Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тарихты жаңартқан Тараздың тарланы

Жерлесіміз – Жамбыл облысынан шыққан тұңғыш Азия чемпионы

0 57

Жақында Вьетнамның Дананг қаласында грэпплингтен (UWW) ересектер арасында өткен Азия чемпионаты отандық спорт шежіресіне, соның ішінде Жамбыл облысының спорт тарихына алтын әріптермен жазылатын бірегей оқиға болды. Айтулы додада 84 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған жерлесіміз Дархан Еренбаев қарсыластарын шаң қаптырып, Азия чемпионы атанды.

Бұл – жай ғана кезекті алтын емес, Жамбыл облысының спорт тарихында грэпплингтен ересектер арасында шыққан тұңғыш Азия чемпионының тарихи жеңісі. Ішкі іріктеуде Әулиеата өңірінің намысын абыроймен қорғап, құрлықтық додаға жолдама алған тума талантымыз бұл күнде күллі аймақтың мақтанышына айналып отыр.
Бұл биік белес – жылдар бойғы төгілген тер мен табанды еңбектің заңды жемісі. Кейіпкеріміз бұған дейін де бозкілемде өзіндік қолтаңбасын қалдырып, бірнеше ірі халықаралық және республикалық ареналарда топ жарып үлгерген еді. Оның спорттық қоржынында салмақты атақтар мен лауазымдар жеткілікті. Айталық, ол – Eurasian jiu-jitsu cup чемпионы, Turkic world (Түркі әлемі) чемпионы, Қазақстан Кубогының жеңімпазы, Ташкентте өткен ашық Азия чемпионатының қола жүлдегері.
Әсіресе, еліміздегі ең беделді сындардың бірі – «Qazaq batyry championship» турнирінде топ жарып, Әлем чемпионатына тікелей жолдама жеңіп алуы оның шеберлігінің халықаралық деңгейде екенін дәлелдеді. Дүниежүзілік додада ел намысын қорғап, әлемдік деңгейдегі мықтылармен терезесі тең өнер көрсетуі спортшымыздың тәжірибесін шыңдай түсті.
Грэпплинг – секундына дейін есептелген тактиканы, темірдей төзім мен асқан физикалық дайындықты талап ететін спорт түрі. Вьетнам төрінде 84 келі салмақтағы кіл мықтылар жиналған бозкілемде Дархан өзінің тактикалық басымдығы мен жеңіске деген мұқалмас жігерін анық көрсетті. Әр белдесуде Жамбыл облысының намысы мен жерлестерінің сенімін арқалап шыққан ол сыртта жүрсе де, туған өңірінің рухын сезініп күрескенін айтады.
Азия тұғырын бағындырған жерлесіміз бұл жетістікпен тоқтап қалмақ емес. Алда бұдан да жауапты, бұдан да ірі әлемдік додалар күтіп тұр. Көк байрақты желбіретіп, Жамбыл атын халықаралық аренада асқақтатқан Дархан Еренбаевқа алдағы уақытта да тек жеңісті күндер серік болсын дейміз. Тарихты жаңартқан Тараз тарланының алар асуы әлі алда!

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.