Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ұлағатты ұстаздар ұлықталды

0 47

Қай заманда болсын елдің ертеңін айқындайтын ең басты күш – білімді ұрпақ, ал сол ұрпақты тәрбиелеп, үлкен өмір жолына дайындайтын абыройлы тұлға ұстаз екені белгілі. Ұлағатты мұғалімнің еңбегі қандай биік бағалауға да лайық, өйткені олар жас буынның жүрегіне жарық сәуле құйып, көзіндегі үміт отын маздатады, арманы мен мақсатына бастайтын бағыт-бағдар береді.

Бүгінде ұстаздың мәртебесін көтеріп, қоғамдағы рөлін арттыру – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл бағытта өңірде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар өз жемісін беріп, жамбылдық педагогтар еліміздің білім саласындағы ең жоғары марапаттар мен кәсіби байқауларда үздік нәтижелер көрсетіп келеді.
Осыған орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің үздік педагогтарымен кездесіп, оларды кәсіби жетістіктерімен құттықтады.
– Халқымыз «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп бекер айтпаған. Адам өмірінде ерекше із қалдырып, жүрегінен мәңгілік орын алатын тұлға – ол ұстаз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде білім саласын дамытуға, педагогтардың мәртебесін арттыруға, кәсіби деңгейін көтеруге айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесін сіздердің бүгінгі жетістіктеріңізден, биік кәсіби белестеріңізден айқын көруге болады. Дарынды да тәрбиелі шәкірттеріңіз көбейе берсін! – деді Ербол Шырақпайұлы өз құттықтау сөзінде.
Айта кетейік, өңірде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған 7 педагог бар. Биыл бұл жоғары марапатты облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының математика пәні мұғалімі Мұхтар Талқанбаев иеленді.
2025 жылы республикалық «Үздік педагог» конкурсында өңірдің 3 ұстазы жеңімпаз атанды. Сонымен қатар халықаралық және республикалық байқауларда 113 педагог топ жарды. Бұған дейін жалпы 55 педагог «Үздік педагог» атанса, оның 22-сі – ауыл мектептерінің мұғалімі.
Жамбылдық оқушылар да биыл жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Айталық, республикалық ғылыми жобалар байқауында 16 жыл қатарынан «Үздік команда» атанып келеді. Бұдан бөлек, республикалық олимпиадада «Үздік олимпиадалық команда» атағына ие болды.
Салтанатты шара барысында білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар ұстазға облыс әкімінің Алғыс хаты, «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және қаржылай сертификаттар табысталды.
Кездесуде «Дарын» лицей-интернатының математика пәні мұғалімі Мұхтар Талқанбаев пен Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының тарих пәні мұғалімі Тоғжан Лаубай сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен құрмет үшін алғыс айтты.
Іс-шара естелік суретке түсумен қорытындыланды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.