Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Паразит сөздер сөйлеу мәдениетіне қауіп төндіре ме?

0 19

Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен интернеттің қарқынды дамуы жастардың сөйлеу мәнеріне айтарлықтай әсер етуде. Күнделікті қарым-қатынаста ғана емес, кейде сабақ барысында және ресми ортада да «типа», «короче», «ну», «блин», «как бы» секілді паразиттік сөздер жиі қолданылады. Бұл құбылыс қазақ тілінің тазалығы мен сөйлеу мәдениетіне кері әсерін тигізуде.

Паразит сөздер – нақты мағынасы жоқ, сөйлеу барысында әдетке айналып кеткен артық сөздер. Көбіне адам ойын жүйелеп үлгермегенде немесе сөз іздеп кідіргенде осындай сөздерді қолданады. Бүгінде жастар қазақша сөйлей отырып, орыс және ағылшын тілдерінен енген сөздерді де жиі араластырады. Мысалы, «вообще», «реально», «изи», «окей» сияқты сөздер күнделікті қолданыста кең таралған.

Мұндай үрдістің қалыптасуына әлеуметтік желілер мен блогерлердің ықпалы зор. Жастар көбіне танымал тұлғаларға еліктейді. Егер блогерлер мен медиа өкілдері паразит сөздерді жиі қолданса, олардың аудиториясы да сол сөйлеу үлгісін қайталайды. Уақыт өте келе бұл қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастайды.

Паразит сөздердің шамадан тыс қолданылуы адамның сөйлеу мәдениетін төмендетеді. Өз ойын анық әрі нақты жеткізе алатын адам тыңдарманға жағымды әсер қалдырады. Ал орынсыз сөздерді көп қолдану сөйлеудің сапасын төмендетіп, айтылған ойдың мәнін әлсіретеді. Кей жағдайда адамның білім деңгейі мен мәдениеті де оның сөйлеу мәнеріне қарай бағаланады.

Бұл мәселе жөнінде Кемертоған орта мектебінің мұғалімі Назгүл Сексенбаева өз пікірін білдірді:

— Паразит сөздерді азайту үшін сөйлеу мәдениетіне мән беріп, сөздерді орнымен қолдануға дағдылану қажет. Кітап оқу және сөздік қорды байыту адамның ойын анық жеткізуіне көмектеседі, – дейді ол.

Сонымен қатар ұстаз блогерлер мен медиа саласы өкілдерінің жауапкершілігіне де тоқталды:

— Блогерлердің сөйлеу мәнері жастарға үлкен әсер етеді. Сондықтан олар сауатты сөйлеп, әдеби тіл нормаларын сақтауы маңызды. Қазақ тілінің тазалығын сақтау – ұлттық құндылықтарды сақтау деген сөз. Ана тіліміздің байлығы мен көркемдігін дәріптеу әрбір азаматтың міндеті, – дейді Назгүл Сексенбаева.

Мамандардың пікірінше, бұл мәселені шешудің тиімді жолдарының бірі – кітап оқу мәдениетін дамыту және таза қазақ тілінде сөйлейтін ортаны қалыптастыру. Сонымен қатар қоғам алдында жүрген тұлғалар өз сөз саптауына ерекше мән бергені жөн.

Қорытындылай келе, паразит сөздердің шамадан тыс қолданылуы сөйлеу мәдениетінің төмендеуіне және тіл тазалығының әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан әр адам өз сөз қолданысына жауапкершілікпен қарап, ана тілінің байлығы мен көркемдігін сақтауға үлес қосуы қажет.

Тастан Назым

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.