Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде бұл тақырыптың ұлттық тарих үшін ғана емес, бүкіл әлемдік өркениет үшін де айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына алғыс білдірді. Президенттің айтуынша, симпозиумның дәл осындай беделді халықаралық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының жаһандық деңгейдегі тарихи және мәдени құндылығын айқын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқанын атап өтті. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері және бірнеше көне қала Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Сонымен қатар қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Президент былтыр «Хандар шежіресі» атты бірегей қолжазбаның әлемдік деңгейде мойындалғанын еске салды. Бұл құнды дереккөзде қазақ даласын билеген тұлғалар туралы мәліметтер жинақталып, соның ішінде Алтын Орда дәуірі де қамтылған.
Мемлекет басшысы Алтын Орда тарихын зерттеу ісі әлемнің көптеген елдерінің ғалымдарын біріктіріп отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл тақырып Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және Еуропаның бірқатар мемлекеттеріндегі зерттеушілердің назарын аударып отыр.
Президенттің пікірінше, Алтын Орда тарихы бір ғана елдің шеңберінде қарастырылатын мәселе емес.
«Түптеп келгенде, Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы халықаралық симпозиум әлемдік ауқымдағы тарихи мұраны жүйелі түрде зерттеуді жаңа сапалық деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы ғылыми ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасып, маңызды нәтижелерге жол ашады.