Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қайта қалыпқа келу: пациенттерге мамандық игеріп, жаңа өмір бастауға мүмкіндік берілуде

0 17

Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының базасында «Қайта қалыпқа кел!» атты пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жоба психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар азаматтарды кешенді медициналық және әлеуметтік тұрғыдан оңалтуға бағытталған.

Жобаның басты мақсаты – пациенттердің тек денсаулығын қалпына келтірумен шектелмей, оларға сұранысқа ие мамандық меңгеруге, жұмыс табуға және қоғамға толыққанды бейімделуіне жол ашу.

Орталықтың бас дәрігері, жоба авторы Серік Жетібаевтың айтуынша, негізгі міндет – науқасқа тек арнайы медициналық көмек көрсету ғана емес, оның өзіне деген сенімін арттырып, өмірге қайта бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсету.

– Біз үшін ең маңыздысы – адамның өз күшіне сеніп, қоғамға қайта оралуы. Ол үшін пациент мамандық меңгеріп, тұрақты жұмысқа орналасуы тиіс. Міне, оңалтудың шынайы нәтижесі осында, – деді ол.

Жобаны жүзеге асыру аясында пациенттер мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кездесуді Тараз қалалық еңбек мобильділігі орталығының оқу секторының жетекшісі Динара Баянова жүргізді.

Жиын барысында қатысушыларға кәсіптік оқыту мүмкіндіктері, жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламаларына қатысу тәртібі және жұмысқа орналасу кезінде көрсетілетін қолдау шаралары жан-жақты түсіндірілді.

Бағдарламаға қатысушы әрбір азамат үшін оның денсаулық жағдайы, білімі, кәсіби қызығушылығы мен еңбек әлеуеті ескеріліп, жеке оңалту бағыты әзірленеді. Пациенттерге оқу кезеңінен бастап медициналық сүйемелдеуге дейін, әрі қарай жұмысқа орналасуына дейін кешенді қолдау көрсетіледі.

«Қайта қалыпқа кел!» жобасы дер кезінде көрсетілген медициналық көмек, мемлекеттік қолдау және адамға деген сенім оның тек денсаулығын қалпына келтіріп қана қоймай, болашаққа деген сенімін нығайтып, қоғамдағы өз орнын табуына мүмкіндік беретінін дәлелдейді.

Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.