Таразда автоматтандырылған микроклимат бақылауы бар көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды. Осыған орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков аталған нысанды арнайы аралап, жұмысымен танысты.
«TRZ Agro» ЖШС-нің агроөнеркәсіптік аймағында орналасқан жоба инвесторлық қаражат есебінен жүзее асырылған. Заманауи технологиялармен қамтылған қойма бір мезетте 12 мың тоннаға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға мүмкіндік береді. Нысанда өнімнің сапасын ұзақ уақыт бойы сақтауға барлық жағдай жасалған. Автоматтандырылған микроклимат жүйесі температура мен ылғалдылық көрсеткіштерін тұрақты бақылап, өнімнің бүлінбей сақталуын қамтамасыз етеді.
Аталған жобаның іске қосылуы нәтижесінде 20 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар бұл нысан бүгінде Жамбыл облысындағы ең ірі көкөніс сақтау қоймасы саналады.
Сондай-ақ аталмыш агроөнеркәсіптік аймақта терең, үздіксіз және ағынды ет өңдеу кешенінің құрылысы жүруде. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған.
Жобалық қуаттылығы жылына 7 мың тоннадан асатын кешен іске қосылғаннан кейін 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Өндіріс орнында мал сою, етті бөлшектеу, шұжық өнімдерін шығару, консервілеу, сондай-ақ үй жануарлары мен балықтарға арналған азық өндіру бағытындағы бірнеше цех жұмыс істейтін болады.
Агроөнеркәсіптік аймақтағы тағы бір ауқымды жоба – жыл бойы өнім өндіруге мүмкіндік беретін заманауи жылыжай кешені. Жобаның өндірістік қуаттылығы жылына 1 536 тонна өнім шығаруға есептелген. Жылыжай автоматтандырылған жоғары технологиялық жабдықтармен, тамшылатып суару жүйесімен, тұман қалыптастыру және климатты басқару технологияларымен толық қамтылған.
Әрбір нысанмен мұқият танысқан Ербол Шырақпайұлы жүзеге асырылып жатқан жобалардың экономикалық және әлеуметтік маңызына кеңінен тоқталды. Аймақ басшысы өз сөзінде мұндай заманауи өндіріс орындары өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және жалпы облыс экономикасының тұрақты өсіміне елеулі үлес қосатынын айрықша атап өтті.