Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Дулати аруы-2026» сұлулық байқауы өтті

0 107
Университет қабырғасында дәстүрлі түрде өтетін «Дулати Аруы – 2026» сұлулық байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Байқауды Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөзбен ашып, қатысушыларға жылы лебізін жеткізді. Оқу орданың студенттері білімділігімен, шығармашылығымен және парасаттылығымен ерекшеленетінін ерекше ықыласпен сөз етті. Университеттің миссиясы талантты жастарды қолдау, оларды заманауи біліммен және ұлттық құндылықтармен қатар дамыту екенін тілге тиек етіп, сұлу бойжеткендерге сәттілік тіледі.
Байқау барысында әрбір ару өз болмысын ашып, жан-дүниесінің байлығымен және талантымен ерекшеленді. Қатысушылар сахнада өзін таныстыру арқылы даралығын, ұлттық дәстүр мен мәдениетке құрметін көрсетті. Арулар өз стилімен, жылы күлкісімен және ерекше сөздерімен аудиторияның назарын өзіне аударды. Сонымен қатар, ән, би және шығармашылық нөмірлерді сахнада кәсібилікпен орындап, арулар өз дайындық деңгейін, шеберлігін және шығармашылық ерекшелігін көрсетті. Ал, «Smart Beauty Battle» кезеңінде бойжеткендер білімдерін, тапқырлықтарын және дүниетанымын паш етті. Жаңа Қазақстан мен Ұлы Дала тарихына қатысты сұрақтарға жауап беріп, мәдениетті сөйлеу әдебін сақтай отырып, жан-жақты тұлға екенін дәлелдеді. Қазылар әр қатысушының білім деңгейі мен ойлау қабілетін мұқият бағалады. Соңғы кезеңде қатысушылар кешкі сән үлгісін көрсетіп, сахнада өзін-өзі ұстау шеберлігін, жүріс-тұрысының үйлесімділігін және стиль сезімін көрсете білді. Әр ару киім үлгісі мен өзіндік жүрісін үйлестіре отырып, көрермендерге сән мен сұлулықтың нағыз көрінісін ұсынды.
Қазылар құрамасы қатысушылардың сыртқы сұлулығы мен сахнадағы өзін-өзі ұстауын, шығармашылық шеберлігін, білімін және парасатын жан-жақты бағалады. Нәтижесінде, жүлделі орындар мен арнайы номинациялар анықталды.
Жүлделі орындар:
• Бас жүлде: Ақнұр Шыныбек, Технологиялық факультеттің студенті;
• I орын: Диана Есентаева, «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің студенті;
• II орын: Альмира Бауыржанқызы, «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің студенті;
• III орын: Бану Абиярова Эльмуродқызы, Технологиялық факультеттің студенті;
• III орын: Шапағат Жолдасбек, «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің студенті.
Арнайы номинациялар:
• Ұлттық нақыш аруы: Ақерке Халимжанқызы, Дулати колледжінің студенті;
• Нәзіктік символы аруы: Анель Тастанбек, «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің студенті;
• Көрермен көзайымы: Гүлнұр Сәлімқызы, «Экономика және құқық» факультетінің студенті;
• Сахна жұлдызы: Аяжан Теміралы, «Экономика және құқық» факультетінің студенті;
• Интеллектуалды ару: Аружан Серікбайқызы, Жаратылыстану факультетінің студенті.
Сұлулық, талант және парасат тоғысқан кеште қатысушылар көрермендер үшін ұмытылмас әсер қалдырды. Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Барлық сұлуларға шығармашылық табыс, білім жолында жаңа жетістіктер мен сәттілік тілейміз. Әрбір ару – болашағымыздың жарқын бейнесі!
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.