Мәжіліс қабырғасында шетелдік қаржыландыруды алатын ұйымдарға қатысты бақылауды күшейту мәселесі қайта көтерілді.
Мәселен, депутат Магеррам Магеррамов шетелден қаржыландыру бойынша тек донорлардың аты-жөні мен жалпы соманың көлемін ғана емес, алынған қаражаттың нақты жұмсалуына қатысты игеру қозғалысына да ашықтық енгізуді ұсынып отыр. Магеррамовтың пайымдауынша, қазір мемлекеттік органдар жариялап отырған деректерде шетелден келген қаржы көлемі туралы дерек болғанымен, оның қандай мақсатқа және қандай тізбек арқылы жұмсалатыны толық көрінбейді.
Ал шетелден келетін қаржы көлемі қомақты екен. Мысалы, 2025 жылдың екінші жартысында ғана Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың шотына 12 млрд теңгеден астам шетелдік қаржы түскен.
– Қазіргі жүйеде ұйымдардың шетелден алған қаржысы жалпы сан ретінде көрсетіледі. Алайда, бұл қаражаттың нақты қандай жобаларға бөлінгені, қандай мердігерлер арқылы игерілгені, соңғы бенефициарларға қалай жеткені туралы ақпарат толық айтылмайды. Дәл осы олқылық қоғамдық бақылауды әлсіретеді және «ақша ағынының шынайы әсерін» бағалауға мүмкіндік бермейді, – дейді өз сөзінде депутат.
Сондай-ақ, Магеррам Магеррамов кейбір қаражаттың құқық қорғау, медиа және сараптамалық ұйымдарға бағытталатынын атап өтіп, мұндай ұйымдардың қоғамдық пікірге ықпал ету әлеуетін де тілге тиек етті. Оның пікірінше, бұл жағдай қаржылық ашықтықты тек есеп беру құралы емес, ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне де айналдырады.
Дегенмен ол ұсыныстың мақсаты ұйымдардың жұмысын шектеу емес екенін нақтылап, тыйым салу туралы мәселе көтерілмегенін айтты. Яғни, бұл жердегі мәселенің өзегі ашықтық пен еркіндік арасындағы баланс туралы болып отыр.
Дегенмен, «таяқтың екі ұшы» туралы да ұмытпаған дұрыс. Бір жағынан, шетелдік қаржының ашық есебі көлеңкелі схемалардың алдын алуға және қоғамдық сенімді арттыруға қызмет етуі мүмкін. Екінші жағынан, есеп беру талаптары кеңейсе, үкіметтік емес сектордың жұмыс істеу кеңістігі тарылуы ықтимал.
Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылып отырған өзгерістер тек қаржылық емес, азаматтық қоғамның кейбір тұсына қысым ретінде қарастырылатуы да ғажап емес.
Жалпы, «шетелдік агент» тақырыбы посткеңестік кеңістікте әртүрлі деңгейде қолданылып келеді. Кей елдерде ол құқықтық мәртебеге айналса, Қазақстанда әзірге тек шетелдік қаржыландырудың ашықтығы шеңберінде талқылануда. Дегенмен соңғы ұсыныстар бұл тақырыптың біртіндеп мемлекеттік реттеу деңгейіне өтіп бара жатқанын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, елдегі ұйымдардың шетелден алған қаржысы 12 млрд теңге шамасында болғанын жария ету қоғамда ашықтық бар екенін білдіргенімен, оның ішкі құрылымы әлі толық ашылмаған күйде қалып отырғанға ұқсайды. Демек, депутат Магеррам Магеррамовтың бұл бастамасы «шетелдік агент» ұғымына қатысты қаржылық ашықтық пен айқындықты күшейте ме, әлде бақылау тетігін кеңейте ме, оның жауабы енгізілетін нақты механизмдерге байланысты болмақ.