Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Цифрлық технологиялар мен химия ғылымының үйлесімі» тақырыбы аясында «AI инновациялар академиясы» ғылыми лабораториясы мен «Даму зертханасы» білім беру-өндірістік химия кластерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков, «Жаңа Жамбыл фосфор зауыт» ЖШС директоры Әділ Алиев, «KidsGo Technology Ltd» компаниясының директоры Лю Ди, халықаралық серіктестер мен білім саласының өкілдері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, студент жастар қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында ұйымдастырылған бұл шара жасанды интеллект технологияларын дамытуға, техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыруға және студенттердің заманауи цифрлық құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған.
Жоба аясында колледж базасында заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған «AI инновациялар академиясы» ғылыми лабораториясы мен «Даму зертханасы» білім беру-өндірістік химия кластері іске қосылды.
Жаңа орталықтар студенттердің кәсіби шеберлігін жетілдіруге, IT, робототехника, автоматтандыру және химия саласындағы заманауи технологияларды меңгеруге, сондай-ақинновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Аталған бастама өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, өндіріс пен білім беру арасындағы байланысты дамытуға жаңа серпін беріп отыр. Сонымен қатар, халықаралық серіктестік аясында тәжірибе алмасу мен білікті мамандар даярлау бағытындағы жұмыстар күшейтілуде.
Салтанатты шара барысында жаңа зертханалардың лентасы қиылып, қонақтар орталықтардың жұмысымен танысты. Іс-шара аясында студенттердің инновациялық жобаларымен технологиялық әзірлемелерінің көрмесі ұйымдастырылып, Құлан агротехникалық жоғары колледжі мен Қордай ауылшаруашылық колледжіндегі кластерлік орталықтар телекөпір арқылы ресми түрде ашылды.