Қазіргі заманда зайырлылық қағидаты мен діннің қоғамдағы орны мәселесі өзектілігін жоғалтпай келеді. Әлемнің көптеген мемлекеті азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету, діни сенімге құрметпен қарау және мемлекеттік басқару жүйесінің бейтараптығын сақтау мақсатында зайырлы даму жолын таңдаған.
Зайырлылық – дінді жоққа шығару емес, керісінше әрбір азаматтың діни сенім еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық қағида. Қазақстан Республикасы да өзін зайырлы мемлекет ретінде орнықтырған. Бұл қағида Конституцияда бекітіліп, мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынасының негізгі бағытын айқындайды.
Соңғы екі ғасырда адамзат тарихындағы секуляризация үрдісі белсенді жүріп, нәтижесінде зайырлылық принциптеріне негізделген басқарушылыққа бет бұрған елдердің саны артты. Бұл бағыттың көш басында батыстың бірқатар елі ерекше көзге түсті. Батыста дін мен мемлекет арасы бөлінгендігіне қарамастан, олардың зайырлылық ұстанымдарында өзіндік ерекшеліктері бар. Аталған ерекшеліктерді ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдау Францияның зайырлылық бағытын үлгі ретінде қарастырған Қазақстан қоғамы үшін де маңызды болмақ.
Зайырлылық тарихы өзінің бастауын лаицизм түсінігінен алады. 1905 жылы Францияда қоғамдық өмірдегі шіркеудің ықпалын азайту мақсатында «Шіркеу мен мемлекетті ажырату туралы» заң қабылданды. Бұл заң негізінде кез келген конфессия өкілдеріне тең еңбек құқығы берілді. Франция билігі шіркеуді қаржыландыруын тоқтатып, діни объектілер мемлекеттің меншігіне өтті. Алайда католик шіркеуі осы діни ғимараттарды тегін қолдану құқығына ие болды. Сонымен қатар білім беру орындарында діни атрибутикаға тыйым салынды. Қазақстанда мұндай тыйым 2016 жылы пайда болды. Зайыр- лылық түсінігінің лаицизмнен айырмашылығы жоқ, тек лаицизм ұлттық сипатқа ие. Яғни тек Францияда және франк тілді аймақтарда қолданылады. Көптеген Азия елдері қолданатын зайырлылықтың түркиялық моделі осы лаицизм идеясына негізделген.
Зайырлылық ұғымының мәні – мемлекеттің діни ұйымдардан тәуелсіз болуы және барлық діндер мен діни сенімдерге тең құқықтық жағдай жасауы. Зайырлы мемлекет белгілі бір дінді мемлекеттік немесе міндетті идеология ретінде қабылдамайды. Сонымен қатар ол азаматтардың діни сеніміне араласпайды және дін ұстану немесе ұстанбау құқығын қорғайды.
Зайырлылықтың негізгі қағидалары:
— ар-ождан және діни сенім бостандығы;
— азаматтардың заң алдында теңдігі;
— мемлекеттік басқаруда діни нормалардың емес, құқықтық нормалардың басымдығы;
— діни бірлестіктердің заң талаптарын сақтау.
Қазақстан тәуелсіздігін алған уақытта Конс- титуцияда өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жариялады. Осылайша Қазақстан билігі көпұлтты қоғамда барлық ұлт өкілдері мен әртүрлі дін ұстанушыларының бірдей құқыққа ие болып, қоғамдық тыныштықтың сақталуына кепілдік береді. Оған қоса елімізде ешбір дінге мемлекеттік дін статусы берілмеген, тек халықтың басым бөлігі ұстанатын ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын негізге алады.
Діннің қоғамдағы рөлі – адамзат мәдениеті мен рухани құндылықтарының маңызды бөлігі. Ол адамдарды адамгершілікке, мейірімділікке, жауапкершілікке, жақсылық жасауға үндейтін әлеуметтік институт ретінде қалыптасқан. Қазақстан тарихында ислам діні мен басқа да діни дәстүрлер халықтың мәдениеті мен рухани өміріне ықпал етті. Діни құндылықтар қоғамдағы отбасы, тәрбие, қайырымдылық сияқты бағыттардың дамуына өз үлесін қосып келеді. Алайда діннің қоғамдағы орны заң аясында жүзеге асуға тиіс. Діни көзқарастар басқа азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қайшы келмеуі қажет.
Зайырлылықты атеизммен шатастыруға болмайды. Атеизм – жаратушының бар екендігін, діни сенімді жоққа шығару, атеистік мемлекет – билік органдары атеистік идеологияны ұстанып, дінді ұстануға, діни ұйымдардың жұмысына шектеу қояды. Зайырлы мемлекет дінді жоққа шығармайды, керісінше діни сенім бостандығын қолдап, кез келген дін ұстанушыларына бірдей толеранттылықпен қарайды.
Еліміз – көпэтносты және көпконфессиялы мемлекет. Сондықтан елдегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін зайырлылық қағидаты маңызды орын алады. Мемлекет діни бірлестіктердің қызметін заң негізінде реттейді, діни экстремизм мен радикалды идеялардың таралуына жол бермеу бағытында жұмыстар жүргізеді. Бұл – белгілі бір дінге қарсы бағыт емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған шаралар. Зайырлы қоғамда әр азаматтың діни таңдауына құрмет көрсетіледі. Сонымен бірге жастардың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі құндылықтарды түсіндіру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру маңызды. Елімізде зайырлылық принципі бойынша билік органдары діни бірлестіктердің ісіне араласпайды, алайда олардың қызметі ҚР «Азаматтық кодексі», «Қылмыстық кодексі» және «Діни бірлестіктер және діни қызмет туралы» Заңы бойынша қадағаланады. Қаншалықты барлық дін өкілдеріне бірдей құқық берілсе, соншалықты олар заң алдында бірдей дәрежеде құқықтық жауапкершілікке тартылады.
Зайырлылық пен дін – бір-біріне қарсы ұғымдар емес. Зайырлы мемлекет дінді шектемейді, керісінше оның қоғамдағы орнын құқықтық негізде айқындайды. Мемлекет пен дін арасындағы үйлесімді байланыс азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға және рухани құндылықтарды дамытуға мүмкіндік береді. Діни сауатты, құқықтық мәдениеті жоғары қоғам ғана тұрақты әрі өркениетті даму жолында алға жылжи алады.
Бақтияр АЛПЫСБАЕВ,
дінтанушы