Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Тараз қаласы – тек көне тарихтың куәсі ғана емес, бүгінгі жаңғыру мен дамудың да айқын үлгісіне айналған шаһар. Мыңжылдықтар қойнауынан бастау алған бұл қала қазір әлеуметтік-экономикалық өсімнің жаңа кезеңіне қадам басып, өңірлік дамудың маңызды орталығы ретінде орнығып келеді. Уақыт талабына сай инфрақұрылым жаңарып, өндіріс өркендеп, кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асуда.
Көрсеткіштер көңіл қуантады
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков қызметіне кіріскен алғашқы күннен бастап шаһарды жүйелі дамытуға бағытталған кешенді Жол картасын әзірлеуді басты басымдықтардың біріне айналдырды. Бұл Даму жоспарында шаһардағы түйткілді мәселелер мен тұрғындардың талап-тілегі көрініс тапты. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде, көне шаһар күн санап көркейіп келеді.
Айталық, соңғы үш жылда Тараздың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде айтарлықтай өсім қалыптасты. Мәселен, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 40, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 50, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 55, құрылыс жұмыстарының көлемі – 40, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 24, сауда айналымы 18 пайызға өсті.
Инвестиция игілігі
Экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, экономиканың нақты секторына инвестиция тарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Айталық, осы бағытта 2023-2025 жылдары 50,9 миллиард теңгеге 19 ірі жоба іске қосылып, осының аясында 1 039 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал биыл жалпы құны 5,2 миллиард теңге болатын 2 инвестициялық жоба іске асырылып, 30 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін 56 миллиард теңгені құрайтын тағы 11 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Осы арқылы 400 жаңа жұмыс орны құрылады.
Тараз қаласы өндірістік аймақ болғанына қарамастан, ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалған емес. Бұл салада 2023-2025 жылдары 12,5 миллиард теңгеге 27 жоба іске қосылып, 620 жұмыс орны құрылды. Биылғы жылдың соңына дейін қосымша 4,9 миллиард теңгеге 12 жоба іске асырылып, онда 148 жұмыс орны құрылады деп көзделіп отыр.
Көне шаһардың тарихи- географиялық орны туризм саласын дамытуға да мол мүмкіндік беретіні белгілі. Бүгінгі таңда қалада 28 туристік ұйым, 123 орналастыру орны, 9 туристік нысан қызмет атқарады. Аталған нысандар инфрақұрылыммен толық жабдықталған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қалаға келген туристер саны 117 702 адамды құрап, көрсеткіш бір жылда 9 пайызға өсіп отыр. Сондай-ақ биыл туризм саласына 1,8 миллиард теңгеге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге өсті. Ал 2026-2027 жылдары туризм саласында құны 14,6 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Осы ретте атап өтерлігі, туризмді дамытуға жергілікті бизнес өкілдері үлкен үлес қосуда. Соның арқасында қонақ үйлер желісі кеңейіп, мейрамханалар, тамақтану орындары ашылып, демалыс аймақтары бой көтеріп жатыр.
Қала аумағында кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңейіп келеді. Нақтырақ тоқталсақ, соңғы үш жылда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 6 404 бірлікке өскен. Ол жерде жұмыспен қамтылған азаматтар саны 77 912 адамды, 7,8 пайызға және өндірілген өнім көлемі 663 миллиард теңгені құрап, 19,1 пайызға өсті. Сондай-ақ биыл «Бірыңғай кешенді» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы және «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 19,8 миллиард теңгеге 131 жоба қаржыландырылды.
Қазіргі таңда шаһарда орналасқан сауда базарларын заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыстары да қолға алынып отыр. Осыған орай қаладағы 15 сауда базарын қайта жаңғырту бойынша Жол картасы бекітілген. Аталған карта аясында «Нұралы», «Салтанат», «Якка сарай» базарлары қайта жаңғырту жұмыстарын толық аяқтады. Ал «Жібек жолы» сауда орнында бұл бағыттағы ілкімді істер өз жалғасын табуда.
Сапалы жол – қауіпсіздік кепілі
2024 жылғы 29 қаңтарда ҚР Үкіметінің №44 қаулысымен Тараз қаласының жаңа Бас жоспары бекітілді. Бекітілген Бас жоспарға сәйкес, қала аумағына 14 елді мекен және 2 саяжай қосылды. Нәтижесінде қаланың аумағы 12,9 мың гектарға ұлғайды. Бұл өз кезегінде көлік қозғалысы мен жолдардың сапасына әсер ететіні белгілі. Осы мақсатпен қалада ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, 2023-2025 жылдары шаһарда 279,5 шақырымды құрайтын 474 көшеге асфальт төселіпті.
– 2024-2025 жылдары орталық көшелерден бөлек, «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алқаптарындағы және 28 саяжайдағы 320 көшеге қиыршық тас жол салынды. Сонымен қатар көптен бері өзекті болып келген «Бурыл А,Б,В» алқабындағы 75 көшеге және «Барысхан» тұрғын алқабында 24 көшеге асфальт жабындысы төселіп, жұмыстар толығымен аяқталды. Осының нәтижесінде соңғы 3 жылда қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 58,4 пайыздан 71,5 пайызға дейін артты. Ал биылғы жоспарға сәйкес, ұзындығы 34,7 шақырымды құрайтын 42 көшеге, ұзындығы 14,8 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолын салу көзделген. Сондай-ақ биылға өтпелі болған Рысбек батыр, Қолбасшы Қойгелді, Асанбай Асқаров көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары да өз жалғасын тауып жатыр, – деген шаһар басшысы кәріз суларын тазарту бойынша да қолға алынған ілкімді істерді тілге тиек етті.
– Бүгінде қаламыздың кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылуда. Бұл алаңдар шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен жер асты суларының ластану қаупі бар. Осы күрделі мәселені шешу мақсатымен шаһардың кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленді. Соған сәйкес, Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Аталған жобаның құны 47 миллиард теңге, қуаттылығы тәулігіне 80 мың текше метр болады деп болжануда. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.
Тұрғын үй құрылысы қарқынды
Шаһар аумағы кеңейіп, халық саны көбейген сайын тұрғын үйге деген қажеттіліктің де арта түсетіні белгілі. Қазіргі таңда пәтер алу кезегіне қаламызда 32 мыңға жуық азамат тіркелген екен. Бұл қоғамдағы өзекті мәселе екені белгілі. Сондықтан баспана мәселесін шешу үшін де шаһарда жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, 2023-2025 жылдары 33 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл шаһар аумағында бюджет есебінен 62 үйдің құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар 2023-2025 жылдары әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрған азаматтарға 16,1 миллиард теңгеге 1 128 пәтер сатып алынды. Биыл осы санаттағы азаматтарға 180 пәтер сатып алу үшін 2,5 миллиард теңге бөлінген.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында да жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Айталық, 2023-2025 жылдар аралығында «Ұлы дала» шағынауданынан – 170, «Шаңырақ», «Қарасу» алқаптарынан 105 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға бөлінді. Бұған қоса, А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқаптан 46,4 гектар және «Хамукат» тұрғын алқабынан 125 гектар жер телімі мемлекет қажеттілігі үшін алынып, қажетті инфрақұрылым желілері тартылуда. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін «Хамукат» алқабынан – 524, А.Асқаров көшесінің соңынан 341 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға беріледі.
Тұрғындар үшін тек тұрғын үйлерді салу ғана емес, оларды күрделі жөндеуден өткізу де зор маңызға ие. Мәселен, бүгінде шаһардың тұрғын үй қорында 1438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асып кеткен. Осыған байланысты 2011-2025 жылдар аралығында республикалық, жергілікті бюджеттерден және қайтарым қаражат есебінен 23,3 миллиард теңгеге 565 үй ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізілді. Биыл 73 үйді күрделі жөндеу жоспарланып, ол үшін 8 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды.
Сонымен қатар шаһардың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша 2024 жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің сырт келбеті жөнделді. Ал былтыр Абай даңғылы, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 15 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түсті. Биыл да тиісті қаражат бөлінген соң Ы.Сүлейменов көшесінің бойындағы 9 тұрғын үйдің қасбеттерін жөндеу жоспарлануда.
Жылу желілерін жаңғырту – жауапты жұмыс
Қаланың тіршілік тынысын қамтамасыз ететін негізгі жүйелердің бірі – жылу желілері. Оның тұрақты әрі сенімді жұмыс істеуі тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, әлеуметтік нысандардың үздіксіз қызметіне және шаһар экономикасының қалыпты жұмысына тікелей әсер етеді. Сондықтан жылу желілерін жаңғырту тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы бар жұмыс екені белгілі.
Осыған орай, 2024-2025 жылдары Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 6 138 метр құбыр ауыстырылған болатын. Сонымен қатар өткен жылы Жамбыл даңғылының Төле би даңғылымен Әйтеке би көшесінің аралығындағы «М-3» жылу магистралының 650 метр бөлігі алмастырылды.
Сондай ақ былтыр «Ұлы дала» шағынауданындағы магистралдық және ішкі кварталдық жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін кеңейту жұмыстары бойынша 518 метр жылу құбыры жаңартылды.
– Биыл «М-3» магистралының құрылыс жұмыстарын жалғастыруға 1,1 миллиард теңге және «Самал», «Алатау» шағынаудандарының ішкі кварталдық жылу желілерін қайта жаңғыртуға 1,7 миллиард теңге қаражат қарастырылды. Жалпы, қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу бойынша құны 16,3 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба бойынша республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Бұл жобалардың барлығы толық іске асырылған жағдайда жылу желілерінің тозу деңгейі 66,4 пайыздан 51 пайызға дейін төмендейді, – дейді шаһар басшысы.
Тіршілік нәрінен таршылық жоқ
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Үкіметке ел аумағында таза ауызсумен 100 пайыз қамту бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Бұл тапсырма Таразда жоспарға сай жүйелі түрде орындалуда. Нәтижесінде бүгінде шаһар тұрғындарының 99,2 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, 2023-2025 жылдары «Көлтоған», «Казарма», «Жиделі», «Қарасай» «Тектұрмас» «Шөлдала», «Құмшағал» «Ақжол», «Қайнар», «Мичуренец», «Родничок», «Шалғай Қарасу» және «28 саяжай» алқаптарында ауызсу құбырлары жүргізілді. Сондай-ақ 2023 жылдан бастап тозығы жеткен ауызсу құбырларын жаңарту жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, тозығы жетуіне және тұрғындардың өтініштері байланысты қала аумағындағы 31 көшеде 24,4 шақырым құрайтын ауызсу құбыры жаңартылды. Ал биыл 13,8 шақырымдық ескірген ауызсу құбырлары жаңартылып жатыр. Орталықтандырылған ауызсумен қамтылу деңгейін 100 пайызға жеткізу үшін шаһарға жаңадан қосылған «Новоджамбулец», «Дорожник» және «Талас» елді мекендеріне ауызсу құбырын жүргізу қажеттілігі туындап отыр екен. Қазір аталған нысандардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық бюджетке өтінім ұсынылған. Жалпы, ауызсу құбырларын қайта жаңғыртудан өткізу бойынша құны 22,5 миллиард теңгені құрайтын 17 жоба республикалық бюджетке жолданған. Бұдан бөлек, жаңадан бұрғыланатын 35 су ұңғымасының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім беріліпті.
Жарқыраған көшелер жанға жайлы
Қаланың жайлылығы мен қауіпсіздігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі – көшелерді жарықтандыру. Сапалы жарықтандыру жүйесі тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Әсіресе, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі, балалардың, қарттардың еркін қозғалысы, қоғамдық орындардың қолжетімділігі мен түнгі уақыттағы жайлылық осымен тығыз байланысты. Сонымен қатар жарықтандырылған көшелер қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуға ықпал етіп, шаһардағы қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қала маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы жоба құны 8,4 миллиард теңге болатын жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар құрылысы аяқталды. Бұл саяжай алқаптарында осы уақытқа дейін қосалқы электр станцияларының болмауына байланысты электр желісінің өшу жағдайлары жиі болатын. Салдарынан тұрғындар электр қуатын «Қазфосфат» ЖШС-нен алып, заңды тұлға ретінде 52 теңге тарифімен төлеп келген.
– Шаһар тұрғындарын жиі толғандыратын сауалдардың бірі – көше жарығы. Осы мақсатта 2023-2024 жылдары 164 көшеге және 2025 жылы 65 көшеге жарық шамдары орнатылды. Бұдан бөлек, өткен жылы «Ұлы дала» шағынауданындағы 22 көшеге және 23 аулаға жарық шамдары орнатылды.
Биыл 20 көшені жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Одан бөлек, қала аумағына қосылған елді мекендердегі негізгі жолдарға, яғни мектеп, аурухана, балабақшаға баратын 43 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарды аяқтау шілде айына жоспарланған.
Осылайша 2023-2025 жылдары 908 аула жарықтандырылды. Биыл бұл жұмыстарды толық аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді қала әкімі.
Қоғамдық көліктердің қатары көбейді
Қоғамдық көлік – қала тіршілігінің күретамыры, тұрғындардың күнделікті өмірімен тікелей сабақтас маңызды сала. Оның қолжетімділігі мен сапасы халықтың жүріп-тұруына ғана емес, еңбек өнімділігіне, әлеуметтік белсенділікке, тіпті шаһар экономикасының ырғағына әсер етеді.
Жолаушылар ағыны артып, қала аумағы кеңейген сайын қоғамдық көлік жүйесіне түсетін жүктеме де көбейеді. Осындай жағдайда жаңа автобустар шығару, бағыттарды оңтайландыру, қызмет сапасын көтеру мен тасымал жүйесін жаңғырту – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Бұл шаралар тұрғындардың уақытын үнемдеуге, қатынас қолайлылығын арттыруға, көлік кептелісін азайтуға және экологиялық жүктемені төмендетуге де ықпал етеді. Сондықтан шаһар басшысы Бақытжан Әмірбекұлы қала тізгінін ұстай салысымен осы мәселені шешуге ерекше екпін түсірді. Соған сәйкес қаланың 2023-2025 жылдарға арналған Даму жоспарында жыл сайын 70 қоғамдық көлік алу көзделген болатын. Өз кезегінде бұл жұмыстар қоғамдық көліктердің тозу деңгейін төмендетуге, тұрғындар үшін сапалы, қолайлы тасымал ұйымдастыруға бағытталды.
Аталған жоспарға сәйкес, 2023 жылы – 73, 2024 жылы – 155, өткен жылы 91 қоғамдық көлік алынды. Биыл жыл басынан бері 10 автобус жеткізілді. Нәтижесінде қоғамдық көлік саны 330-дан 522 бірлікке дейін арты. Сондай-ақ жолаушылар бағыттарына қосымша 13 бағыт қосылып, қазіргі уақытта олардың саны 46-ға жетті. Мәселен, өткен жылы №3, 50, 62 және №37 маршруттар ашылса, ағымдағы жылы №31 жаңа маршрут пайдалануға беріліп, Байзақ және Жамбыл ауданынан қосылған елді мекендердің мәселесі шешімін тапты.
Әлеуметтік маңызы бар қалалық және шаһар маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге бөлінетін қаржы жыл санап өсуде. Нақтырақ тоқталсақ, 2023 жылы – 3,5, 2024 жылы – 5,3, өткен жылы 8,3 миллиард теңге төленсе, ағымдағы жылға 8 миллиард теңге қарастырылды. Жан-жақты қолдаудың арқасында соңғы 3 жылда тасымалданған жолаушылардың саны 36,5 пайызға немесе 14,4 миллион адамға артты. Жолаушылар санының көбеюі қала ішіндегі инфрақұрылым жүйелерінің жақсарып, тұрғындардың қоғамдық көлік қызметіне деген сұранысы артқанын көрсетеді. Сонымен қатар үш жылда 196 жаңа аялдама орнатылды. Бұл жұмыстар әлі де өз жалғасын тауып жатыр.
Қорыта айтқанда, Тараздың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны – жүйелі жоспарлау мен нақты нәтижеге бағытталған жұмыстың айқын көрінісі. Сан салада тындырылған ауқымды жұмыстар шаһардың жаңа даму кезеңіне қадам басқанын аңғартады. Ең бастысы, қолға алынған бастамалардың барлығы халықтың сұранысы мен уақыт талабынан туындаған өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Бұл тұрғыда жүзеге асып жатқан жұмыстар Тараздың тек бүгінгі қажеттілігін өтеп қана қоймай, оның ұзақ мерзімді тұрақты дамуына берік негіз қалап отыр. Ал мұндай жүйелі даму қарқыны көне шаһардың өңірлік қана емес, республикалық деңгейдегі маңызды экономикалық және әлеуметтік орталық ретіндегі рөлін күшейте беретіні сөзсіз.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ