Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесінің жай-күйі мен полигондардың жұмысы қаралды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиевтің айтуынша, өңірде тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға арналған 163 полигон жұмыс істейді. Оның 159-ы коммуналдық меншікке тиесілі болса, 4-еуі жеке меншік нысан ретінде тіркелген.
Бүгінде полигондарда жинақталған қатты тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемі 3 млн 222,1 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 22,1 мың тонна қалдық жыл басынан бері жиналған.
Қалдықтарды жинау қызметінің қолжетімділігін арттыру мақсатында облыс бойынша 3389 контейнер орнатылған.
Қазіргі уақытта қалдықтарды жинау және тасымалдау жұмыстарымен 40 мекеме айналысады. Олар 191 арнайы техникамен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде өңір тұрғындарының 97 пайызы қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметімен қамтылып отыр.
Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту бағытында Байзақ ауданында екі инвестициялық жоба іске асырылуда. Аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда ПЭТ үлпектері, дәретхана қағазы, жұмыртқаға арналған қағаз науалар және полимерлі плиткалар секілді экологиялық таза өнімдер өндіру жолға қойылады.
2026 жылғы ғарыштық мониторинг нәтижесінде аймақта рұқсат етілмеген тұрмыстық қатты қалдықтар үйінділерінің 118 орны анықталған. Оның ішінде 92 нүктеде тазалау жұмыстары толық аяқталып, заңсыз қоқыс орындары жойылған. Қалған 26 нүктеде тазарту жұмыстары жалғасуда.
Жиында облыс әкімі қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығына тоқталды.
– Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері ерекше өзектілікке ие. Осыған байланысты қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет. Сонымен қатар облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлерді толық орнатуды қамтамасыз етуіміз керек, – деді өңір басшысы.
Кеңес барысында шомылу маусымындағы қауіпсіздік мәселелері де талқыланды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, облыс аумағында 178 су айдыны есепке алынған. Оның ішінде тек он екісінде шомылуға ресми түрде рұқсат берілген.
Осыған байланысты жауапты мекемелерге судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жазатайым оқиғалардың алдын алу шараларын күшейту тапсырылды.
Сондай-ақ рұқсат етілген шомылу орындарының қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестігін қамтамасыз ету, шомылуға тыйым салынған аумақтарда түсіндіру жұмыстарын жандандыру және су айдындарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру міндеті қойылды.