Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Парламенттің тарихи сессиясы: Қазақстан мемлекеттік дамудың жаңа кезеңіне қадам басты

0 19

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, бұл жиынның ел тарихындағы айрықша маңызын атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінгі отырыс тек кезекті парламенттік сессияның аяқталуы ғана емес, сонымен қатар Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір кезеңнің қорытындысы болып табылады.

Президент өз сөзінде ертеңнен бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енетінін айтты. Осыған байланысты еліміздің мемлекеттік билік жүйесінде ауқымды өзгерістер жүзеге асып, басқарудың жаңа моделі қалыптасады. Мемлекет басшысы бұл өзгерістердің тарихи сабақтастық қағидатына негізделгенін ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасу жолына да тоқталды. Оның айтуынша, осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын құрылған тұңғыш кәсіби Парламент тәуелсіз мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастыруда және нарықтық экономиканы орнықтыруда маңызды рөл атқарды.

Президенттің мәліметінше, осы уақыт аралығында Парламент шамамен 3,5 мың заң қабылдап, олардың әрбір оныншысына депутаттардың өздері бастамашылық жасаған. Бұл заң шығарушы органның мемлекет дамуына қосқан нақты үлесін көрсетеді.

Мемлекет басшысы Парламенттің қалыптасуында елге белгілі саясаткерлердің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің еңбегі зор болғанын айтып, олардың қызметі Қазақстан тарихында ерекше орын алатынын жеткізді.

Сонымен қатар Президент Парламенттің әр кезеңде заман талабына бейімделіп, қоғам сұранысына жауап бере алғанын атап өтті. Заң шығарушы орган түрлі саланың кәсіби мамандарын бір мақсатқа жұмылдырып, елімізде сапалы парламенттік мәдениеттің қалыптасуына негіз болды.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің әрбір шақырылымы Қазақстанның тұрақты дамуына серпін беріп, елдің эволюциялық жаңғыру жолындағы маңызды институтқа айналғанын айтты.

Президенттің пікірінше, бүгінгі тарихи өзгерістер Қазақстанның жаңа даму кезеңіне қадам басқанын білдіреді және мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған жаңа реформалардың бастамасы болмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.