Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығына 50 млрд теңге бөлінді

Өндіріс, инвестиция және жаңа жобалар қарқын алды

0 18

Жамбыл облысында 2026 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 50 млрд теңге қаржы қарастырылып, мемлекеттік қолдау шаралары өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына серпін беріп отыр. Нәтижесінде өндіріс көлемі артып, инвестиция тарту көрсеткіші бірнеше есеге өсті, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Облыс әкімдігі мәліметінше, бөлінген қаражаттың 36,5 млрд теңгесі субсидиялауға, 6,5 млрд теңгесі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға, ал 7 млрд теңгесі «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға бағытталған.

Жыл басынан бері 6,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне 28,3 млрд теңге көлемінде субсидия төленді. Сонымен қатар, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 249 агроқұрылымға 8,8 млрд теңге жеңілдетілген несие берілген.

Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы төрт айында ауыл шаруашылығы саласында 65 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,3 пайызды құрады.

Оның ішінде егін шаруашылығы саласында 226,6 млрд теңгенің, ал мал шаруашылығы саласында 64,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді.

Мал шаруашылығы бағытында да оң динамика байқалады. Ет өндірісі 33,6 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға артса, сүт өндірісі 57,6 мың тоннаны құрап, 1,8 пайызға өсті.

Өңірдегі жалпы мал басы 4,8 миллионға жетіп, 4,8 пайызға көбейді. Атап айтқанда, ірі қара саны 490,3 мың басқа жетіп, 3,4 пайызға, қой саны 3,6 миллион басқа жетіп, 4,5 пайызға, жылқы саны 209,7 мың басқа жетіп, 12,3 пайызға, ал құс саны 2,3 миллионға жетіп, 5,5 пайызға артқан.

Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай өсті. Биыл 95,1 млрд теңге инвестиция салынып, көрсеткіш 18 есеге ұлғайды. Осылайша жылдық жоспардың 82,6 пайызы орындалды.

Оның ішінде тікелей ауыл шаруашылығы саласына 2,3 млрд теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдерін өндіру бағытына 92,7 млрд теңге инвестиция салынып, өсім сегіз есеге артты.

Өңірде 2026 жылы жалпы құны 63,1 млрд теңгені құрайтын 22 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде оның алтауы пайдалануға берілді.

Атап айтқанда, жалпы қуаттылығы 20 мың тоннаны құрайтын үш көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды. Оның ішінде «TRZ Agro» ЖШС – 12 мың тонна, «Даму Сұрат» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі – 5 мың тонна және «Кәусар» шаруа қожалығы – 3 мың тонна көлемінде өнім сақтай алады.

Сонымен қатар, 850 басқа арналған екі сүт-тауарлы ферма пайдалануға берілді. Оның бірі – «Aznur Agro» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 400 басқа арналған фермасы болса, екіншісі – «Нұрлыжай» шаруа қожалығының 450 басқа арналған кешені.

Бұдан бөлек, «Тазабек Досжан» шаруа қожалығы жылына 2 мың тонна томат өңдейтін кәсіпорынды іске қосты.

Жалпы алғанда, өңірде ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау жүйелі түрде жалғасып жатыр. Субсидиялау, жеңілдетілген несие беру, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және «Ауыл аманаты» бағдарламасы агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына және ауылдық аумақтардың экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.