Тараз төріндегі «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Дулати – білім бесігі: болашаққа сеніммен, ұрпақтар сабақтастығы» атты алғашқы түлектер форумы өтті. Айтулы шара білім ордасының тарихын ұлықтауды, кәсіби ынтымақтастықты нығайтуды мақсат қылды.
Түлектер басқосуда жылы жүздесіп, студенттік шақтың естеліктерін бөлісті. Форумның шымылдығы Мемлекеттік Гимнмен ашылып, көпшілікке университет тарихы туралы бейнеролик ұсынылды. Осы сәтте сахнадағы бас ЛЭД экранда қара шаңырақтың мақтаныштары соның ішінде, «Қазақстан Барысының» 3 дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, кәсіпқой боксшы Әбілхан Аманқұл, «Бешикташ» клубы мен ұлттық құрама футболшысы Бахтиёр Зайнутдинов, белгілі әнші Досымжан Таңатаров және әзілкеш Арман Жанәлиевтің есімдері мен суреттері көрсетілді.
Түлектер форумын Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, шараның маңыздылығына тоқталды.
– 1958 жылдан бастау алатын қара шаңырақ іргелі білім ұясына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен өңірде жоғары білімнің әлеуетін арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. Университет базасында Д.И. Менделеев атындағы РХТУ филиалының ашылуы – соның жарқын дәлелі. Бүгінгі форум ұрпақтар сабақтастығын жалғап, оқу орны мен түлектер арасындағы рухани байланысты нығайта түседі, – деді өңір басшысы.
Форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бейнеүндеу жолдады. Сондай-ақ университет ректоры Ләззат Еркінбаева мазмұнды баяндама жасап, оқу орнын ілгерілетуге бағытталған 6 стратегиялық бағытты ұсынды. Ол өз сөзінде М.Х.Дулати университетін оңтүстіктің бас білім астанасы етуге шақырды. Жиында оқу ордасының түлегі, Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталовта сөйлеп, студенттік шағын тебірене еске алды. Жиын барысында университет ректоры Амандық Ғаббасұлына «Дулати университетінің Құрметті профессоры» атағын салтанатты түрде берді.
Форумға қара шаңырақтың дамуына үлес қосқан қайраткерлер мен ғалымдар да қатысты. Сахна төрінде Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Өскенбай Мәдиев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнара Нұрым сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің экс-ректоры, профессор Махметғали Сарыбеков, ҚР ҰҒА академигі Дария Қожамжарова, тарих ғылымдарының докторы Асқар Абдуалы, экономика ғылымдарының докторы Серік Өмірбай және Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Әділбек Төлеген өз ойларын ортаға салды.
Форум аясында екі ірі жобаның тұсауы кесілді. Алдымен «Dulaty Alumni» ресми цифрлық платформасы таныстырылды. Бұл жүйе әлемдегі түлектер арасындағы қарым-қатынасты нығайтады. Кейін университеттің ғылыми әлеуетін қолдауға бағытталған «Endowment fund» (Эндаумент қор) жобасы іске қосылды. Бұл тарихи сәтте сахнаға техника ғылымдарының докторы Бақтыбай Қасымбеков пен университет ректор Ләззат Қалымбекқызы шығып, қордың жұмысын ресми түрде бастап берді. Алғашқы түлектер форумы ұрпақтар сабақтастығының алтын көпіріне айналды. Жиналғандар білім ордасының болашағы үшін әрқашан серіктес болуға дайын екендіктерін білдірді. Осылайша, «Көне Тараз» төрінде басталған игі дәстүр білім мен тәжірибені ұштастырған жаңа белестерге жол ашты.
Жансая ӘЛІМБЕТ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Конвергентті журналистика» мамандығының 2-курс студенті