Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы»

Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің мерейтойы кең көлемде аталып өтті

0 47

Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің 60 жылдық мерейтойына орай «Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы» атты салтанатты жиын өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, ардагер журналистер, қаламгерлер, басылымның бұрынғы және қазіргі қызметкерлері, аудан тұрғындары қатысты.

Әуелі жиналған қауым газет тарихынан сыр шертетін көрмені тамашалады. Көрмеде газет жарық көрген алғашқы нөмірлер, әр жылдардағы тарихи басылымдар, редакция ұжымының жетістіктері мен естелік суреттері қойылып, қонақтар өткен мен бүгінді сабақтастырған рухани мұрамен жақынырақ танысты.
Жиын барысында Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді.
– Алпыс жылдық тарихы бар басылым – бірнеше буынның тағдырын, ауданның өсіп-өркендеу жолын, ел өміріндегі маңызды оқиғаларды тасқа басып, ұрпаққа аманат етіп келе жатқан рухани қазына. Осы жылдар ішінде газет халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айналып, жұртшылықтың сеніміне ие болды.
Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек», – деген. Демек, халық барда қай елдің болмасын баспасөз саласы уақыт көшінен қалмақ емес. Уақыт алға жылжиды, заман алмасады. Соған қарамастан баспасөз саласының бірізділігі мен жұмыс ырғағы ешқашан бұзылмайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары қоғам санасын жаңғыртып, ұлт тұтастығын нығайту жолында айрықша рөл атқарады. Баспасөз саласын дамыту, сондай-ақ журналистердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі», – деген тұжырымын оқырманның ой-өрісін кеңейтіп, рухани байлығын еселейтін газет өкілдеріне деген құрмет пен сенім деп қабылдаған абзал.
Газет әр кезеңде тұрғындардың қуанышы мен жетістігін, толғандырған мәселелері мен маңыз- ды оқиғаларын оқырманға жеткізіп, қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал етіп келеді.
Сондықтан газет – әр отбасының, әр азаматтың өмірімен біте қайнасып жатқан рухани қазына, елді бірлікке, ізгілікке үндейтін маңызды мінбер, – деген аудан басшысы басылымның дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын табыстады.
Сондай-ақ шарада танымал жергілікті жазушылар – Маханбетәлі Дүйсебаев, Жаңабай Миллионов, Көсемәлі Сәттібайұлы «Шұғыла» шуағы» атты кітаптың тұсауын кесті. Жинақта аудандық басылымның қалыптасу тарихы, әр кезеңдегі редакция жұмысы, газетпен тағдырлас болған азаматтардың естеліктері, жүрекжарды лебіздері мен мақалалары топтастырылған.
Мерекелік жиын аясында Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов басылым жайлы естеліктерін бөлісіп, бірқатар әріптеске аталмыш одақтың марапаттарын тапсырды.
Салтанатты жиыннан соң күрделі жөндеуден өткен редакция ғимаратын аралап көрді. Заманауи талаптарға сай жаңартылған жұмыс кабинеттері мен материалдық-техникалық базамен танысып, ұжымның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Мерейтой мерекелік дастархан басында жалғасып, ардагерлер мен әріптестер өткен күндерді еске алып, басылымның жарқын болашағына ақжарма тілектерін арнады.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.