«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі өтті. Экологиялық бастамаға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі Ж.Шарабасов, сондай-ақ 100 мыңнан астам 9 және 11 сыныптарының оқушылары қатысты.
Челлендж аясында еліміздің барлық өңірлеріндегі мектеп түлектері білім беру ұйымдарының аумақтарында, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерде ағаш отырғызып, елді мекендерді көгалдандыруға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға өз үлестерін қосты.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған бастама – елімізде заманауи экологиялық күн тәртібін қалыптастырудың негізгі құралдарының бірі. Акцияның мақсаты – түлектерді қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тарту, экологиялық мәдениетті дамыту және табиғатқа жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастыру.
Қазақстанның барлық білім беру ұйымдарында «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы» жарияланып, оның аясында «Халықаралық балалар кітабы күні», «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні», «Ұлттық кітап күні» және басқа да бірқатар республикалық акциялар ұйымдастырылды. Бұл бастама өскелең ұрпақты кітап оқуға, қайырымды істерге баулуға, сондай-ақ қоршаған ортаға деген қамқорлық пен экологиялық мәдениеттілік қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» акциясы аясында мектеп аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерде (саябақтар, скверлер) тазалық жұмыстарын жүргізу қолға алынуда.