Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қала әкімі көпір құрылысын тексерді

0 67

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы ірі инфрақұрылымдық нысандардың бірі – Абай даңғылы бойында салынып жатқан теміржол үсті көпірінің құрылыс барысымен танысты.

Ұзындығы шамамен 1 шақырымды құрайтын нысан шаһардағы көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады. Теміржол үстінен өтетін жол өткелі қала орталығын теміржол желісінің арғы бөлігінде орналасқан тұрғын алқаптармен тікелей байланыстырады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қатынауын жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге және көлік қозғалысының қолайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаның бас мердігері – «Қазақдорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Шаһар басшысы нысандағы құрылыс жұмыстарының қарқынын, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын және жобаның жүзеге асырылу мерзіміне назар аударып, жауапты сала өкілдері мен мердігер мекеме басшыларынан есеп алды. Сондай-ақ құрылыс барысында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау қажеттігін атап өтті.

Қазіргі таңда теміржол өткелдерінде көлік қозғалысының жиі кідіріп қалуы тұрғындарға белгілі бір қолайсыздықтар туғызуда. Жаңа көпір пайдалануға берілгеннен кейін аталған мәселе өз шешімін тауып, көлік ағынының үздіксіз қозғалысы қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Құрылысы былтыр басталған нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.