Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Жамбыл- Тараз» үлкен өмірге баспалдақ болды»

0 59

Жарқын БАЛҚЫБЕКОВА,
«Jambyl-Taraz» газетінде 2006-2021 жылдары
дизайнер-беттеуші қызметін атқарған

2006-2021 жылдар аралығында мен «Жамбыл- Тараз» газетінің редакциясында дизайнер-беттеуші қызметін атқардым. Өмірімнің он бес жылы осында өтті.

Редакциядағы еңбек жолым тек жұмыс емес, үлкен жауапкершілік пен үздіксіз ізденісті талап ететін мектеп болды. Басылымның ажарын ашатын маңызды жұмыс екенін осы жылдарда терең түсіндім.
Алғашқы беттелген нөмірлер, түн ортасына дейін созылған «верстка», «дедлайн» алдындағы қарбалас – бәрі де кәсіби тәжірибемнің ажырамас бөлігіне айналды. Редакция ұжымымен бірге қуанышты сәттерді де, қиын кезеңдерді де еңсердік. Әріптестермен бір мақсатқа жұмылып, сапалы өнім шығаруға ұмтылдық.
«Жамбыл-Тараз» газеті маған тек мамандық қана емес, төзімділік пен жауапкершілікті, ұжыммен жұмыс істеу мәдениетін үйретті. Мұнда мен өз ісіме деген сүйіспеншілікті, шығармашылыққа адалдықты бойыма сіңірдім.
Он бес жыл ішінде әріптестеріммен бірге талай тарихи сәттердің куәсі болдық. Сол күндердің барлығы мен үшін бағалы естелік болып қалды. Бүгінде артқа қарап, «Жамбыл-Тараз» редакциясында дизайнер-беттеуші ретінде өткен еңбек жолымды мақтанышпен еске аламын. Бұл – өмірімнің ұмытылмас бір белесі.
Жас журналистердің кәсіби жолы да осы киелі шаңырақтан бастау алып жататын. Қырыққа таяп қалсам да сол жастармен бірге жүріп, өзімді жас сезінетінмін. Бірге таудан сырғанап, ұжым болып тарихи орындарды аралап, жұмыстан тыс та бір-бірімізге жақын болдық.
Сол жылдары редакциядағы негізгі қызметіммен қатар кәсіподақ төрағасының жұмысын да қоса атқарып, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Бұл маған үлкен тәжірибе мен жауапкершілік мектебі болды. Жинаған сол тәжірибенің нәтижесінде бүгінгі таңда «КСП Кәсіпқорған» кәсіподақ ұйымының «Пустынное ТБК» кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарып келемін.
Редакция ұжымы тек шығармашылықпен ғана шектелмей, қоғамдық және спорттық өмірге де белсене араласатын. БАҚ қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған спартакиада дойбыдан өткен жарысқа қатысып, бірінші орын тұғырынан көріну бала кезден спорттан алыс жүретін мен үшін ерекше сәт болды.
«Жамбыл-Тараз» газетінің ұжымын 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ақпарат кеңістігінде абыроймен еңбек етіп келе жатқан ұжымға шығармашылық табыс, кәсіби биіктер мен толағай жетістіктер тілеймін!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.