын, қандай сахнада күмбірлейтінін ойлаймын. Сондықтан әр домбыраны асықпай, бар ықыласымды салып жасаймын.
Ағаштың да өз мінезі болады, оны түсіне білу керек. Кейде бір ағаш бірден тіл табысады, енді бірі ұзақ еңбекті талап етеді. Домбыраның үні де, болмысы да соған байланысты қалыптасады. Мен үшін ең үлкен марапат – қолымнан шыққан домбыраның күйшінің көңілінен шығып, көрер- меннің жүрегіне жететін күйге үн қосуы. Сондықтан әр домбыраның өз жаны, өз мінезі болуы керек деп есептеймін, – дейді шебер Алмаз Жарасұлы. Шебердің айтуынша, жақсы домбыра, ең алдымен, дұрыс таңдалған ағаштан басталады. Сондықтан шеберханада қолданылатын әр материал мұқият іріктеледі. Домбыраның бет ағашына көбіне Тянь-Шань шыршасы пайдаланылады. Сонымен қатар түрік шыршасы, үйеңкі және Канаданың бұйра үйеңкі ағаштары секілді сапалы материалдар қолданылады. Кей жағдайда дыбыс беру қасиеті жоғары басқа да ағаш түрлері кәдеге жаратылады. Әр ағаштың табиғи ерекшелігі әртүрлі болғандықтан, олардың қолданылатын орны да өзгеше. Домбыраның үні табиғи әрі қоңыр шығуы үшін бет тақтайы мен мойын түбіріне көбіне аналық ағаш пайдаланылады. Ал аталық ағаштың дыбыс беру ерекшелігі басқаша болғандықтан, ол көбіне эстрада әншілеріне арналған домбыраларда қолданылады екен.
– Домбыраның жақсы шығуы тек шеберге ғана байланысты емес. Ағаштың да өз мінезі болады. Дыбыстың дұрыс шығуы үшін бет тақтайы мен мойын түбіріне аналық ағашты пайдаланамыз. Ал аталық ағаштың дыбыс беру қуаты жоғары болғандықтан, оны көбіне эстрада орындаушыларының домбыраларына қолданамыз, – дейді шебер.
Көпшілік дайын домбыраны ғана көреді. Ал оның артында ұзақ уақытқа созылатын еңбек, төзім мен ұқыптылық жатыр. Домбыра жасау ағашты арнайы өңдеуден басталады. Ол күннің тікелей сәулесі түспейтін жерде табиғи жағдайда кептіріледі. Кейін ғана кесу, шанақ ою, ағашты ию, әр бөлшекті дәлдеп құрастыру, дыбысын баптау сияқты жауапты жұмыстар басталады. Бұл – үлкен дәлдікті талап ететін күрделі үдеріс.
Алмаз Балтабев үшін домбыра жасау белгілі бір қалыпқа бағынатын жұмыс емес. Оның айтуынша, бұл өнердің өзегі – шабыт. Кейде жұмыс ерекше қарқынмен жүрсе, кейде бір ғана бөлшекке бірнеше күн уақыт жұмсалады.
– Бұл жұмыстың нақты уақыты болмайды. Барлығы шабытқа байланысты. Өзім ең тез жасаған домбыра үш-төрт күнде дайын болды. Ал кейбір домбыраларды бір жылдан астам уақыт жасап шыққан кездерім де бар. Себебі әр аспаптың өз ерекшелігі болады. Кейде ағаштың өзін ұзақ бақылап, бірнеше рет қайта өңдеуге тура келеді, – дейді ол.
Қолөнердің қадірі де осында. Әр домбыра – бір-біріне ұқсамайтын жеке туынды. Оның дыбысы да, үні де, табиғаты да өзгеше. Сондықтан қолдан жасалған ұлттық аспаптың бағасы оған кеткен еңбекпен, уақытпен және тәжірибемен өлшенеді.
Бүгінде «Almaz Sheber» шеберханасында дайындалатын домбыралардың бағасы олардың жасалу ерекшелігіне қарай әртүрлі. Ең қолжетімді үлгілері 65-70 мың теңгеден басталады. Ал ерекше ағаштан жасалып, дыбысы мұқият бапталған, барлық жұмысы қолмен орындалған ең қымбат домбыраның бағасы 750 мың теңгеге жеткен.
– Баға ағаштың құнымен ғана өлшенбейді. Әр домбыраға кеткен уақыт, еңбек, тәжірибе бар. Кейде бірнеше ай бойы бір ғана аспаппен жұмыс істейсің. Сондықтан әр домбыраның өз бағасы болады, – дейді шебер.
Бүгінде ұлттық аспапқа деген сұраныс азайған жоқ. Керісінше, соңғы жылдары домбыра үйренуге қызығушылық танытатын жастар көбейіп келеді. Соған сәйкес шеберханадағы тапсырыстар да жыл мезгіліне қарай өзгеріп отырады. Әсіресе, жаңа оқу жылы қарсаңында музыка мектептеріне баратын оқушылар мен өнер колледждерінің студенттерінен тапсырыс көп түседі. Сонымен қатар кәсіби күйшілер мен эстрада орындаушылары да өз талабына сай арнайы домбыра жасатады.
Тараз қаласындағы шағын ғана шеберханада күн сайын ағашқа жан бітіп, ұлттық өнердің жаңа туындылары дүниеге келеді. Бұл жерден шыққан әр домбыра – қазақтың күй өнеріне деген құрметтің, ата кәсіпке деген адалдықтың белгісі. Осындай шеберлердің арқасында ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүр жалғасын тауып, ұлттық мұрамыздың өміршеңдігі арта түсуде.
Домбыра – халқымыздың жаны. Ал сол жанға үн беретін шебердің қолы – ұлт руханиятының алтын көпірі. Атадан аманат болған өнерді көздің қарашығындай сақтап, оны заман талабына сай дамытып жүрген Алмаз Балтабаевтің еңбегі көпшілікке үлгі. Ұлттық құндылықтың қадірін арттырып жүрген осындай азаматтардың қолынан шыққан қасиетті қара домбыраның үні қазақ даласында әлі талай ғасыр қалықтай беретіні анық. Ұлттық домбыра күні қарсаңында осындай шеберлердің еңбегін дәріптеу – өткенге тағзым, бүгінге құрмет, келешекке аманат.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.