Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Байзақта 8 мыңнан астам кәсіпкер жұмыс істейді

Шағын бизнес аудан экономикасының қозғаушы күшіне айналды

0 22

Экономиканың тұрақты дамуы кәсіпкерлік белсенділікпен тікелей байланысты. Соңғы жылдары Байзақ ауданында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен қаржылық құралдардың тиімді жүзеге асырылуы нәтижесінде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Бүгінде аудан экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі саналатын бұл сектор мыңдаған тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, өндіріс көлемінің ұлғаюына және жергілікті бюджеттің нығаюына елеулі үлес қосып отыр.

Ағымдағы жылдың 1 маусымындағы мәліметке сәйкес, Байзақ ауданында 8368 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тұрақты жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерде 12,1 мыңнан астам адам еңбек етеді, яғни ауданның экономикалық белсенді тұрғындарының 21,4 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш кәсіпкерліктің аудан тұрғындары үшін табыс табудың ғана емес, жаңа жұмыс орындарын қалыптастырудың маңызды тетігіне айналғанын көрсетеді.

Бизнесті дамытуда мемлекеттік қолдау шараларының рөлі ерекше. Биыл облыстың қаржы институттары, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы ауданның 27 кәсіпкерлік субъектісіне 1,8 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бұл қаржы өндірісті кеңейтуге, жаңа жабдықтар сатып алуға, айналым қаражатын толықтыруға және жаңа жобаларды іске асыруға бағытталған.

Өңдеу өнеркәсібі Байзақ ауданындағы кәсіпкерліктің маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Бүгінде ауданда тауық еті өндірісі, темір-бетон бұйымдарын шығару, құрама жем өндіру, шыны шыңдау және кірпіш өндірісімен айналысатын ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Бұл өндіріс орындарында 500-ден астам адам тұрақты еңбек етеді. Ал шағын және орта бизнес субъектілері биылғы бес айдың өзінде 4 млрд теңгенің өнімін өндірді.

Жаңа өндірістердің іске қосылуы жергілікті кәсіпкерлер үшін қосымша мүмкіндік ашып, қосалқы қызмет түрлерінің көбеюіне ықпал етуде. Құрылыс, логистика, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағыттарында жаңа бизнес бастамалар көбейіп келеді.

Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген қаржыландыру көлемін ұлғайту, инфрақұрылымды жетілдіру және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аудан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халық табысының өсуіне және өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.

Бүгінде Байзақ ауданындағы шағын және орта бизнес тек жергілікті экономиканың құрамдас бөлігі ғана емес, өңірдің тұрақты дамуының негізгі драйверіне айналып отыр. Кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау, өндірісті кеңейту және жаңа жобаларды іске асыру арқылы ауданның экономикалық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Бұл – мемлекеттік қолдау мен жеке бастаманың үйлесімді нәтижесінің нақты көрінісі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.