Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Әлеуметтік тұрақтылықтың негізі – нәтижелі жұмыспен қамту

0 61

Халықты жұмыспен қамту, еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Әсіресе, қазіргі кезеңде азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту, еңбек құқықтарының сақталуын бақылау, әлеуметтік төлемдердің уақытылы аударылуын қамтамасыз ету және еңбек нарығындағы тәуекелдердің алдын алу мәселелері ерекше маңызға ие. Осы бағытта Тараз қаласында жүйелі жұмыстар атқарылып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда жұмыспен қамту саласында мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар аясында белгіленген көрсеткіштерді орындау бойынша жоспарлы жұмыстар жалғасуда. Қала әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, жұмыспен қамтудың өңірлік Картасы аясында 11 794 жұмыс орны бекітіліп, ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 4 451 жұмыс орны құрылып, жоспар 37,1 пайызға орындалды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында да 1 192 жұмыс орны ашылып, жоспар 46,6 пайызға жүзеге асырылса, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 3 571 адам тартылды. Сонымен қатар Электронды еңбек биржасында жұмыс берушілердегі бос жұмыс орындарына 1 956 адам орналастырылды.
Облыстық басқармалардың ұсынысына сәйкес, 2026 жылы ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар аясында 17 жоба бойынша 313 жұмыс орны бекітілген. Бүгінгі таңда 9 жоба бойынша 89 жұмыс орны ашылды. Осы ретте белгіленген шараларды толық жүзеге асыру арқылы ағымдағы жылға арналған жоспарлы көрсеткіштердің толық орындалуы көзделіп отыр екен.
– Бүгінде қаладағы еңбек жағдайларының ахуалы тұрақты, ешқандай шиеленіс тіркелмеген. Сонымен қатар еңбек қатынастарының заң талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Әр тоқсан сайынғы мәліметтерге сәйкес, Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі мен «Төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру» автоматтандырылған ақпараттық жүйе- сінің деректеріне сүйене отырып, Тараз қаласында міндетті зейнетақы жарналарының болмауына байланысты сәйкессіздік анықталған. Осыған байланысты 1 588 мекеме мен 22 260 адамға, сондай-ақ еңбек шарттарының болмауына байланысты сәйкессіздік тіркелген 546 мекеме мен 4 098 адамға талдау жүргізілді.
Талдау нәтижесінде 1 502 нысанға, оның ішінде мемлекеттік мекемелерге, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге, филиалдарға және өзге де ұйымдарға тиісті нұсқаулықтар жолданды. Қалған 86 мекемемен міндетті зейнетақы жарналары бойынша сәйкессіздіктер жойылып жатыр. Дегенмен, қоғамдық бірлестіктер пошталарын анықтау белгілі бір қиындықтар туғызуда. Атап айтқанда, «Бизнес-аналитик», «Госзакуп» платформаларында, сондай-ақ «Яндекс», «Инстаграм», «Фейсбук» желілерінде көптеген ұйымдардың байланыс нөмірлері мен электрондық пошталары көрсетілмеген.
Бұдан бөлек, еңбек шарттарының болмауына байланысты сәйкессіздік анықталған 546 мекеме мен 4 098 адамға да талдау жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 494 нысанға, оның ішінде мемлекеттік мекемелерге, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге, филиалдарға және өзге де ұйымдарға түсіндірме және нұсқаулық берілді. Қалған 52 мекемемен еңбек шарттарына қатысты сәйкессіздіктерді жою шаралары қолға алынған. Сәйкессіздіктердің алдын алу және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында қала әкімдігінің ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында арнайы хабарландырулар жарияланды, – деген қала әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Райкүл Талқанбаева мәдениет, білім және денсаулық сақтау салаларындағы еңбек шарттары мен міндетті зейнетақы жарналары бойынша сәйкессіздіктерге жүргізілген зерделеу барысында бірнеше негізгі себеп анықталғанын жеткізді.
– Біріншіден, көптеген мекемеде орталықтандырылған бухгалтерия жүйесі жұмыс істейді. Екіншіден, еңбек шарттарын рәсімдеу мәселелері кей жағдайда басқармалардың құзыретіне жатады. Үшіншіден, филиал қызметкерлерінің төлемдері бас кеңсенің бизнес-сәйкес- тендіру нөмірі арқылы аударылады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде сәуір айынан бүгінгі күнге дейін еңбек шарттарын енгізбеген мекемелер саны 610 мекемеге, ал сәйкессіздікке жол берген адамдар саны 769 адамға азайды.
Еңбек қатынастары саласындағы тәуекелдерді азайту және ықтимал әлеуметтік шиеленістердің алдын алу мақсатында Қазақстан Респуб- ликасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіпорындардың цифрлық картасын әзірледі. Оның аясында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған деректер негізінде кәсіпорындардың қаржылық, еңбек және әлеуметтік тәуекелдері талданады. Сонымен қатар әрбір кәсіпорынның жиынтық тәуекел деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін арнайы скорингтік модель енгізілген.
Бүгінгі күнге дейін аталған скорингтік модель негізінде Тараз қаласы бойынша тәуекелі жоғары 117 мекеме мен кәсіпорын анықталды. Оның ішінде 61 мекеме мектеп болғандықтан, олардың тәуекел көрсеткіштерін төмендету мәселесі әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның қарауына ұсынылды. Сондай-ақ білім бөліміне тиісті хат жолданды. Нәтижесінде аталған бөлім тарапынан білім беру ұйымдарындағы орталықтандырылған бухгалтерия жүйесіне байланысты міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың бөлімнің БСН-і арқылы төленетіні жөнінде түсіндірме берілді, – дейді Райкүл Қаланқызы.
Қазір қаладағы еңбек ахуалын бақылауда жалақы бойынша берешек мәселесі де ерекше назарда ұсталып отыр. Айталық, Тараз қаласы бойынша қысқартылған және ішінара жұмыспен қамтылған қызметкерлер, сондай-ақ жалақы бойынша берешек туралы статистикалық мәліметтер кәсіпорындардың ресми түрде ұсынған ақпараттары негізінде қалыптастырылады.
Мәселен, 2025 жылғы 26 қыркүйектегі жағдай бойынша «Таймас Тұлпар» ЖШС-інде 34 жұмыскерге 22,9 миллион теңге көлемінде жалақы берешегі анықталған. Алайда мемлекеттік еңбек инс- пекциясына шағымданған 11 қызметкердің өтініші негізінде кәсіпорынға әкімшілік айыппұл салынып, нәтижесінде аталған 11 адамның алдындағы 3 миллион 758 мың теңге көлеміндегі жалақы берешегі толық өндірілген. Бұл мәселені оңтайлы шешу мақсатымен былтыр 17 қазанда әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы өткізілді. Оған кәсіпорын өкілі қатысып, жалақы берешегін өткен жылғы қараша айының соңына дейін толық өтеуге міндеттеме алған.
– Сонымен қатар ағымдағы жылдың 27 қаңтарында серіктес- тіктің құрылтайшысы «Altais Group» компаниялар тобының президенті Ә.Жұмабаевтың атына жұмысшылар алдындағы жалақы берешегін өтеуге ықпал ету жөнінде арнайы хат жолданған. Алайда биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жалақы берешегі 23,7 миллион теңгені құрап отыр. Оның ішінде 2025 жылдың шілде айына – 2 118 мың теңге, тамызға – 2 384 мың теңге, қыркүйекке – 2 521 мың теңге, қазанға – 2 492 мың теңге, қарашаға – 2 560 мың теңге, желтоқсанға – 2 425 мың теңге, 2026 жылдың қаңтарына – 2 900 мың теңге, ақпанына – 3 185 мың теңге және наурызына 3 108 мың теңге берешек қалыптасқан. Осыған байланысты жұмысшылар арасында әлеуметтік шиеленістің туындауына жол бермеу үшін мемлекеттік еңбек инспекциясына жоспардан тыс тексеру жүргізіп, жалақы берешегін өндіріп беруге ықпал ету туралы хат жіберілді. Нәтижесінде, кәсіпорынға 324 375 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, – дейді Р.Талқанбаева.
Қорыта айтқанда, көне шаһарда жұмыспен қамту, еңбек қатынастарын заңдастыру, әлеуметтік төлемдердің уақытылы аударылуын қамтамасыз ету және еңбек құқықтарын қорғау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жұмыс орындарын құру көрсеткіштері кезең-кезеңімен орындалып, еңбек нарығындағы ахуал тұрақты сақталып отыр. Сонымен қатар еңбек шарттары мен міндетті зейнетақы жарналарына қатысты сәйкессіздіктерді жою, тәуекелі жоғары кәсіпорындармен жүйелі жұмыс жүргізу және жалақы берешегін өндіріп алу бағытындағы шаралар да өз жалғасын табуда. Алдағы уақытта да белгіленген міндеттерді толық іске асыру арқылы жұмыспен қамту көрсеткіштерін арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге басымдық берілмек.

Жаңыл Болат,
М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті
«Конвергентті журналистика» мамандығының
2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.