Биыл қазақтың тұңғыш математик-профессоры, қоғам қайраткері, «Алаш» қозғалысының көрнекті өкілі Әлімхан Ермековтің туғанына 135 жыл толып отыр. Ол қазақ ғылымы мен ел тарихында ерекше орны бар тұлға. Ұлт мақтанышы математика ғылымының дамуына үлес қосып қана қоймай, қазақ жерінің тұтастығы мен ел тәуелсіздігі жолында аянбай еңбек етті. Қайраткердің есімі бүгінгі күні де ұлықталуда. Қарағанды қаласындағы көшелердің біріне оның аты беріліп, Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы білім бөлімінің «Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейі» КММ оның есімін мақтанышпен иеленіп отыр.
Қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімді математиктердің бірі болған ғалым көптеген жылдар бойы жоғары оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарып, ұлттық кадрларды даярлауға зор үлес қосты. Сонымен қатар, ол қазақ жерінің шекарасын айқындау мәселесінде белсенділік танытып, тарихи әділдіктің орнауына күш салды. Оның білімге деген құштарлығы, елге деген адалдығы мен қайсарлығы бүгінгі жастарға үлгі болып табылады. Көрнекті тұлға ғылым саласында ғана емес, қазақ халқының саяси және қоғамдық өмірінде де үлкен із қалдырды. «Алаш» қозғалысының белсенді мүшесі ретінде ол қазақ елінің мүддесін қорғап, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру жолында аянбай еңбек етті. 1920 жылы қазақ жерінің шекарасын белгілеу мәселесі қаралған кезде, ұлт зиялысы қазақ жерінің тарихи тұрғыдан Қазақстан құрамында қалуын ғылыми дәлелдермен негіздеп қорғады. Оның бұл қызметі бүгінгі Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтауда маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, математик-профессор математика ғылымы бойынша оқулықтар жазып, жастардың білім алуына жағдай жасады. Ғалымның ғылыми еңбектері қазақ математикалық білімінің дамуына негіз болды.
Қарғанды қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің оқушылары осы білім ордасында білім алып жүргендерін үлкен мақтаныш санайды. Осындай ұлы тұлғаның есімі берілген мектепте оқып, түрлі жетістіктерге жету – біз үшін зор жауапкершілік әрі үлкен мотивация дейді. Мектепте өтетін тәрбиелік және танымдық шаралар арқылы оқушылар қайраткердің өмір жолымен, еңбектерімен тереңірек танысады. Бұл жас буынды білімге ұмтылып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуға жігерлендіреді.
Ұлт мақтанышының өнегелі өмірі мен халқына сіңірген еңбегі әрбір жас ұрпақ үшін үлкен үлгі. Біз оның білімге деген құштарлығын, елге деген сүйіспеншілігін және табандылығын бойымызға сіңіріп, Отанымыздың дамуына үлес қосуға ұмтылуымыз керек. Осындай тарихи тұлғалардың мұрасын дәріптеу – біздің азаматтық борышымыз. Сондықтан оның есімі мен еңбегі халық жадында мәңгі сақталып, келешек ұрпаққа рухани күш пен бағыт-бағдар береді.
Әлімхан Ермековтің ғылыми қызметі қазақ халқының білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттыруға зор ықпал етті. Ол математика пәнін қазақ тілінде оқытуға ерекше көңіл бөліп, ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына үлес қосты. Ағартушы жастардың сапалы білім алып, заман талабына сай маман болуын маңызды деп санады. Оның ағартушылық идеялары мен ғылыми көзқарастары бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Сондықтан қайраткердің еңбектері тек тарихи мұра ғана емес, қазіргі ұрпақ үшін де құнды рухани әрі ғылыми қазына болып табылады.
Қорыта келгенде, ұлт мақтанышына айналған қайраткердің тағылымды өмірі мен мол мұрасы бүгінгі және келешек ұрпақ үшін сарқылмас өнеге көзі болып қала береді. Сондықтан оның есімін ұлықтап, еңбектерін насихаттау – өткенге құрмет қана емес, болашаққа деген жауапкершіліктің де айқын көрінісі.
Аида Максутова