Тарихта халқының болашағы үшін басын бәйгеге тіккен тұлғалар аз емес. Солардың ішінде Алаш арыстарының орны ерекше. Олар өз заманының ауыр сынақтарына қарамастан, қазақ елінің еркін, білімді әрі өркениетті мемлекетке айналуын армандады. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан — сол асыл мұрат пен күрестің жемісі. Алайда Алаш зиялылары аңсаған ел қандай болуы керек еді деген сұрақ бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Ең алдымен, Алаш қайраткерлері білімді ұлт қалыптастыруды көздеді. Олар халықтың сауатты, көзі ашық болғанын қалады. Себебі білімсіз қоғамның болашағы бұлыңғыр болатынын жақсы түсінді. Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету — білімнен емес, мінезден» деп, елге адал қызмет етудің маңызын атап көрсетті. Оның арманы — жері өз иелігінде болатын, заң үстемдік құратын, өркениетті мемлекет қалыптастыру еді.
Ахмет Байтұрсынұлы да ағартушылықты ұлт дамуының басты шарты деп білді. Оның: «Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек» деген сөзі бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ. Қазіргі Қазақстанда білім алуға мүмкіндік мол. Сондықтан жастар кітап оқып, ғылымға ұмтылып, елдің дамуына өз үлесін қосуға талпынуы қажет.
Алаш зиялылары әділетті қоғам құруды да мақсат тұтты. Өйткені әділдік бар жерде ғана халықтың мемлекетке деген сенімі нығаяды. Қазақ халқының «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген нақылы да осыны аңғартады. Заң бәріне бірдей қызмет етіп, әр азаматтың құқығы қорғалатын қоғам ғана тұрақты дамуға қол жеткізе алады.
Сонымен қатар, Алаш қайраткерлері ұлттық құндылықтарды сақтауға ерекше мән берді. Ана тілі, салт-дәстүр, ұлттық рух — халықтың рухани тірегі. Жаһандану дәуірінде өзге мәдениеттерді танып-білу маңызды болғанымен, ұлттық болмысты сақтау одан да маңызды. Қазақ тілінің мәртебесі артып, ұлттық дәстүрлер өмір салтының ажырамас бөлігіне айналғанда ғана елдің рухы нығая түседі.
Алаш арыстары ел бірлігін де басты құндылықтардың бірі ретінде қарастырды. Тарих көрсеткендей, бірлігі әлсіреген халықтың болашағы да бұлыңғыр болады. Сондықтан Қазақстанда тұратын барлық азамат өзара сыйластық пен татулықты сақтап, ортақ мақсат жолында біріге білуі керек. Ынтымақ пен келісім — мемлекеттің тұрақты дамуының негізі.
Бүгінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде көптеген жетістіктерге жетті. Дегенмен Алаш арыстары армандаған қоғамды қалыптастыру тек мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Өз ісіне адал мұғалім, дәрігер, журналист немесе қарапайым еңбек адамы — бәрі де ел дамуына үлес қосады. Ел тағдырына бейжай қарамайтын, туған жерін қадірлейтін ұрпақ қалыптасқанда ғана Алаш мұраты толық жүзеге асады.
Қорыта айтқанда, Алаш арыстары аңсаған Қазақстан — білімді, әділетті, бірлігі бекем, ұлттық құндылықтарын құрметтейтін тәуелсіз мемлекет. Мұндай елді құру — өткен ұрпақ алдындағы парызымыз әрі келешек ұрпаққа аманатымыз.
Айжарық Ақнұр