Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Азаматтық қоғамға – айрықша құрмет

Үкіметтік емес ұйымдарға қала әкімінің гранты табысталды

0 48

Кеше «Көне Тараз» кешенінде азаматтық бастамаларды қолдауға бағытталған шағын гранттарды табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских және облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Исламбек Дастан қатысты.

Шара барысында Бақытжан Әмірбекұлы азаматтық қоғамның еліміздегі маңызына айрықша тоқталып, осы бағытта атқаралып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Бүгінде қалада 580 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың 427-сі – қоғамдық бірлестіктер, 126-сы – қоғамдық қорлар, 27-сі – заңды тұлғалар бірлестіктері. Қазір олардың 100-ге жуығы ғана белсенді қызмет атқаруда. Азаматтық қоғам өкілдерінің бастамасымен шаһарда «Тараз азаматтық орталығы», «Jambyl civil hub», «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобалары, «Ой шебері» зияткерлік ойыны жүзеге асырылып жатыр.
Ерекше атап өтерлігі, бүгінге дейін Тараздың 10-нан аса үкіметтік емес ұйымы мемлекеттік сыйлықақы иегері атанды. Оның ішінде «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі және «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі 2 рет топ жарды. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қала көлемінде 5 грант пен 17 әлеуметтік жоба іске асырылуда, – деген шаһар басшысы «Ортақ мүдде» жобасы аясында өткізілген шағын гранттар конкурсының жеңімпаздарына арнайы марапаттарды табыстады.
Байқау қорытындысы бойынша «Кедергісіз болашақ» қоғамдық бірлестігінің «Seriktestik Hub: Бизнес. Қоғам. Үкімет», Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің «TAMYR: Ұлттық құндылықтың жаңа тынысы», «Әлеу- меттік жастар» қоғамдық қорының «Digital Jastary», «Қызыл Ай» қоғамы Жамбыл облыстық филиалының «Отбасылық байланыстарды қалпына келтіру» және «Qoloner-Taraz» қоғамдық бірлестігінің «Бабалар аманаты» жобалары үздік деп танылды.
Жиын аясында Геннадий Шиповских, «Елім-ай Достық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Полина Ким, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдас- тығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы, «Халықаралық жыл волонтері» сыйлығының иегері Азамат Нәмелбек сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.