Оңайлатылған іс жүргізу (Робот сот орындаушысы) — сот және уәкілетті органдардың қаулыларын, сондай-ақ салық бұйрықтарын орындау процесін автоматтандыруға арналған цифрлық платформа. Бұл жүйе жасанды интеллект пен деректерді өңдеудің заманауи әдістерін қолдана отырып, адамның қатысуынсыз атқарушылық құжаттардың орындалуын жүзеге асырады. Әдетте, сот орындаушылары борышкерлердің мүліктерін анықтау, қарызды өндіру және басқа да заңды міндеттерді орындау үшін көп уақыт пен ресурстарды қажет етеді. Ал робот сот орындаушысы бұл міндеттерді әлдеқайда жылдам және тиімді орындайды.
Жамбыл облысына Қазақстанда алғашқылардың бірі болып робот сот орындаушы жүйесі енгізілді. Бұл жаңашылдық сот орындаушыларының жұмысын автоматтандыру арқылы халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыруға және уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Робот сот орындаушысы деректерді жинау, есепшотқа тыйым салу, белгілі бір іс әрекеттерді жасауға шектеу қою, инкассолық өкімдер қою және басқа да күрделі процестерді жүргізеді.
Оның жұмысы толықтай электронды форматта жүзеге асырылып, барлық процесс ашық әрі әділ түрде жүргізіледі.
Робот сот орындаушысы өзінің қызметіне азматтардан ақы алмайды, яғни тек өндіріп алу сомасын ғана төлейді.
Мемлекеттік немесе жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізудегі әрекетін тікелей өзінің (адамның) қатысуымен жүзеге асыратын болса, робот сот орындаушысында әрекеттердің барлығы автоматты түрде адамның қатысуынсыз жүзеге асырылады.
Робот сот орындаушысы адамға қарағанда әлдеқайда жылдам жұмыс істейді. Автоматтандырылған жүйе барлық қажетті ақпаратты тез жинап, атқарушылық құжаттың талабын орындау уақытын айтарлықтай қысқартады. Мысалы, мемлекеттік немесе жеке сот орындаушысы бірнеше күн немесе тіпті апта бойы жүргізетін процестерді робот бірнеше минутта жүзеге асыра алады.
Робот сот орындаушысының іске қосылуы, жеке сот орындаушыларының орындауына түсетін мемлекет пайдасына 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі соманы өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды азайтты.
Бұл дегеніміз, аталған санаттағы атқарушылық құжаттардың толықтай жеке сот орындаушысына түспейді дегенді білдірмейді. Себебі, робот сот орындаушысымен бір ай мерзім ішінде атқарушылық құжаттың талабы орындалмаса, ол әрі қарай орындау үшін жеке сот орындаушысына жолданады.
Бұдан бөлек, аталған атқарушылық құжаттардың түсуінің азайғаны, жеке сот орындаушыларының әлеуметтік маңызы бар санаттағы (алимент, жалақы және т.б.) атқарушылық құжаттарды орындауға көп көңіл бөлетінін атап өту қажет.
Д.Аралбеков,
мемлекеттік сот орындаушы