Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Президент: Парламенттің қазіргі құрамы – ел тарихындағы ең мықты құрамның бірі

0 18

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарының ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы еңбегіне жоғары баға берді. Президент заң шығарушы органда қабылданған әрбір шешімнің мемлекет болашағы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Президент өз сөзінде Парламент депутаттарына ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге адал әрі мінсіз қызмет еткені үшін шынайы ризашылығын білдірді. Сонымен қатар қазіргі шақырылымдағы депутаттардың қызметіне ерекше тоқталып, бұл құрамды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты парламенттік құрамдардың бірі деп бағалады.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі депутаттар ел дамуының ең күрделі әрі шешуші кезеңінде қызмет атқарып, ауқымды реформалардың жүзеге асуына тікелей атсалысты. Олар жауапты сәттерде жауапкершіліктен жалтармай, мемлекет үшін аса маңызды өзгерістерді жүзеге асыруға белсенді үлес қосты.

Президент кейінгі үш жылдың өзінде Парламент 300-ден астам маңызды заң қабылдағанын атап өтті. Олардың қатарында елдің ұзақмерзімді дамуына негіз болатын конституциялық заңдар мен кодекстер бар. Бұл құжаттар Қазақстанды жаңғыртуға бағытталған реформалардың құқықтық негізін қалыптастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда экономикалық саладан бастап қоғамдық құндылықтарға дейінгі барлық бағытты қамтыған ауқымды жаңғыру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Оның пікірінше, мұндай тарихи өзгерістердің бел ортасында болу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік.

Президент депутаттардың қажырлы еңбегі Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам болғанын айтып, олардың атқарған жұмысы ел тарихында лайықты орын алатынына сенім білдірді. Сонымен бірге уақыт талабына сай батыл әрі жаңашыл шешімдер қабылдаудың маңыздылығына тоқталып, өзгерістердің қарқыны бәсеңдемеуі қажет екенін жеткізді.

Сөз барысында Мемлекет басшысы халықаралық жағдайдың күрделене түскеніне де назар аударды. Оның айтуынша, әлемдегі геосаяси және экономикалық тұрақсыздық жаһандық экономикаға елеулі әсерін тигізуде. Халықаралық ұйымдардың болжамына сәйкес, алдағы екі жылда көптеген мемлекеттер экономикалық жоспарларын іске асыру барысында қиындықтарға тап болуы мүмкін.

Соған қарамастан Президент қандай жағдайда да үрейге бой алдырмай, нақты әрекет ету қажеттігін айтты. Ол Үкіметке елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін белсенді әрі тиімді жұмыс жүргізуді тапсырды.

Мемлекет басшысы инфляцияны төмендету, баға тұрақтылығын сақтау және экономикалық өсімнің қарқынын бәсеңдетпей, керісінше оны арттыру алдағы кезеңдегі негізгі басымдықтардың бірі болуы тиіс екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында экономиканың орнықтылығы мен тиімді мемлекеттік басқару Қазақстанның одан әрі дамуының басты кепілі болмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.