Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар аумағында құрылыс нысандарын арнайы аралады. Әуелі шаһар басшысы «Бектөбе» және «Қызылшарық» алаптарындағы жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Қазіргі таңда «Қызылшарық» алабында ұзындығы 5 шақырымға жуық көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жолдың негізі дайындалып, асфальт-бетон жабынының бірінші қабаты төселген. Жобаға сәйкес, алдағы уақытта жолдың екінші қабаты салынып, жол жиегі ретке келтіріледі. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жолдың кейбір бөліктері 8 метрге дейін кеңейтіледі.
Құрылысты биылғы тамыз айы- ның соңына дейін толық аяқтау көзделген.
Айта кетерлігі, «Бектөбе» мен «Қызылшарық» алаптары – Тараз қаласының аумағына жаңадан қосылған елді мекендердің қатарында. Осыған байланысты аталған аумақтардағы инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта бұл алаптардағы жолдардың жағдайын жақсарту, инженерлік желілер тарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бойынша бірқатар жобалар қолға алынбақ.
Осы орайда қала әкімі жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беруді және белгіленген мерзімнен кешіктірмеуді тапсырды. Өз кезегінде алап тұрғындары көп жылдан бері көтеріліп келген жол мәселесінің шешімін тауып жатқанына ризашылықтарын білдіріп, атқарылып жатқан жұмыстар үшін шаһар басшылығына алғыстарын жеткізді.
Келесі кезекте қала әкімі «Этноауыл» кешенінің құрылысын көрді. Қазіргі таңда Тәуке хан көшесі бойында заманауи талаптарға сай әрі ұлттық нақышты үйлестіретін мәдени-демалыс аймағының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған жоба «Достастық жәрмеңкесі» аясында жүзеге асырылып отыр.
Жаңа кешен құрамында турис- тердің қызығушылығын арттыратын цитадель үлгісіндегі нысан, әкімшілік ғимарат, сауда павильондары, ұлттық қолөнер мен кәдесый өнімдерін ұсынатын дүкендер орналасады. Сонымен қатар аумақта көлеңкелі демалыс орындары, серуендеу алаңдары, жеңіл тамақтану орталықтары мен абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер қарастырылған.
«Этноауыл» кешені қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтарын дәріптейтін ерекше орынға айналады деп күтілуде. Мұнда ұлттық дәстүрлерді насихаттайтын түрлі мәдени іс-шаралар, көрмелер мен мерекелік бағдарламаларды өткізуге мүмкіндік жасалады.
Осы күні Бақытжан Әмірбекұлы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңғырту жұмыстарына да қанықты. Соңғы жылдары Тараздың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2024 жылы Төле би даңғылы бойында орналасқан 12 көпқабатты тұрғын үйдің сырт- қы келбеті жаңартылды. Ал 2025 жылы Абай даңғылы, Әйтеке би және Қазыбек би көшелеріндегі 15 тұрғын үйдің қасбеттері жөнделіп, заман талабына сай жаңғыртылды. Нәтижесінде шаһардың көркі артып, көшелердің эстетикалық келбеті айтарлықтай жақсарды.
Бұл бастама ағымдағы жылы да өз жалғасын табуда. Бүгінде Абай даңғылы, Желтоқсан және Ы.Сүлейменов көшелерінің бойындағы тұрғын үйлердің қасбеттері жаңғыртылып жатыр.
Қала әкімі жауапты сала басшыларына жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жаңарту жұмыстары қаланың сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін жайлы әрі көркем орта қалыптастыруға ықпал етуге тиіс екенін атап айтты.