Қазіргі жаһандану дәуірінде адамзат баласы бұрын-соңды болмаған ақпараттық кеңістікте өмір сүруде. Интернет пен әлеуметтік желілер арқылы кез келген мәлімет санаулы секунд ішінде әлемнің түкпір-түкпіріне тарайды. Бұл – бір жағынан үлкен мүмкіндік болса, екінші жағынан рухани қауіптің де күшеюіне себеп болып отыр. Әсіресе, дін атын жамылып, жастардың санасын улайтын жат ағымдардың белсенділігі қоғам үшін аса қауіпті мәселеге айналды. Сондықтан бүгінгі таңда рухани иммунитетті күшейту, діни сауаттылықты арттыру – уақыт талабы.
Жат діни ағымдар – қоғамның ішкі бірлігіне сызат түсіретін, адамдарды адасушылыққа итермелейтін теріс идеологиялар. Олар сырттай қарағанда дінді насихаттап жүргендей көрінгенімен, шын мәнінде Исламның асыл құндылықтарына қайшы әрекеттерді дәріптейді. Мұндай ағымдардың басты мақсаты – адамның ойын өзгертіп, оны өз ортасынан, туған халқынан, ұлттық болмысынан алыстату. Нәтижесінде адам өз ата-анасынан безіп, салт-дәстүрін мойындамай, қоғамға жат көзқарасты ұстанатын хәлге жетеді.
«Жат ағым жарға жығады» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Себебі тарихқа көз жүгіртсек, дінді бұрмалап түсіндірудің салдарынан көптеген елде қақтығыстар болып, қаншама отбасының шаңырағы ортасына түскенін көруге болады. Теріс ағымның жетегінде кеткен адам көбіне сабыр мен парасаттан айырылып, айналасындағы жандарға күмәнмен қарай бастайды. Олар қоғамды «біз» және «өзгелер» деп бөліп, адамдар арасында өшпенділік туғызуға тырысады.
Жат ағым өкілдері, әсіресе, жастарды нысанаға алады. Себебі жастық шақ – адамның ізденіс үстінде болатын, өмірлік ұстанымы толық қалыптасып үлгермеген кезеңі. Кейбір жастар өмірдегі қиындықтарға төтеп бере алмай, психологиялық әлсіздік танытқанда немесе діни білімді дұрыс жерден алмаған кезде теріс идеологияның ықпалына тез түсіп кетуі мүмкін. Олар әлеуметтік желілерде әдемі уағыз айтып, сырттай «ақиқатты көрсетуші» болып көрінгенімен, түпкі мақсаттары мүлде басқа болуы ықтимал.
Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала мұсылмандарды ауызбіршілікке шақырып, бүлік пен бөлінуден сақтандырады: «Алланың жібіне (дініне) жаппай жабысыңдар да, бөлінбеңдер…» («Әли Имран» сүресі, 103-аят).
Бұл аятта мұсылман қауымының татулығы мен бірлігі басты құндылық ретінде көрсетілген. Ислам діні ешқашан алауыздықты, өшпенділікті немесе зорлық-зомбылықты насихаттамайды. Керісінше, адамдарды мейірімге, кешірімге, сабырға және көркем мінезге үндейді. Ал жат ағымдар дінді тар түсінікке айналдырып, қоғамға іріткі салуға әрекет етеді.
Жат ағымдардың ең қауіпті тұстарының бірі – ұлттық құндылықтарды жоққа шығаруы. Қазақ халқының сан ғасырлық салт-дәстүрі Исламмен біте қайнасып қалыптасқан. Үлкенге құрмет көрсету, келіннің сәлем салуы, домбыраның үні, ас беру, жетім-жесірге қамқор болу – мұның барлығы халқымыздың рухани мәдениетінің ажырамас бөлігі. Алайда теріс ағым өкілдері осындай ұлттық құндылықтарды «дінге қарсы» деп көрсетуге тырысады. Бұл – халықтың тарихи тамырын үзуге бағытталған аса қауіпті әрекет.
Сонымен қатар мұндай ағымдарда соқыр сенім қалыптасады. Олар тек өз жетекшілерін ғана ақиқат жолында деп есептеп, өзге діни көзқарастарды қабылдамайды. Дәстүрлі ислам ғұламаларын, мәзхабтарды жоққа шығарып, қоғам ішінде алауыздық туғызады. Нәтижесінде адам сыни ойлау қабілетін жоғалтып, өз бетінше шешім қабылдай алмайтын деңгейге жетеді.
Теріс идеологияның соңы көбіне радикализм мен экстремизмге ұласады. Әлемдегі көптеген лаңкестік әрекеттің түп-тамырында дәл осындай бұрмаланған діни түсінік жатқанын көруге болады. Радикалды топтар адамдарды Отанға қарсы шығуға, мемлекеттің тұрақтылығын бұзуға итермелейді. Сондықтан жат ағым мәселесі тек діни мәселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін маңызды проблема болып саналады.
Құран Кәрімде тағы бір аятта: «Дінде зорлық жоқ. Расында, туралық азғындықтан ажыратылды…» («Бақара» сүресі, 256-аят), – деп айтылған. Бұл аят ислам дінінің бейбітшілік пен еркіндікке негізделгенін айқын көрсетеді. Яғни адам дінді саналы түрде, білім арқылы қабылдауы қажет. Қысым көрсету, қорқыту, күштеп таңу – исламның табиғатына жат әрекет. Сондықтан агрессия мен қатыгездікті насихаттайтын кез келген топтың әрекеті шынайы Исламға сәйкес келмейді.
Осындай қауіптердің алдын алудың ең тиімді жолы – діни сауаттылықты арттыру. Адам дұрыс діни білімді сенімді ұстаздардан, ресми діни мекемелерден алған кезде ғана жалған уағыз бен шынайы ілімнің аражігін ажырата алады. Бұл ретте ата-ананың тәрбиесі, мектептегі рухани білім және қоғамның қолдауы аса маңызды рөл атқарады.
Қазақ халқы ғасырлар бойы Әбу Ханифа мазхабын ұстанып келеді. Бұл жол – сабыр мен парасатқа, бейбітшілік пен төзімділікке негізделген дәстүрлі ислам жолы. Ол халқымыздың болмысымен, мәдениетімен және дүниетанымымен үйлесім тапқан. Сондықтан дәстүрлі дінімізді берік ұстану – рухани қауіпсіздіктің кепілі.
Халқымыз: «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» – дейді. Теріс ағымның жетегінде кеткен жандарды қоғамнан шеттетпей, оларға дұрыс бағыт көрсету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өйткені кез келген адам қателесуі мүмкін. Ең бастысы, оның тура жолға қайта оралуына мүмкіндік беру.
Рухани қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі. Жат ағымның арбауына түспеу үшін әрбір азамат тек күнделікті тұрмысқа ғана емес, рухани әлеміне де жауапкершілікпен қарауы керек. Әсіресе, жастар кімнен білім алып, кімді тыңдап жүргеніне ерекше мән бергені жөн. Бірлігіміз бекем, дәстүріміз берік, иманымыз кәміл болғанда ғана ешқандай жат пиғыл халқымыздың тұтас- тығына сызат түсіре алмайды.
Ержан КӨШКІМБАЙ,
Мойынқұм ауданының бас имамы