Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында өткен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шараға арнайы қатысты.
Шара барысында шаһар басшысы жылы лебізін жеткізіп, түлектерге сәт сапар тіледі.
– Мектеп – тек білім ошағы ғана емес, Сіздердің балалық күндеріңіз өтіп, есейіп, сырлас дос тауып үлкен өмірге жолдама алған Алтын ұя! Енді бүгін осы ұядан қанат қағып, болашаққа бет түзеп бара жатырсыздар.
Барлығыңыздың мемлекеттік емтихан мен Ұлттық бірыңғай тестілеуді нәтижелі тапсырып, еліміздің жоғары оқу орындарына түсіп, білім грантының иегерлері атануларыңызға тілектеспін! Келешектеріңіз кемел, жолдарыңыз әрдайым ашық болсын!, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Бұл күні қаладағы 113 мектепте оқу жылының аяқталуына байланысты соңғы қоңырау рәсімдері өтіп, 5 620 жас түлек үлкен өмір жолына қадам басты. Биыл «Алтын белгі» төсбелгісіне 304 түлек үміткер болса, олардың 7-еуі – аталған мектептің оқушылары.
Атап өтерлігі, ағымдағы оқу жылында шаһардағы білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер бой көтерді. Нәтижесінде үш ауысымды, орын тапшылығы бар оқу ордаларының мәселесі толығымен шешімін тапты. Бұл өз кезегінде балалардың сапалы білім алып, ұстаздардың қолайлы жағдайда жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
Өткен жылы 4 мектеп күрделі, 24 оқу ошағы ағымды жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ 2 «Келешек мектебі» пайдалануға беріліп, тағы 2 білім ордасында 300 орынды жапсарлас ғимарат салынды. Ал, биыл №27 мектептің 600 орынды жаңа ғимаратының құрылысы және №54 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар оқу жылы барысында халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобаларда, шығармашылық байқауларда қала оқушылары 23 алтын, 26 күміс, 17 қола медалді иеленді.
Салтанатты шара соңы өнерпаз өрендердің концерттік бағдарламасымен түйінделді.