Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы адам өмірін едәуір жеңілдетті. Бүгінде көпшілік интернет арқылы сауда жасайды, банк қызметтерін пайдаланады, түрлі төлемдерді жүзеге асырады және қажетті ақпаратты әп-сәтте алады. Алайда цифрлық мүмкіндіктердің артуымен бірге интернет алаяқтық фактілері де көбейіп келеді. Қазіргі таңда бұл мәселе қоғамды алаңдатқан өзекті түйткілдердің біріне айналды.
Соңғы жылдары интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың түрлері күрделеніп, қылмыскерлердің әрекеті барған сайын жетіліп келеді. Олар азаматтардың сеніміне кіріп, жеке мәліметтерін алдап алудың түрлі тәсілдерін қолданады. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің кең таралуы алаяқтардың жұмысын жеңілдеткендей әсер қалдырады.
Көп жағдайда алаяқтар өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе мемлекеттік мекеме маманы ретінде таныстырады. Олар азаматтарға қоңырау шалып немесе хабарлама жіберіп, есепшоттарына қауіп төніп тұрғанын айтып, құпия деректерді сұратады. Кейбір жағдайларда азаматтарға жалған сілтемелер жіберіліп, сол арқылы банк картасының нөмірі, құпия сөзі мен басқа да деректері қолға түседі. Нәтижесінде адамдар қаржысынан айырылып, үлкен материалдық шығынға ұшырайды.
Интернет алаяқтықтың тағы бір кең таралған түрі – жалған интернет-дүкендер. Әлеуметтік желілерде арзан бағаға тауар ұсынып, алдын ала төлем талап ететін парақшалар жиі кездеседі. Тұтынушы ақшасын аударғаннан кейін сатушы байланысқа шықпай қалады немесе мүлдем жоқ тауарды сатқан болып шығады. Мұндай жағдайлар әсіресе мереке қарсаңында немесе жеңілдіктер науқаны кезінде жиілей түседі.
Соңғы уақытта инвестициялық алаяқтық та көбейіп отыр. Алаяқтар қысқа мерзімде мол табыс табуға уәде беріп, азаматтарды күмәнді жобаларға ақша салуға үгіттейді. Әдемі жарнама мен жалған пікірлерге сенген адамдар жинаған қаржысынан айырылып қалып жатады. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлардың құрбандары арасында жастар да, зейнеткерлер де бар.
Мамандардың айтуынша, интернет алаяқтарының басты қаруы – адамның аңғалдығы мен ақпараттық сауаттылығының төмендігі. Сондықтан әрбір азамат жеке деректерін қорғауға жауапкершілікпен қарауы тиіс. Банк картасының нөмірін, SMS-кодтарды, құпия сөздерді бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және тексерілмеген сайттарға сенбеу – қауіпсіздіктің негізгі қағидалары болып саналады.
Жастар интернет кеңістігінің белсенді пайдаланушылары болғандықтан, бұл мәселеге ерекше назар аударуы қажет. Әлеуметтік желілердегі жалған жарнамаларға, күмәнді ұтыс ойындарына немесе тез байып кетуді ұсынатын ұсыныстарға сын көзбен қарау маңызды. Цифрлық сауаттылықты арттыру – интернет алаяқтықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі.
Қазіргі қоғамда интернет алаяқтықпен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес. Бұл – әр азаматтың қырағылығын талап ететін ортақ мәселе. Ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру арқылы ғана біз өзімізді және жақындарымызды киберқылмыскерлердің арбауына түсуден қорғай аламыз!
Айгерім Ораз,
М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті «Конвергентті журналистика» мамандығының 2-курс студенті