Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және өңірлерге инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары аясында Жамбыл облысында тағы бір ірі инвестициялық жоба қолға алынды.
Жамбыл облысының Меркі ауданында «ЭкоФерма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығы кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті.
Өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инвестициялық жобаның капсула салу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жаңа нысанның құрылысына сәттілік тіледі.
– Жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығы кешенінің іске қосылуы өңірдегі ауыл шаруашылығының өндірістік тізбегін нығайтып, асыл тұқымды қорды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өнім сапасы артып, өндіріс тиімділігі жоғарылайды әрі саланың импортқа тәуелділігі төмендейді. Ең бастысы, агроөнеркәсіп кешеніндегі қосылған құн көлемі өсіп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Мұндай жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдық аумақтардың дамуына серпін береді, – деді облыс әкімі.
Жоба жетекшісі Бақыт Көкебаев бұл бастама өндірістік нысан салумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, жоба ауылдық аумақтарды дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және отандық өндірістің әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Өз кезегінде ауыл ақсақалы Белгібай Айнақұлов ақ батасын беріп, жаңа кәсіпорын ауыл жастарын тұрақты жұмыспен қамтып, елді мекеннің өркендеуіне оң ықпал ететініне сенім білдірді. Сонымен қатар ауылдың жыл сайын көркейіп, қарқынды дамып келе жатқанына ризашылығын жеткізді.
Жобаның жалпы құны – 1 миллиард теңге. Қаржыландыру толықтай кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Жалпы аумағы 4 гектарды құрайтын кешеннің алғашқы кезеңінде 20 мың бас тауық өсіріледі. Алдағы уақытта оның қуаты 100 мың басқа дейін ұлғайтылып, жылына 30 миллион жұмыртқа өндіру жоспарланып отыр. Жоба аясында әр тауықтан жылына 300–320 жұмыртқа алу көзделген.
Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін 20–25 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді.
Жамбыл облысында соңғы үш жыл ішінде экономикаға 764,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, өңір республикадағы инвестициялық өсімі жоғары аймақтардың біріне айналды. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында жалпы құны 143 миллиард теңгені құрайтын төрт жоба іске қосылып, 920 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жыл соңына дейін тағы 47 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарлануда. Алдағы жылдары жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын 116 жобадан тұратын ауқымды инвестициялық пул кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.