Қазіргі таңда жастар – елдің стратегия- лық дамуының басты қозғаушы күші, қоғамның белсенді әрі жасампаз бөлігі. Мемлекет тарапынан жастардың сапалы білім алуына, жұмыспен қамтылуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, бос уақытын тиімді ұйымдастыруына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына ерекше көңіл бөлінуде. Осыған орай елімізде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып, жастардың әлеуетін арттыруға арналған нақты бағдарламалар мен жобалар іске асырылуда.
Байзақ ауданында да мемлекеттік жастар сая- сатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Аудан жастарын қолдау, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, патриоттық және рухани-мәдени тәрбиесін қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта аудан әкімдігі мен «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан осы жылдың І тоқсанында ауқымды жұмыстар атқарылып, жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға басымдық берілді.
Бүгінде Байзақ ауданында 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны 27 724 адамды құрайды. Оның ішінде 13 640-ы ер азаматтар болса, 14 084-і әйелдер. Жалпы жастар аудан халқының 29,1 пайызын құрап отыр. Сонымен қатар ауданда 1 986 өзге ұлт өкілдерінен құралған жастар бар. Бұл көрсеткіштер жастар саясатының ауқымды әрі маңызды бағыт екенін айқындай түседі.
Жастарды мемлекеттік бағдарламалармен қамту және ақпараттандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімдігінің бөлімдерімен бірлесе отырып, ауылдық округтерде «Jastarga kenes» жобасы аясында кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, тұрғын үй, құқықтық және психологиялық бағыттар бойынша көшпелі кеңестер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, түрлі сала мамандарының қатысуымен 10 көшпелі кеңес беру алаңы және 42 ашық есік күні өткізілді. Нәтижесінде жастар мен жас отбасылар арасында тұрғын үй мәселесін шешуге қызығушылық артып, «Отбасы банк» арқылы 11 жас тұрғын үй алу және бастапқы жарна жинақтау үшін депозит ашты. Сонымен қатар мансап орталығы арқылы 203 жас кеңес алып, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына 2 жас, ақылы қоғамдық жұмыстарға 12 жас тартылды.
Жалпы алғанда, әртүрлі бағытта 425 жасқа консультациялық кеңестер беріліп, олардың мәселелерін оңтайлы шешу мақсатында тиісті мекемелерге жолданды. Ауданда жыл басынан бері 1 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 35 жұмыс беруші мекеме қатысып, 42 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 62 жұмыссыз азамат қатысса, оның 30-ы жастар болды. Нәтижесінде ваканттық бос жұмыс орындарына 142 жас орналастырылып, 12 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға, 2 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына жолданды. Сонымен қатар 47 жас кәсіби онлайн оқудан өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында да ауданда түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілді. 2006-2008 жылдары туған 289 жасқа арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 18 жасқа толған 197 жас қор қаражатын пайдаланды. Оның ішінде 111 жас оқу ақысына төлем жасаса, 86 жас баспаналы болу мақсатында «Отбасы банк» арқылы депозит ашып, қор қаражатын игерді.
Ауданда уақытша бос жүрген жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларының бірі – «Жасыл ел» еңбек жасағы. 2026 жылға бекітілген жоспарға сәйкес 100 жасты жұмыспен қамту көзделіп, бұл мақсатқа 8,0 мың теңге қаржы қарастырылған. Көктемгі маусымдық жұмыс- тарға 15 жас тартылып, оларға 1 114 444 теңге көлемінде жалақы төленді. Оның ішінде 1 жас уақытша бос жүрген жас болса, қалған 14-і студент жастар. Нәтижесінде 5 гектар аумақ тазаланып, 1 тонна қоқыс шығарылды.
NEET санатындағы жастармен жұмыс та басты назарда. «е-Собес» бағдарламасы арқылы «Отбасы цифрлық картасы» базасында Д және Е санатындағы 906 жас анықталған. Қазіргі таңда 408 жаспен адрестік жұмыстар жүргізіліп, олардың әлеуметтік мәртебесі нақтыланды. Атап айтқанда, 79 жастың шетелге кеткені немесе көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны анықталса, 2 жас әскер қатарында қызмет етуде, 2 жас пробация есебінде, 53 жас бала күтімімен айналысып отыр. Сондай-ақ 257 жас өзін-өзі жұмыспен қамтыған, 9 жас студент, 1 жас 35 жастан асқаны анықталған. Бұдан бөлек, 5 жастың тұрақты жұмысқа орналасқаны белгілі болды. Ал қалған 498 жас бойынша ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі мамандар адрестік жұмыстар жүргізуде.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында 2026 жылдың І тоқсанында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан жалпы 351 іс-шара ұйымдас- тырылып, оған 9 472 жас қамтылды.
Орталық жанынан құрылған «БОЛАШАҚ» волонтерлік қозғалысы аясында еріктілер көктемгі тазалық және көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысты. «Таза ауыл», «Экосана», «EkoLife», «Таза Қазақстан» секілді акциялар ұйымдастырылып, нәтижесінде 18 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды. Сонымен қатар «Қамқор» бағыты аясында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты қарттарға қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, 9 үйге азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіліп, 19 үйде тазалық жұмыстары жүргізілді. Жыл көлемінде волонтерлердің қатысуымен 215 шара өткізіліп, оған 1 739 жас қамтылды.
Сондай-ақ Сарыкемер ауылында жастар ресурстық орталығы жанынан «ҚАМҚОР» қайырымдылық дүкені ашылып, аудан тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі күнге дейін 47 тұрғын қажетті киім-кешек, балалар ойыншықтары мен тұрмыстық бұйымдар әкеліп, мұқтаж жандар игілігіне ұсынылды.
Ауданда экологиялық мәдениетті қалыптас- тыру бағытында «Таза Қазақстан» акциясы аясында Талас өзенінің жағалауында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Белсенді жастардың қатысуымен 500 шаршы метр аумақ тазартылып, қураған тал-дарақтар мен тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Жастар тұрғындарды тазалықты сақтауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырды.
Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мақсатында «Жас еңбек адамы» аудандық байқауы өткізілді. Байқауға 35 жасқа дейінгі жас мамандар қатысып, өздерінің еңбек жолы мен кәсіби тәжірибесін бейнеролик арқылы таныстырды. Нәтижесінде ІІІ орынды Көктал ауылынан Еламан Өмірзақұлы, ІІ орынды Ынтымақ ауылдық округінен Ақылбек Жұмабекұлы, ал І орынды Ботамойнақ ауылдық округінен Жансұлу Жұматбайқызы иеленді. Жеңімпаздар арнайы марапаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан 58 шара ұйымдастырылып, «ПРОФИ-2025» байқауы өткізілді. Байқау «Кондитер», «Аспазшы», «Визажист» және «Дәнекерлеу ісі» бағыттары бойынша ұйымдастырылды. Жалпы 27 өтінім қабылданып, қатысушылардың кәсіби шеберлігі арнайы мамандар тарапынан бағаланды. Нәтижесінде жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталып, облыстық байқауларға жолдама алды.
Жастардың мамандық таңдауда дұрыс бағыт алуына көмектесу мақсатында «Мамандық таңдау маңызды» атты шеберлік сағаттары, өндірістік экскурсиялар мен түрлі кездесулер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Алель AGRO» фабрикасына, өрт сөндіру бөліміне және әскери бөлімдерге экскурсиялар жасалып, жастар түрлі сала мамандарымен жүздесті. Жалпы 5 кеңес беру шарасы, 15 дөңгелек үстел және 38 кездесу өткізіліп, оған 2 715 жас қамтылды.
Қорыта айтқанда, Байзақ ауданында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, жастардың әлеуметтік, мәдени, интеллектуалдық және кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Жастарды жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламаларға тарту, олардың бастамаларын қолдау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жалғас Аруанов,
Байзақ ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры