Кәсіподақ мүшелеріне құқықтық қызмет көрсету Тараз қаласында жүйелі жүргізіліп келеді. Өйткені мұнда бастауыш кәсіподақ ұйымы да, мүше саны да аудандарға қарағанда анағұрлым көп. Мәселен, Тараз қаласының құқықтық инспекторлары тарапынан биыл 1 424 кәсіподақ мүшесіне еңбек қатынастарына сәйкес құқықтық қызмет көрсетілген.
Жалпы Тараз қаласында 141 бастауыш кәсіподақ ұйымында 16 103 кәсіподақ мүшесі бар.
Тараз қаласы бойынша құқықтық инспектор Арман Стыбаевтың айтуынша, биыл кәсіподақ мүшелерінен 205 жазбаша өтініш түсіп, 1 202 адамға құқықтық кеңес берілген. Оның 749-ы жеке қабылдауда жүзеге асырылған. Ал кәсіподақтық бақылау және тексерулері бойынша 10 айда 8 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 4 жазбаша ұсыныс жолданып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары қалпына келтірілген.
– Еңбек қатынастарын реттеу мақсатында біздің тарапымыздан жүргізілген кәсіподақтық бақылау және тексерулер шеңберінде бірнеше мектептен бірқатар бұзушылықтар анықталды. Атап айтсам, №14 орта мектеп мұғалімі А.Өмірбаеваның өтініші негізінде ұжымдық шарт талаптарын сақтау бойынша ұсыныс беріліп, «әдістемелік күн» бекітілді. №36 мектеп әкімшілігі тарапынан педагогикалық этиканың бұзылуына байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. №5 мектеп-гимназияда Б.Ашекеевтің өтініші негізінде тексеру жүргізіліп, біліктілік санаты бойынша әділ шешім қабылданды. №35 мектепте мұғалім Е.Шумоваға қатысты тәртіптік жаза заңсыз деп танылып, бұйрық жойылды. №42 мектепте мұғалім У.Бухарбекованың өтініші негізінде еңбек демалысы мен курс уақытына қатысты бұзушылықтар жойылды. №1 бөбекжай-бақшасы мен №5 мектеп-гимназиясында педагогикалық этиканы сақтау бойынша түсіндіру және бітімгерлік кездесулер өткізілді. Сондай-ақ еңбек қатынастарын түсіндіру аясында қалалық комитет пен білім бөлімі бірлесе №1 бөбекжай-бақшасы, №35 мектеп, №28 мектеп және №4 мектеп ұжымдарымен, ата-аналармен кездесулер өткізіп, еңбек заңнамасы мен педагогикалық этика мәселелері таныстырылды. Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясында прокуратура және ІІБ өкілдерімен бірлесіп семинар өтті. №66 орта мектепте құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша дене шынықтыру мұғалімдері мен директор орынбасарларына арналған семинар ұйымдастырылды. Білім бөлімі және әдістемелік кабинетпен бірге ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №32 және №57 бұйрықтары мен педагогтарды аттестаттау қағидасына енгізілген өзгерістер жөнінде бірнеше семинарлар ұйымдастырылып өткізілді, – дейді Арман Стыбаев.
Сонымен құқықтық инспекторлар Тараз қаласында өткен 10 айда кәсіподақ мүшелерінің өтініштері негізінде 5 талап арыз және 6 процессуалдық құжат сот органдарына жолданған. 4 іс кәсіподақ мүшелерінің пайдасына шешіліп отыр. Атап айтсақ, №39 бөбекжай-бақшасына «Прогресс Технолоджиз» ЖШС артық аударған 39 906 теңге, №29 бөбекжай-бақшасына ЖК «Ким Павел Робертович» қате аударған 80 000 теңге қайтарылды. №5 мектеп мұғалімі Б.Ашекеевтің ісі қанағаттандырылмады. №49 мектеп мұғалімі Р.Садуановтың әкімшілік талабы қанағаттандырылып, қамқорлығындағы азаматтың тұрғын үй кезегі заңды деп танылды. Ұжымдық шарттар және ұсыныстар бойынша 2025 жылғы 20 қаңтарда 2024–2026 жылдарға арналған ұжымдық шартқа қосымша келісім жасалды. Нәтижесінде, ПББ кезеңінен өте алмаған педагогтердің біліктілік санатын төмендету тәртібі нақтыланды. Мектеп автобус жүргізушілеріне 50 пайыздық қосымша ақы бекітілді.
Саян Тілеужан