Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қала экономикасына серпін берген кәсіпорын

«Достық и К» ЖШС тәулігіне 70 мың шыны құты шығарады

0 45

Таңғы сағат сегізге таяған шақ. «Достық и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауласында тіршілік әлдеқашан басталып кеткен. Ауыр жүк көліктері бірінен соң бірі кіріп, шығып жатыр. Бірі шикізат әкелсе, енді бірі дайын өнімді тиеп, ұзақ жолға қамдануда. Ал кәсіпорынның дәл жүрегінде, қалың қабырғалардың ар жағында оттың мың жарым градустық қызуы жұмыстың қазанын қыз-қыз қайнатып жатыр. Біз де кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында өндіріс орнына арнайы барып, күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген шыны құтының қалай дайындалатынын көріп қайттық.

Кәсіпорын аумағына аяқ басқан сәттен-ақ мұндағы қызу еңбек пен өндірістік қарқын бірден байқалады. Қарапайым тұтынушының қолына жеткенше шыны банканың қандай жолдан өтетінін көпшілік біле бермейді. Ал оның артында мың жарым градустық температура, күрделі технология және ондаған адамның тынымсыз еңбегі жатыр.
Кәсіпорын 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, өңірдегі маңызды өндіріс ошақтарының біріне айналған. Бүгінде мұнда екі ауысымда 70-ке жуық адам еңбек етеді. Бірінші ауысым таңғы сағат 08:00-де жұмысын бастап, кешкі сағат 17:00-де аяқтаса, екінші ауысым өндірістің тоқтаусыз жүруін қамтамасыз етеді. Қыс пен жазға, мереке мен демалысқа қарамастан мұндағы пештердің оты сөнбейді. Себебі шыны өндірісінде технологиялық пештердің үздіксіз жұмыс істеуі аса маңызды.
Кәсіпорынның бір ерекшелігі – қайта өңделетін шикізатты кеңінен пайдалануында. Мұнда жергілікті тұрғындардан жарамсыз шыны қалдықтары қабылданады. Ескі бөтелкелер, сынған банкалар және басқа да шыны бұйымдар арнайы белгіленген бағамен сатып алынады. Осылайша бір жағынан қоршаған ортаның тазалығына үлес қосылса, екінші жағынан халыққа қосымша табыс көзі ұсынылады.
Жиналған шыны қалдықтары сұрыптау алаңына жеткізіледі. Мұнда олар түсіне, сапасына қарай бөлінеді. Кейін арнайы құрылғылардың көмегімен ұсақталып, өндірістік шикізат ретінде пайдалануға дайындалады. Ал шыны өндірісіне қажетті сода, кварц құмы, әктас және басқа да химиялық қоспалар еліміздің әр өңірінен жеткізіледі екен.
Өндірістің негізгі бөлігі балқыту цехында жүзеге асады. Мұнда алып пештер тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. Шикізаттар арнайы мөлшерде аралас- тырылып, автоматтандырылған жүйе- лер арқылы пештерге жіберіледі. Пеш ішіндегі температура 1 500 градус Цельсийге дейін жетеді. Осындай жоғары температурада қатты күйдегі шикізат толықтай еріп, тұтқыр шыны массасына айналады.
Пеш жанында тұрған кезде қызудың қуатын анық сезінесің. Жалынның қызуы бірнеше метр жерден-ақ бет қарып өтеді. Мамандардың айтуынша, мұндай температурада шыны массасы бірнеше сағат бойы қайнатылады. Қайнату барысында шикізат құрамындағы артық газдар бөлініп шығып, масса біркелкі күйге келеді. Егер осы кезең дұрыс жүргізілмесе, дайын өнімнің сапасына әсер етуі мүмкін.
Балқыған шыны арнайы арналар арқылы қалыптау желісіне жеткізіледі. Мұнда сұйық масса белгілі бір салмақта бөлшектеніп, қалыптарға түседі. Жоғары қысымдағы ауа арқылы бірнеше секунд ішінде шыны банка пішіні қалыптасады. Бір қарағанда оңай көрінгенімен, бұл өте дәлдікті қажет ететін жұмыс. Өнімнің көлемі, қабырғасының қалыңдығы, мойнының өлшемі секілді барлық көрсеткіштер арнайы бағдарламалар арқылы бақыланады.
Қалыптан шыққан өнім әлі де өте ыстық күйде болады. Сондықтан ол салқындату тоннельдері арқылы өткізіледі. Мұнда банкалар бірнеше кезең бойынша біртіндеп суытылады. Бұл процесс шынының беріктігін арттырып, оның кейінгі пайдалану кезінде жарылып кетпеуіне мүмкіндік береді.
Одан кейін өнім сапа бақылау бөліміне жөнелтіледі. Арнайы қондыр- ғылар әр банкадағы ең ұсақ ақауларға дейін анықтайды. Егер өнім талапқа сәйкес келмесе, ол қайта балқытуға жіберіледі. Осылайша өндірісте қалдықсыз технология қолданылады.
Бүгінде кәсіпорын тәулігіне 60-70 мың дана шыны банка өндіреді. Дайын өнімдер еліміздің барлық өңірлеріне жөнелтіліп қана қоймай, шетелдік серіктестерге де экспортталады. Бұл отандық өндірістің сапасы халықаралық нарықта да сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Кәсіпорын директоры Рамиль Кибаев өндірістің бүгінгі жағдайы мен болашағы туралы әңгімелеп берді.
– Біз үшін ең маңыздысы – сапа мен тұрақтылық. Ә дегеннен барлығы бір қалыпта жүріп кетті деп айту қате болады. Әр саланың өз қиындығы болатынын ескерсек, кәсіпорын соңғы 4-5 жылда аяққа тұрды. Қазіргі таңда біздің өнімдер Қазақстанның барлық өңірлеріне жөнелтіледі. Сонымен қатар шетелдік серіктестермен де тұрақты жұмыс істеп келеміз.
Өндірістің ерекшелігі – мұнда бір ғана адамның емес, тұтас ұжымның еңбегі жатыр. Әр қыз- меткердің жұмысы маңызды. Пеш жанында тұрған оператордан бастап қойма қызметкеріне дейін бәрі – бір жүйенің бөлшегі.
Сонымен қатар біз үшін әлеуметтік жауапкершілік те маңыз- ды. Жұмысшыларға қолайлы еңбек жағдайын жасауға тырысамыз. Кәсіпорында тамақтану орындары, демалыс бөлмелері, жуыну орындары қарастырылған. Еңбек қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Өйткені 1 500 градустық температурамен жұмыс істейтін өндірісте қауіпсіздік бірінші орында тұруы керек.
Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпорын басшысы.
Зауыттағы өндіріс жұмысы сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік пен үздіксіз еңбектің жатқанын кәсіпорын мамандары жақсы біледі. Өнім сапасын қамтамасыз ету үшін әрбір кезең мұқият бақылауда болады, ал өндірістің тоқтаусыз жүруі жүздеген қызметкердің үйлесімді жұмысына байланысты. Күнделікті еңбек процесінің қыр-сыры, өндірістегі тәртіп пен жауапкершілік туралы ауысымдық мастер Аңсагүл Есімбекова өз тәжірибелерімен бөлісті.
– Көпшілік дайын өнімді ғана көреді. Ал оның қалай жасалатынын біле бермейді. Шыны өндірісі – өте күрделі процесс. Мұнда әр минут, әр температура көрсеткіші маңызды. Пештің жұмысы үздіксіз бақылауда болады. Шикізаттың дұрыс мөлшерде араласуы, балқу температурасының сақталуы, қалыптау желісінің дұрыс жұмыс істеуі – бәрі өнім сапасына әсер етеді. Кейде адамдар банка деген қарапайым зат деп ойлайды. Бірақ оның артында үлкен технологиялық процесс жатыр. Балқыған шыны пештен шыққаннан кейін қалыптарға түседі, одан кейін бірнеше кезеңдік салқындатудан өтеді. Әр өнім сапа бақылауынан өткізіледі. Біздің міндетіміз – өндірістің барлық кезеңінің талапқа сай жүруін қамтамасыз ету. Ұжымымыз – ұйымшыл. Әркім өз жұмысын жақсы біледі. Сондықтан өндіріс тоқтаусыз жүріп жатыр. Кейде тәулігіне ондаған мың өнім шығарылады. Мұның бәрі ұжымның еңбегі, – дейді ол.
Ал цех басшысы Күлән Әлібаева бұл салаға өмірінің он жылдан астам уақытын арнаған маман. Ол еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, бүгінде өндірістегі ең жауапты қызметтердің бірін атқарып отыр.
– Мен бұл кәсіптің барлық сатысынан өттім. Қарапайым жұмысшы болып бастаған кезім әлі есімде. Сол уақытта әр процесті үйренуге тырыс- тым. Өндіріс деген өте күрделі сала. Мұнда жауапкершілік жоғары. Әр адамның жұмысы маңызды. Бір жерде қателік кетсе, бүкіл өндіріс процесіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан біз әрдайым тәртіпке, технологиялық талаптарға және қауіпсіздікке мән береміз.
Қазіргі жастарға да айтарым – қандай жұмыс болса да адал еңбек етсең, өсуге мүмкіндік бар. Мен соның нақты мысалымын деп ойлаймын. Осы өндірісте жүріп тәжірибе жинадым, білім алдым, нәтижесінде цех басшысы қызметіне дейін көтерілдім. Бүгінде ұжымдағы әр қызметкердің еңбегін жақсы түсінемін. Өйткені олардың орнында өзім де жұмыс істегенмін. Сондықтан өндірістегі адамдардың еңбегін ерекше бағалаймын, – дейді цех басшысы Күлән Әлібаева.
Кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі қатаң сақталады. Қызметкерлер арнайы қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген. Каска, көзілдірік, арнайы аяқ киім мен қолғап пайдалану міндетті талап саналады. Әр жұмысшы қауіпсіздік техникасы бойынша тұрақты түрде оқытудан өтеді.
Қарапайым тұрғындар өткізген жарамсыз шыныдан басталған өндірістік процесс мың жарым градустық пештерде қайта түлеп, сапалы өнімге айналады. Ал ол өнім еліміздің түкпір-түкпіріне, тіпті шетел асып, түрлі өндіріс орындарының қажетіне жарап жатыр.
Осындай еңбектің арқасында «Достық и К» ЖШС өңір экономикасының дамуына үлес қосып, ондаған адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған іргелі кәсіпорындардың біріне айналды. Бұл жерде оттың қызуы мен адамның еңбегі тоғысып, қарапайым шикізаттан сапалы өнім дүниеге келеді.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.