Қалалық мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені аясында қалалық форум өтті.
Қоғамның тұрақты дамуы мен азаматтардың қауіпсіз өмір сүруі ең алдымен заң үстемдігіне, тәртіп пен жауапкершілікке тікелей байланысты. Құқықтық мәдениеті жоғары, саналы әрі белсенді жас ұрпақ – әділетті қоғамның негізгі тірегі. Осы мақсатта өткен форумды Жамбыл облыстық полиция департаменті мен қала әкімдігі ұйымдастырды.
Шараға қала әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев, Тараз қалалық полиция басқармасының бастығы Ардақ Мадимаров, ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Мұхаммед Қошмағанбетов қатысып, аталған тақырып бойынша баяндама жасап, атқарылған жұмыстарды көпшілікке таныстырды.
– Бүгін біз қоғамдағы қауіпсіздікті нығайтуға, құқықтық мәдениетті арттыруға және заңға деген құрметті күшейтуге бағытталған маңызды бастама – «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені аясында бас қосып отырмыз. Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында, қоғамдағы тәртіп пен мәдениет мәселесіне тоқталып, «Заң және тәртіп» қағидатын берік орнықтырудың маңызын атап өткен болатын. Әрине, жергілікті атқарушы органдардың қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі – идеология және тәрбие жұмыстары.
Қазіргі таңда құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында қаламызда нақты әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта 2025 жылы жастар мен студенттер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 89 іс-шара өткізіліп, оған 5 200-ден астам жас қатысты. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар мен буллингтің алдын алу үшін 9 арнайы жұмыс тобы құрылып, оқушылармен тікелей кездесу өткізілді. Нәтижесінде 71 мектеп пен 18 колледжде зерделеу жүргізіп, 14 328 білім алушымен кездесті, кездесулер барысында мектепішілік есепте тұрған және бейресми көшбасшы оқушылармен жұмыс атқарылып, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ұсыныстар беріліп, оларды жою жөнінде нақты шаралар қабылданды.
Салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттердің алдын алу бағытында 103 іс-шара ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам жас тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар БАҚ беттерінде кеңінен жарияланып, ақпараттық бейнероликтер мен баннерлер кеңінен таратылды.
Сондай-ақ отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бағытында 24 іс-шара ұйымдастырылды. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде күшейтіп, нақты нәтижеге қол жеткізу – басты мақсатымыз деп есептеймін, – деді Ұлана Сламбекқызы.
Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның іргетасы. Осы бағытта Тараз қаласының полиция басқармасы азаматтардың қауіпсіз өмір сүруі үшін тәулік бойы қызмет атқарып келеді. Бұл туралы басқарма басшысы да айрықша атап өтті.
– Өткен жылы Тараз қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар нақты шаралар қабылданды. Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде: көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың саны азайды, бейнебақылау жүйелері кеңейтілді, учаскелік полиция инспекторларының халықпен байланысы күшейтілді. Дегенмен, тұрмыстық құқық бұзушылықтар, интернет-алаяқтық, жол қозғалысы ережелерін бұзу сияқты мәселелер әлі де өзекті болып отыр. Полицияның негізгі мақсаты – тек қылмысты ашу емес, оның алдын алу. Осы бағытта мектептер мен колледждерде жастармен кездесулер өткізіліп жатыр. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жеке бақылау орнатылған, сондай-ақ мас күйінде құқық бұзушылық жасайтын тұлғалармен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек полицияның ғана емес, барша азаматтардың ортақ жауапкершілігі. Сіздерді кез келген құқық бұзушылыққа бейжай қарамауға, күдікті жағдайларды дер кезінде хабарлауға шақырамын. Полиция әрдайым ашық диалогқа дайын. Әрбір өтініш пен ұсыныс назардан тыс қалмайды. Заңды сақтау – қауіпсіз өмірдің кепілі. Бірлік пен өзара сенім болған жерде ғана тәртіп орнайды. Тараз қаласының полициясы сіздердің тыныштығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін адал қызмет ете береді, – деді Ардақ Тілегенұлы.
Сонымен қатар сала мамандары тақырыпқа сай бейнероликтер көрсетіп, көпшілікке ашық микрафон ұсынылды. Бұл формат қатысушыларға өз ойларын еркін білдіруге, көкейінде жүрген сұрақтарын тікелей сала мамандарына қоюға және нақты, түсінікті жауап алуға мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында заң мен тәртіп, қоғамдық қауіпсіздік, жастардың құқықтары мен міндеттері, интернет кеңістігіндегі қауіптер, құқық бұзушылықтардың алдын алу тақырыптары кеңінен қозғалды. Ал отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Диляфруз Кинжеханова отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және көмек көрсету шаралары туралы баяндады. Сондай-ақ экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Зарифжан Юсупов радикалды идеология мен діни ағымдардың дұрыс жеткізілуін қадағалау мәселелеріне тоқталса, ал есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Айгерім Каукешова есірткіге тәуелдіктен қалай сақтану, қылмыс құрбаны болмау жолдары туралы ақпарат берді.
Кездесу соңында мобильді топ керуен автобусымен қала көшелерін аралап, дауыс зорайтқыш арқылы аталған бағыттарда ескерту үндеулерін жасады. «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені алдағы уақытта да өңір аумағында жалғасын табады.