Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Конституциялық реформа – кемел келешек кепілі

0 75

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын таныстыруға арналған қалалық актив отырысы өтті.

Жиынға аудан әкімдері, бөлім, мекеме, кәсіпорын басшылары, ардагерлер кеңестерінің төрағалары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Ең әуелі шаһар басшысы конституциялық реформаның мән-маңызына айрықша тоқталды.
– Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздің саяси келбетін жаңғырту үдерісі қарқынды жүруде. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Парламенттік реформаны іске асыру. Оның басты ерекшелігі – оның ашықтығы мен қоғамдық қатысу қағидатына ерекше екпін түсірілуі. Сондай-ақ осы өзгерістердің негізі Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылған бір палаталы Парламентке көшу идеясынан бастау алады. Бұл қадам жасанды интеллект пен жаһандық технологиялар заманында мемлекеттің жедел дамуына қажетті батыл шешім екені сөзсіз, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.

Келесі кезекте қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай жаңа Ата заңның жобасындағы басым бағыттар туралы сөз сөйледі
– Парламенттік реформа аясында бастапқыда Ата Заңның 40 бабына өзгерістер енгізу көзделгенін атап өтті. Алайда, жұмыс барысында өзгерістер көлемі әлдеқайда ауқымды болатыны айқындалып, олар саяси және қоғамдық өмірдің көптеген өзге де қырларын қамтитыны белгілі болды. Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды. Егемендік пен Тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды. Сондай-ақ Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілмекші. Сонымен қатар, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы екені нақты жазылған. Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталып отыр, – деді Кенжебек Мамашбайұлы.

Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен облыстық қан орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Умаров жаңа Конституциясының жобасына қолдап,, бұл бастама ел болашағын айқындайды деген сенім білдірді.

Жиынды қорытындылаған Бақытжан Әмірбекұлы ел Президентің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформа қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, кемел келешекке жол ашатынын атап өтті.
– Президентіміз атап өткендей, бұл тарихи құжаттың тағдырын халық референдум арқылы өзі шешеді. Бұл – әрбір қазақстандықтың ел болашағына тікелей ықпал ететін сәті. Мұндай тарихи таңдау еліміздің ертеңі үшін аса маңызды. Осы арқылы біз бірлігімізді танытып, тәуелсіз Қазақстанның даму жолын айқындаймыз. Заң мен тәртіп үстемдік ететін саналы қоғам мен тұрақты мемлекет қалыптастыру – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Осыған орай, қаламызда зиялы қауым, депутаттар мен белсенді азаматтардан жасақталған ақпараттық топ құрылды. Аталған топтың негізгі мақсаты жаңа Конституциямыздың жобасын кеңінен түсіндіруге бағытталып отыр, – деген қала әкімі көпшілікті саяси науқаннан шет қалмай, белсене атсалысуға шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.