Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының өткен жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, 2026 жылға жоспарланған жұмыс барысы туралы сайлаушылармен есептік кездесуі өтті.
Аталған жиынға Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, қалалық мәслихат төрағасы мен депутаттары, құқық қорғау және сайлау процесіне қатысты уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, Тараз қаласы әкімі аппаратының басшысы мен Әулиеата, Жібек жолы аудандарының әкімдері, бас инспекторлары, қала әкімдігінің бөлім басшылары, қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің төрағалары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен орынбасарлары, хатшылары, Жас сайлаушылар клубының мүшелері қатысты.
Жиында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов өткен жылы қалада екі әкімшілік аудан құрылуына байланысты Байзақ, Жамбыл аудандарынан 15 сайлау учаскесі қосылғандығын және жаңадан 3 сайлау учаскесі құрылғанына тоқталды. Сонымен қатар комиссия төрағасы есептік кездесудің маңыздылығы, облыс көлеміндегі сайлау мәселелері, сайлау жүйесіндегі жаңа реформалар, сайлаудың ашықтығы мен жариялығы, кандидаттардың сенім білдірген адамдары мен саяси партиялар байқаушыларының құқықтары мен міндеттері, сайлаушылар тізімдерін өзектендіру жұмыстары туралы баяндады.
– ҚР Орталық сайлау комиссиясының және облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби деңгейін арттыру бағытында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Комиссия мүшелерінің сайлау жүйесіндегі білімі мен кәсіби біліктілігін шыңдауға арналған кезеңдік оқытулар, семинар-тренингтер, іскерлік ойындар және өзге де шаралар ұйымдастырылды. Өткізілген жиындарда сайлау процесін ұйымдастырушыларға сайлаудың заң талаптарына сәйкес өтуіне және оның ашықтығын қамтамасыз етуге басымдықтар берілді. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстағы барлық денгейдегі сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби деңгейі едәуір жоғарылады деп айтуға негіз бар. Оның айғағы – өткен алты жылда сайлау комиссияларының сайлауды даярлауға өкілеттігі бар мемлекеттік органдар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, ҚР Президентінің екі сайлауын, Парламенттің екі Палатасының, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының екі сайлауын, республикалық Референдумды және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ және аудан әкімдерінің сайлауын заң талаптарына сәйкес өткізуі.
Сонымен қатар жастарымыздың қоғамдағы рөлі мен олардың саяси белсенділігін арттыру мақсатымен өткен жылы өңірлерде Жас сайлаушылар клубтары құрылып, өз жұмыстарын бастады. Бір сөзбен айтқанда, Жас сайлаушылар клубтары диалог пен практикалық алаң ретінде қызмет атқарып, жастар тарапынан қолдау табуда. Олар білім беру квиздерін, комикстерді, интерактивті материалдарды, сондай-ақ мектеп, колледж және университет деңгейіндегі өзін-өзі басқару аясында түрлі жобаларды даярлап, жүзеге асыруда, – деді Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов.
Кездесу барысында қала әкімі Бақытжан Орынбеков те сөз сөйлеп, сайлаудың ел өміріндегі маңызына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар сайлау процесін заң талаптарына сәйкес ашық әрі әділ ұйымдастырып, өткізу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде қысқаша мәлімет берді.
– Сайлаушылар тізімінің сапалы жасақталуын қамтамасыз ету үшін сайлаушылар туралы мәліметтерді өзектендіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Биылғы 4 қаңтарда 292 380 сайлаушының тізіміне жасалған тексеру жұмыстарының нәтижесінде 782 қателік және «Жеке тұлға» мемлекеттік дерекқорымен салыстырғанда 64 сайлаушыға айырмашылық анықталды. Бұл бойынша жүргізілген зерделеу нәтижесінде сайлаушылардың сайлау учаскелері шекараға сай дұрыс қойылғаны, дегенмен аталған мекенжайлар картада басқа учаскелердің аумағын көрсетіп тұрғаны анықталды. Ал басқа облыстар мен аудандарға қоныс аударғандар, тіркеуден шығып кеткендер «iKomekshi» ақпараттық жүйесінің уақытылы жаңартылмауына байланысты қала сайлаушыларының тізімінде қалып қойған. Қателіктер мен айырмашылық бойынша «iKomekshi» ақпараттық жүйесіне қызмет көрсетуші «Sardala.com» компаниясымен жұмыс істеліп, кемшіліктер жойылды.
Сондай-ақ қаңтар айындағы салыстырып-тексеру жұмыстары барысында анықталған тіркеу коды жоқ – 366, тіркеу коды өзекті емес 526 мекенжай бойынша қала әкімінің аппараты тарапынан сәулет және қала құрылысы бөлімі, Әулиеата, Жібек жолы аудандарының әкімдіктерімен бірлесе жұмыс атқарылады.
Бүгінде сәулет және қала құрылысы бөлімі тіркеу кодтарының бар-жоқтығын, өзектілігін зерделеуде. Қорытындысы бойынша алгоритм әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізіледі. Жалпы, сайлау учаскелерінің 123-і – білім мекемелерінде, 15-і – денсаулық сақтау нысандарында, 5-еуі – мәдениет мекемелерінде, 10-ы басқа ғимараттарда орналасқан.
Сайлау учаскелерінің 134-і ғимараттардың бірінші, 19-ы екінші қабаттарында орналасқан. Мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау үшін сайлау комиссияларымен бірлесе үй-жайлар пандустар, тактильді жолақтар, арнайы бұрыштар және кабиналармен жабдықталады. Ал инватакси қызметіне 11 автокөлік қарастырылған. Сурдоаудармашылардың да қызметі ұсынылады.
2022 жылы қалалық бюджет есебінен 3,4 миллион теңгеге, 2024 жылы 19,5 миллион теңгеге қажетті жабдықтар алынды. Қалалық сайлау комиссиясы тарапынан ұсыным түсіп жатса, заңдылығына және бюджет мүмкіндігіне қарай қарастырылатын болады.
Алдағы уақытта да жергілікті атқарушы орган мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылы заңнама талаптары шеңберінде жүргізіледі, – деді шаһар басшысы Бақытжан Әмірбекұлы.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, көтерілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты әрі нақты түсіндірмелер берілді. Қатысушыларды толғандырған сауалдарға жауап беру арқылы сайлау процесіне қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Кездесуде Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов пен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков өткен сайлау науқаны кезінде жоғары ұйымдастырушылық қабілет пен жауапкершілік танытқан комиссия мүшелерін Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының және қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ